Пәлсапа пернелері
ФРИДРИХ ВИЛЬГЕЛЬМ ЙОЗЕФ ФОН ШЕЛЛИНГ (27 қаңтар 1775 ж. – 20 тамыз 1854 ж.) Немістің классикалық философы. Йендік романтиктерге жақын болды. Жаңа дәуірдегі идеализмнің көрнекті өкілі. Канттың, Спинозаның, Фихтенің ілімдерінің кейбір идеяларын дамыта отырып, өзінің табиғи күштер иерархиясының спекулятивтік натурфилософиясы ілімін қалыптастырды.
Философиялық шығармалары:
«Трансценденталдық идеализмнің жүйесі», «Адам бостандығының мәні туралы» және т.б.
Философиялық көзқарастары:
Шеллингтің пікірінше, материя дегеніміз рухани зат. Бірақ санасы жоқ табиғат адам санасының пайда болуынан бұрын өмір сүрген. Санасы жоқ табиғаттан саналы адамға айналу процесі көптеген бірінен бірі жоғары даму сатыларынан өтеді. Табиғаттың даму себептерін, оның өзіндегі шындығында да өмір сүретін, қарама-қайшылықтарды табу арқылы түсініп, зерттеп білуге болады.
Шеллинг табиғат дамуын кейбір жағдайда диалектикалық тұрғыдан қарастырғанына қарамастан, оларды шын мәнінде механикалық қозғалыс немесе механикалық даму деп есептеген. Өзінің осы натурфилософиялық ілімін Шеллинг трансценденталдық философия ілімімен толықтырады. Бұл ілім бойынша, субъективтілік – алғашқы бастама, қайнар көз, абсолют ретінде барлық мәнділіктің, нақтылықты жалғыз ғана негізі. Бірақ әңгіме сезінудің, немесе ақыл-ойдың субъективтілігі туралы емес, керісінше, танымның ерекше құралы – ақыл-ойдың заттарды тікелей бақылауы туралы болып отыр.
Шеллинг өзінің осы таным тәсілін «Интеллектуалды интуиция» деп атаған. Эмпирикалық нақтылық заттарында бірде табиғат заттары, бірде рух көрініс табады. Демек, олар бір-бірімен тепе-тең жағдайда болады. Табиғат пен рухтың тепе-теңдік идеясы Шеллинг философиясының басты және негізгі проблемасы болып табылады. Бұл мәселені түсіну үшін, алдымен, абсолюттік ақыл-ой дегеніміз не екенін түсініп алуымыз керек. Абсолюттік ақыл-ойда субъект пен объект бір-бірімен ажырамастай бірлікте. Себебі субъектіде объектіні ойлайтын да, объект ретінде субъектіге байланысты өмір сүретін де – сол абсолюттік ақыл-ойдың өзі. Осындай абсолютте барлық қарама-қайшылық (субъект пен объектінің, табиғат пен рухтың, т.б.) жойылып, идеалдылық пен нақтылық тепе-теңдігіне айналады. Демек, ақыл-ойдың санасы дегеніміз – Құдайдың өзіндік санасы, себебі Құдайдың өзі – ақыл-ой. Басқаша айтқанда, Шеллинг Құдайды жеке тұлға ретінде қарастырады. Жеке тұлға Құдай мен жеке тұлға адамның айырмашылығы. Құдай жеке тұлға, бостандық ретінде шексіз болса, адамда бұл аталған құбылыстар шектеулі. Жалпы әлемдік нақтылық не табиғат, не рух ретінде көрінеді. Олай болса, табиғат патшалығы пен рух (тарих) патшалығы біріне кейін бірі орналасқан қатар (даму) түзейді, ал олардың жеке сатылары «потенция» (мүмкіндік( деп аталады. Осы жеке сатылардың – потенциялардың бір-біріне туысқандық қатынастары, олардың ортақ түрі абсолютке байланысты. Демек, потенциялар (жеке сатылар) бір-біріне туындамайды, керісінше, оларды өзінен абсолют шығарып, өзінің толық ашылғандығын көрсетеді.
Өзінің соңғы шығармасында Шеллинг дін тарихын метафизика тұрғысынан қарастырып, дінге және мистикаға бет бұрып, «кездейсоқ жағдайда ақиқатты философия тұрғысынан ашу» ілімін жұрт алдында насихаттауға талпынады. Сөйтіп, ол рационализмнің шектен шыққан түрінен мистика мен иррационализмге бет бұрып, өзінен кейін қалыптасқан иррационалистік философиялық бағытың негізін қалаушы болады.
баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 46 | |
Всего комментариев: 0 | |