Пәлсапа пернелері

ФРИДРИХ ЭНГЕЛЬС

(28 қараша 1820 ж., Бармен, қазіргі Вупперталь – 5 тамыз 1895 ж., Лондон)

Неміс философы, марксизмнің негізін қалаушылардың бірі, Карл Маркстың досы әрі жақын әріптесі.
Маркстің еңбек адам санасы қалыптасуы мен дамуының материалдық негізі деген, сондай-ақ, адамзат қоғамы дамуындағы экономиканың басымдығы туралы идеялары Ф.Энгельстің еңбектерінде жалғасын тапты. 

 
Шығармалары:
«Анти-Дюринг» (1876-1878 ж.ж.), «Табиғат диалектикасы» (1873 ж.), «Маймылдың адамға айналу үдерісіндегі еңбектің рөлі», «Отбасының, жеке меншіктің және мемлекеттің шығу тегі» (1884 ж.) және т.б.
Ф.Энгельс өзінің осы соңғы еңбегінде қоғамдағы отбасы мен әйел статусының  меншік формалары мен өндіріс тәсілдері эволюциясы ықпалымен тарихи даму барысында өзгерістерге ұшырағанын дәлелдеуге тырысады. Ф.Энгельс отбасы мен неке формаларының эволюциясы қандай жолмен жүзеге асатынын, әйелдер эксплуатациясы мен маргиналдануының күшейгенін жан-жақты ашып берді. ф.Энгельс экономика негізіндегі гендерлік рөлдердің (еркек және әйел) айырмашылығы туралы пікірталас қалыптасыуна ықпал етіп, әйел статусы мен оның эмансипациясы, дәстүрлі неке институтының өзгерісі мен әйелдердің еркектерге бағыныштылығын жою туралы мәселелерді көтереді.
Ф.Энгельс сондай-ақ табиғат диалектикасы, болмыс субстанциясы ретіндегі материя туралы идеяларды, материя қозғалысы формаларының классификациясын, материя атрибуттары ретіндегі уақыт пен кеңістік туралы жағдайды, әлемнің материалдық тұтастығы туралы идеяларды жасап шығарды («Анти-Дюринг», «Табиғат диалектикасы»). Ф.Энгельстің пікірінше, диалектика – бұл табиғаттың, қоғамның және адамзат ойлауының жалпы байланысы мен дамуы туралы ілім. Диалектикалық даму – бұл материалдық үдерістердің, қоғамдық жүйелердің, сондай-ақ, теориялық идеялар өзгерісінің күрделі, қайшылықты, үдемелі үдерісі. Сонымен, бүкіл әлем – бұл өзгерістер мен алмасулардың үнемі және шексіз үдерісі, ал осы өзгерістердің қайнар көзі қарама-қайшылықтардың күресі болып табылады. Ф.Энгельс «Анти-дюрингте» диалектикалық дамудың жалпы заңдары сипаттамасына арнайы тоқталады: қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күресі заңы, сандық мөлшерден сапаға көшу заңдылығы, терістеу заңы.
Егер қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күресі өзгерудің өзіндік қозғалысы механизмін ашса, саннан сапаға өту заңы жаңаның қалыптасу механизмін сипаттаса, ал соңғысы, яғни терістеу заңы даму бағытын сипаттайды. Бұл заңдар тұрғысында даму бағыты бар, үдемелі, қайшылықты, секірмелі және кері қайтпайтын сипаттағы жаңа түзілімдер үдерісі ретінде, өзіндік даму ретінде көрінеді. Сонымен, Энгельстің ойы бойынша диалектика оның қандай екендігіне (онтология), қалай ол танылатындығына және санада бейнелеу формасына (таным теориясы мен диалектикалық логика) қарай даму туралы ілім болып табылады. Диалектика философиясының үш бөлімінің тұтастығы болып табылады: онтология, гносеология және диалектикалық логика. Диалектикалық логиканың өзі дамушы теориялық ойлау заңдары туралы ілім. Ал теориялық ойлау адамның практикалық әрекетін идеалды – щығармашылық және сыни тұрғыда қайта қалпына келтіру болып табылады. Осылай адам практика жүзінде «нені» және «қалай» өндіретінін білуге қабілетті. Қозғаушы күштерге, негіздерге, шарттарға теориялық талдау жасау негізінде және пркатикалық әрекет арқылы әлемді түбірімен өзгертуге болады. Осылайша, табиғатты, қоғам мен ойлауды теориялық философиялық талдау Энгельсті адамзат қауымдастығы өмірінде экономика басым рөл атқарады деген ойға әкелді, ал сана мен оның мазмұнына талдау алғаш рет адамзат әрекетінің заттанған формаларын игеру арқылы жүргізілді. 

 
Философиялық көзқарастары:
Егер Маркс қоғамда әлеуметтік қайта құру жолымен адам санасын өзгертіп, «әлеуметтік психоаналитик» (Э.Фромм) ретінде көрінсе, ал Энгельс табиғат пен қоғам философиясын белсенді-шығармашылық және теориялық ойлаудың материалдық негізі ретінде дәлелдеуге тырысты. Бұл теориялық ойлау өзінің материалдық-табиғи негіздерін ішкі логикамен ұғынған жағдайда әлеуметтік қайта құрылымдар жасауға қабілетті. Сонымен, К.Маркс пен Ф.Энгельстің қоғам, табиғат және теориялық ойлау заңдылықтарын ашуы, қоғамдық дамуы барысындағы экономика басымдылығын түсіндіруі, индивид санасының заттай практикалық әрекетке тікелей бағыныштылығын дәлелдеуі және тағы басқа идеялары батыстық әлемнің көптеген ойшылдарына жақтаушылық жағынан болсын, даттаушылық жағынан болсын, өзінің теориялық-идеялық ықпалын тигізді.

 
Философиялық афоризмдері:
Мәжбүрлеудің кез келген түріне қарсылық жасау адамгершілік парызға жатады.
* * *
Кісі оның не істеп жатқанымен ғана емес, сондай-ақ оның мұны қалай істеп жатқанымен сипатталады.

баспаға әзірлеген                                           

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (03/06/2024)
Просмотров: 37 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: