ШАРЛЬ-ЛУИ ДЕ СЕКОНДА БАРОН ЛА БРЕД И ДЕ МОНТЕСКЬЕ (18 қаңтар 1689 ж., Ла-Бред Жиронда, Франция – 10 ақпан 1755 ж., Париж) Француз жазушысы, құқықтанушы әрі философ, деизм және механикалық материализм өкілі.
Философиялық шығармалары: «Фарсылық хаттар» романының, «Римдіктердің ұлылығы мен күйреуінің себептері туралы пікірлер», «Энциклопедиялар, немесе ғылымдардың, өнерлердің және қолөнерлердің Түсіндірме сөздігі» мақалаларының авторы.
Философиялық көзқарастары: Монтескье әр халықтың және елдің заңдарын, саяси өмірін табиғи және тарихи жағдайлардың ерекшеліктерінен деп түсіндіреді. Заңдар табиғи және қоғамдық болып екіге бөлінеді. Табиғи заңдарға әр елдің табиғат ерекшеліктеріне байланысты (ауа райы, жер-реңі, т.б.) қалыптасқан психологиялық мінез-құлықтар жатады. Бұл заңдылықтар – мәңгі, өзгермейді. Осы заңдар негізінде өзгермелі қоғамдық заңдар қалыптасады. Мемлекеттік басқару ісі билеуші бекіткен қоғамдық заңдар бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Билеу түрінің өзі мемлекеттің жер көлемінің үлкен-кішісіне қарай әртүрлі болуы мүмкін. Осыған орай Монтескье үлкен мемлекеттер үшін – деспоттық, орта көлемді елдер үшін – монархиялық, ал шағын көлемді елдер үшін демократиялық билеудің түрлері тиімді деп есептейді. Оның пікірінше, билік бөлініп: заң шығарушы, атқарушы және сот биліктері дербес, бір-біріне тікелей бағынбайтын болып қызмет атқарулары керек. Монтескьенің саяси-әлеуметтік ілімдері қоғам дамуының қозғаушы күштерін айқындауға, қоғамдағы болашақ реформалардың тиімді жолдарын қалыптастыруға негізделгендіктен, оның біршама ойлары кейінгі ойшылдарға, саясатшыларға зор әсер етті.
Философиялық афоризмдері: Балалардың бойында атамекенге деген сүйіспеншілік сезімін оятудың ең жақсы құралы – бұл сезімнің олардың әкелерінің бойында болуы. * * * Адамдар да өсімдік тәрізді, жақсы күтілмесе, жайнап өспейді. * * * Кітапты оқуды жақсы көру дегеніміз – тіршілікте болмай тұрмайтын жабырқау сағаттарды таптырмайтын рахатқа бөлеу деген сөз. * * * Бостандық дегеніміз заң бойынша рұқсат етілгеннің бәрін жасау құқы. * * * Бай адамның жақсы азамат болуы қиынның қиыны. * * * Бидік құмар адам мемлекет мүддесінен гөрі өз пайдасын көбірек ойлайды. * * * Платон өзінің парызын орындағаны үшін сыйлық алушыларды өлім жазасына кесу керек деп талап еткен. * * * Жолдан таюдың екі түрі бар: біреуі – халықтың заңды орындамауы, екіншісі – заңның халықты бұзуы: соңғысын емдеу қиын, өйткені дәрінің өзі дімкәс қой. * * * Адамдар жалпы үміт пен қорқынышқа тым әуес келеді. * * * Қарама-қайшылық кемшіліктің ғана емес, артықшылықтың ғана белгісі. * * * Награда үлестіру іріп-шірудің бір белгісі десе де болады. Ең нашар императорлар ең көп награда таратушылар ретінде аты шыққан. * * * Деспот билік құрған жерде жақсы ойлар да, жаман ойлар да бірдей зиянды. Өйткені, онда бірдеңені сөз етудің өзі басқару қағидатына қайшы келеді. * * * Еркін елде көбіне кімнің, нені, қай саққа жүгіртіп, қалай сөз етіп жүргенінде ешкімнің ісі болмайды. Әйтеуір аузыдарына құм құйылмаса болды. Өйткені, олардың емін-еркін сөйлеуі сол сөздердің жамандыққа жетелеуіне жол бермейтін жақсы ахуал туғызады. * * * Заң аясында және әділдік туы астында жүзеге асырылатын озбырлықтан асқан қатал жөнсіздік жоқ. * * * Дүниеде бар нәрсенің бәрінің өз заңдылығы бар. * * * Меніңше, бірге жиналған жерде ең ұлы адамдар да топастанып қалады және данышпандар көп болған жерде даналық та аз болады. * * * Айтары жоқ адам үндемей отыра алса. * * * Халық өзі қалпытасқан кезде құлдырамайды: ол озық адамдар азғындық жолына түскенде құрып кетеді. * * * Әрбір идея оның алдындағысынан пайда болып, өз кезегінде кейінгісіне түрткі болады..., міне, сондықтан көңіл әрдайым жаңаны іздеп, ешқашан қол жеткенді місе тұтпайды. * * * Дүниедегі ең ұлы нәрсе – бұл өзіңді ұстай білу. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 42 | |
Всего комментариев: 0 | |