Пәлсапа пернелері
ГЕОРГ ВИЛЬГЕЛЬМ ФРИДРИХ ГЕГЕЛЬ (27 тамыз 1770 ж., Штутгарт – 14 қараша 1831 ж., Берлин) Неміс философы, неміс классикалық философиясының және романтизм философиясының жасаушысы. Диалектикалық идеализмнің универсалды жүйесін және диалектикалық логиканы (диалектикалық әдісін) құрды.
Философиялық шығармалары:
«Рух феноменологиясы» (1807), «Құқық философиясы» (1821), «Дін философиясы», «Философия ғылымының энциклопедиясы» (116), «Табиғаттың философиясы», «Рухтың философиясы», «Тарих философиясы», «Эстетика бойынша лекциялар», «Философия тарихы бойынша лекциялар», «Логика ғылымы» (1812-1816) және тағы басқа да ғылыми еңбектердің авторы.
Философиялық көзқарастары:
Гегель өз философиясының бастамасы етіп абсолют идеясын алды. Абсолют – Құдай барлық заттарда бар, бірақ тек таза ақыл-ойда ғана өзіне өзі тең болады. Абсолюттік идея – нағыз шындық, болмыс және барлық материалдық денелердің түп-негізі және мәні. Оның негізгі атрибуттарының бірі – әмбебап жалпылық. Ол тұрақты және мәңгі. Абсолюттік идеяға әрекетшілдік тән, себебі ол – таза ақыл-ой, ақыл-ой әрекетшіл болмаса, өмір сүре алмайды. Осы қасиетінің арқасында ол жай ақыл-ой болып қалмайды, материалдық денелерге айналады. Бұл процесс төменде көрсетілгендей жүзеге асады: рух өзінен табиғат туралы таза ойын босатып, заттандырады және сол заттандырылған табиғаттың өзінде өзінің басқа болмысы ретінде сақталады. Сөйтіп, ол өзінің диалектикалық мәнін көрсетеді. Таза ақыл-ой дамуының диалектикасы табиғаттың, қоғамның, адамның ойлау қабілетінің жалпы заңы болып табылады. Осыдан келіп, Гегель табиғаттың, қоғамның, адам ақыл-ойының әртүрлі даму кезеңі абсолюттік идеяның әртүрлі даму сатысына саяды деген тұжырым жасайды. Даму процесі, Гегельдің пікірінше, белгілі бір кестемен жүзеге асады: тезис (нақтылану), антитезис (нақтылануды теріске шығару), және синтез (терістеуді терістеу). Айталық, материалдық денелердің пайда болуы тезис болса, олардың күйреуі – антитезис, ал күйреп бара жатқан денелердің өзінің кейбір элементтерін сақтай отырып, басқа бір материалдық денелерге айналуы синтез болады. Табиғат пен қоғам дамуының қайнар көзі – абсолюттік идеяның өзіндік дамуы.
Дамудың белгілі бір сатысына жеткенде, өзін-өзі заттандырған абсолюттік идея ұйқыдан оянып, табиғаттағы өзін философия, ғылымдар арқылы танып-білуге бел байлайды. Бұл процесс абсолюттік идеяның мақсаттылыққа құштарлығын көрсетеді. Өйткені абсолюттік идеяның әуел бастан-ақ негізгі мақсаты – ақиқатқа жету, ал ақиқаттың өзі абсолюттік идеяның өзі болғандықтан, бұл мақсатын жалпы дүниежүзілік тарихтың даму процесіндегі адамдардың іс-әрекеті негізінде жүзеге асырады. Демек, таным процесі дегеніміз – антропологиялық адамдарға «таза ақыл-ой санасының енуі» (феноменология дегеніміз осы) арқасында адамдар танып-білуші – субъектіге айналып, объектіні (өзінің басқа түрін) тануға ұмтылады да, өзімен (абсолюттік идея субъект ретінде) табиғаттың (абсолюттік идея объект ретінде) арасында ешқандай айырмашылықтың жоқ екенін байқайды. Ал объект табиғат үстіндегі жамылғысын ысырып тастап, өзінің ақылды екенін түсініп, ақиқат тілімен сөйлей бастайды. Сөйтіп, танып-білуші рух та, танылуға тиісті рух та өзгереді. Бір жағынан, танылған заңдылықтар, қасиеттер объектіні абсолюттік идеяның бұрынғы, абсолюттік идеяның бұрынғы, «өзінде болған» кезінен басқаша қылып өзгертсе, екінші жағынан, танымның өзі байып, жаңа сатыға көтеріледі. (жалғасы бар)
баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 31 | |
Всего комментариев: 0 | |