Пәлсапа пернелері
ВЛАДИМИР СЕРГЕЕВИЧ СОЛОВЬЕВ (16 қаңтар/28 қаңтар, 1853 жыл, Мәскеу – 31 шілде/13 тамыз, 1900 жыл, Мәскеу губерниясы, Узкое елді-мекені, Ресей империясы)
Философиялық көзқарастары:
Соловьев болмыстың диалектикалық тәсілін қолдады. Оның пікірінше, шындықты қатып қалған формасында қарастыруға болмайды. Барлық тіршіліктің ең жалпы белгісі өзгерістердің алмасуымен сипатталады. Болмыстың үздіксіз динамикасын негіздеу үшін ол белсенді идеялармен қатар әлемдегі барлық субъекті түрінде көрінетін әлемдік жан деген белсенді бастауды енгізеді. Бірақ ол өз алдына дербес әрекет етпейді, бұл әрекет Құдайдың құдіретін керек етеді. Бұл құдірет Құдайдың әлемдік жанға, оның барлық әрекетін анықтаушы форма ретіндегі жалпы тұтастық идеясын беруінен көрінеді.
Соловьев жүйесіндегі бұл мәңгілік идеясы София – даналық атауын алды. София – Соловьев жүйесіндегі негізгі ұғым. Сондықтан оның ілімі софиология деп аталады. София ұғымын енгізгенде Соловьев бұл әлемнің тек Құдайдың ғана жаратылысы емес екендігін айтқысы келеді. Әлемнің негізі мен мәні Құдайға, әлемге және адамға жалпылық беретін жаратушы мен жаратылыс арасын байланыстырушы буын ретінде қарастырылатын «Әлемдік жан» - София болып табылады.
Құдайдың, әлемнің және адамның жақындасу тетігі Соловьевтің философиялық ілімінде құдайадам концепциясы арқылы ашылады. Құдайадамның нақты және толысқан үлгісі ретінде христиандық догмат бойынша әрі толық адам болып саналатын Иисус Христос болып табылады. Оның бейнесі әрбір индивидтің ұмтылуы тиіс идеалы ғана емес, бүкіл тарихи үдеріс дамуының жоғарғы мақсаты болып табылады.
Соловьевтің тарихы, софиясы осы мақсатқа негізделеді. Бүкіл тарихи үдерістің мақсаты мен мәні адамзаттың рухтануы, адам мен Құдайдың бірігуі, құдайадамның кейпіне ену болып табылады.
Соловьевтің пікірінше, тек Иисус Христос бейнесіндегі құдіреттілік пен адамзаттылықтың бірігуі, яғни «құдіретті сөз» арқылы бірігу жеткіліксіз.
Бұл бірігу практикалық тұрғыда, онда тек жекелеген адамдарда (әулиелерде) ғана емес, бүкіл адамзаттық деңгейде жүзее асуы тиіс. Құдайадамға алып баратын жолдағы бастапқы алғышарт христиандыққа бет бұру, яғни христиан дінін қабылдау. Құдайдың шапағатына ие бола алмаған адамдар қара күш ретінде сипатталады. Христос адамға жалпы моральдық құндылықтарды ашып берді, адамгершілікті жетілдіруге жағдай жасап берді. Христос іліміне құлақ түре отырып, адам өз бойында киелі рухты сезінеді. Бұл үдеріс адамзат өмірінің барлық кезеңдерін қамтиды. Адамзатты біріктіруші бастау ретінде Құдай адам кейпіне енген кезде бейбітшілік пен әділеттілік, ақиқат пен жақсылық салтанат құрады.
Соловьевте адамшершілік философиясы сүйіспеншілік философиясына көшеді. Жоғары сүйіспеншілікпен салыстырғанда барлығы төменгі деңгейде, сондықтан тек сүйіспеншілік қана мәңгілікті қажет етеді. Құдіретті сүйіспеншілік арқылы жеке индивидуалдылық бекітіледі.
Құдіретті әлем туралы Соловьевтің ойы мынадай: Киелі құдіретті әлем – бұл ең нағыз шындық әлем, бұл әлем бүкіл дүниенің ұмтылатын идеалды тұтастығы. Құдаймен сәйкес келетін ақиқаттың өзі. Шынайы болмысқа заттай болмыс қарсы келеді. Әлемдік үдерістің міндеті табиғи болмысты идеялардың жалпы тұтастығына және шынайы, құдіретті болмысқа сәйкес келтірумен сипатталады.
Соловьевтің ұлттық өзіндік сананың «орыс идеясы» сияқты феноменін дамытуға үлкен үлес қосқандығын айта кету керек. Орыс философиялық ойының төлтумалылығын көрсететін идея ретіндегі «орыс идеясы» туралы бұған дейін айтылды. Және бұл төлтумалылық Христиандықпен байланыстырылады. Соловьевтің тұжырымындауынша, орыс идеясы мен Ресейдің парызы әлеуметтік Үштікті (киелі Үштікпен ұқсас) – шіркеудің, мемлекеттің және қоғамның органикалық тұтастығын жүзеге асырумен сипатталады. Христиандық Ресей христің өзіне еліктей отырып, «Ғаламдық шіркеуді» өзіне бағындыруы тиіс. «Орыс идеясының» бұл бейнесінде Соловьев Ресейдің бүкіл тарихының бір мазмұнға біріктіреді: «Қасиетті Русь» идеясы («Мәскеу – үшінші Рим» концепциясы), «Ұлы Русь» идеясы (Ұлы Петрдің реформаларымен байланысты) және «Еркін Русь» идеясы (негізін желтоқсаншылар қалаған).
Философиялық афоризмі:
Шын патриоттың адамгершілік парызы – адамзаттың ішінде жүріп халқына, халқының арасында жүріп адамзатқа қызмет ету.
баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 16 | |
Всего комментариев: 0 | |