Пәлсапа пернелері
ЛЕВ НИКОЛАЕВИЧ ТОЛСТОЙ (28 тамыз/9 қыркүйек, 1828 жыл, Ресей империясы, Ясная Поляна – 7 қараша/20 қараша, 1910 жыл, Ресей империясы, Тамбов губерниясы, Астапово станциясы)
Атақты орыс жазушылары мен ойшылдарының арасындағы әлемдік деңгейдегі биік тұлға, граф. Севастопольді қорғау шайқасына қатысушы. Ағартушы, публицист, діни ағымдағы ойшыл, оның беделді көзқарастары жаңа адамгершілік-имандылық бағыттағы – толстовстваның пайда болуына әкелі. Императорлық ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі (1873), сөз қорын сақтау бойынша құрметті академик (1900).
Шығармалары:
Л.Н.Толстой «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» сияқты еңбектерді жазды, оның «Құдайдың құдіреті біздің ішімізде» еңбегінде жазып-көрсеткен күш көрсетпеу идеясы кейін Махатма Ганди және мартин Лютер Кинг сияқты қоғам қайраткерлерінің істеріне айталықтай ықпал етті.
Жазушы философиясының басты мәселелері – адамның руханилығы мен адамгершілігі мәселелерін талдады және бұл тақырыпты өзін қатты мазалаған, өмірінің соңына дейін санасы мен жанына тыныштық бермеген экзистенциалдық мәселе адам өмірінің мәні контекстінде қарастырды. Өз өмірінің негізгі кезеңдеріне шолу жасай отырып, өмірінің мәні туралы сұраққа жауап іздеуге тырысқан л.Толстой өз жанының күйзелісі арқылы бізге осы мәселенің бүкіл трагедиялық сипатын жеткізеді. Адамзат тарихынан өшпес орын алған тұлға, керемет классикалық дүниелердің авторы ретінде өзін әлемге танытқан ұлы жазушы «Не үшін өмір сүрдім?» деп қиналады, сұрағына жауап таба алмай аласұрады, ғылыми-философиялық тілмен айтсақ, гиперрефлексияға ұшырайды. Өзінің бұл жағдайын жазушы өте дәл суреттейді: «...сұрақтарға жауап бере алмай қор болдым. Өмірім тоқтады. Мен дем ала алмадым, тамақ іше де, ұйықтай да алмадым. Өмір мені тойдырды, одан құтылғым келді. Өзімді өлтіргім келді деп айта алмаймын, бірақ мен өмірден қаштым».
Жазушыны таңдандырған бір нәрсе – осы мазасыз өмірмәндік қиналыстың оның бақытты өмір сүруіне қажетті нәрсенің бәрі жеткілікті кезеңде – сүйікті әйелі, тамаша балалары, бай имениесі бар, ортасына сыйлы, рухани күшті, дені сау, әлі 50 жасқа толмаған кезеңде мазалауы. Философиялық тұрғыдан талдасақ, ол заңды құбылыс. Гиперрефлексия ой еңбегімен айналысушы адамдарға көбірек тән, сондықтан да Толстой секілді ғұламаның жан күйзелісі түсінікті. Бұл жазушының рухани дүниесінің тереңдігін көрсететін өзін-өзі танып, білу қызметінің ерекшелігінің дәлелі. Мұндай адам өмірінің мәні мәселесінің тұңғиығына бойлаған сайын өзіне көңілі толмаушылық пен мазасыздық күшейе түседі, шым-шытырық ойлар мен түсініктер әлемінде шарқ ұрған жан тығырыққа тіреліп, өмірдің шекаралық жағдайына душар болады. Ол адам үшін қауіпті, себебі тұлға қалыптасқан құндылықтар бағытынан адаса бастайды, күнделікті практикалық қызметке деген қабілеті төмендейді. Осы кезде адамға даналыққа, парасатқа негізделген философия ғылымының көмегі қажет. Әрине, философия өмірдің мәні мәселесін түбегейлі шешіп береді деуге болмайды, бірақ философия құбылысты түсінуге, оған белгілі бір көзқарас қалыптастыруға көмектесіп, өмірге деген жаңа талпыныс, күш береді.
Л.Толстойдың өзі өмірмәндік мәселені сенім категориясы арқылы шешеді: «Менің ойымша, өмірдің мәні – сенім. Сенің адамға күш береді». Сенім категориясын қалыптасқан пікір бойынша діни сеніммен шектеуге болмайды. Толстой өз шығармаларында сенім категориясының бай мазмұнын көрсетеді, өмірмәндік мәселені дін, руханилық, адамгершілік мәселелерімен байланысты қарастырады. Жазушы туындыларының негізгі желісі де осы, яғни Л.Толстой үшін өмірдің мәні сенімде. (жалғасы бар)
баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 15 | |
Всего комментариев: 0 | |