МАРИ АРУЭ ФРАНСУА ВОЛЬТЕР (21 қараша 1694 ж., Париж – 30 мамыр 1778 ж., сонда) XVIII ғасырдағы француз ағартушы-философтарының арасындағы ірі тұлға, ақын, прозаик, сатирик, тарихшы, публицист, құқық қорғаушы; вольтерьяндықтың негізін қалаушы. Деист.
Философиялық шығармалары: «Философиялық хаттар», «Кандид», «Метафизика туралы трактат», «Ньютон философиясының негіздері», «Тарих философиясы», «Философиялық повестер мен әңгімелер», «Эстетика» және тағы басқа да ғылыми маңызы бар деген құнды еңбектер жазды.
Философиялық көзқарастары: Вольтердің өткір де шыншыл шығармалары арқылы ағартушылық идеясы толық қалыптасып, барлық Еуропа елдерінде тарады. Вольтер феодализмнің келеңсіз жақтарын және діннің қағидалары мен уағыздарын келеке етіп, сынға алды. Дегенмен де, ол Құдайдың бар екенін мойындайды, бірақ ол жоқты бар ете алмайды, ол тек табиғаттың алғашқы қозғаушы күші ғана. Табиғат, қоғам әрі қарай өз заңдылықтарымен дамиды. Вольтер Құдайдың әртүрлі қасиеттерін негіздеуге тырысатын дінді де, оған қарсы атеистік ілімді де жақтамайды. Олардың біріншісін дәлелсіз болғандықтан мойындамаса, екіншісіне қоғамдық тәртіпті бұзады деп қарсы болады. Адамзат тарихы, Вольтердің пікірінше, адамзаттың прогресс (үдеу) пен білімділік үшін күрес тарихы. Өркениетті адам табиғатпен алғашқы қауым адамымен салыстырғанда әлдеқайда үйлесімді өмір сүреді. Осы тұрғыдан ол адамзат үшін мәдениеттің құндылығын баса көрсетті: «Мемлекетті басқарудың ең тиімді түрі – ағартушылық монархия. Ол ерікті қоғамның қалыптасуына жағдай жасауы керек. Сол кезде ғана ерікті қоғамның басты табиғат талаптары – сөз, баспасөз, ар-ұждан бостандықтары шын мәнінде жүзеге асады. Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік – заңды құбылыс, ал адамдар тек қана заң алдында тең болулары керек». Жалпы алғанда, Вольтер – тарихқа, әсіресе мәдениет және философия тарихына ерекше көңіл бөліп, осы ғылымдардың дамуына себепкер болған және ағартушылық идеяны қағида ретінде қабылдап, уағыздаған ойшыл.
Философиялық афоризмдері: Өз қалағанымды жасай алатындай мүмкіндігім болса – ол менің еркін екендігімнің белгісі. Бірақ менің қалауым – менің қажеттіліктерімнің көрінісі ғана. * * * Кім-кімнің ақылына жасы сай келмесе, ол өмір бойы сор кешпек. * * * Ешқашан да үлкен қиыншылықтарсыз үлкен істер болмайды. * * * Жұмыс бізді үш түрлі зор қырсықтан: зерігуден, кемшіліктен және мұқтаждықтан құтқарады. * * * Еңбек рухани және эстетикалық дамудың ең таңдаулысы. * * * Махаббат – құштарлық атаулының ең күштісі, өйткені ол ақыл-ойды да, жүректі де, тәнді де қатар жаулап алады. * * * Махаббаттың оянғанын жігіттің жасқаншақтығынан, қыздың батылдануынан байқауға болады. * * * Жазушының оқуға арзитын ғана туындысын басу керек. Бұл аяулы ереже кітаптың санын азайтқанмен, оқушылардың талғамын арттыра түскен болар еді. * * * Жақсы кітапты алғаш оқығанда жаңа дос тапқандай боласың. Осы кітапты қайталап оқу – ескі досыңды тағы да кездестіргенмен бірдей. * * * Табандылық дегеніміз – ақыл ерлігінің қолданылуы, ол қайраттылықты білдіреді. Қыңырлық, керісінше, соқырлық. Адамдар өз тіршілігінде тәртіпке айналып кеткен кейбір қылықтарының ұят екенін сезінбейтін болып кетеді. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 44 | |
Всего комментариев: 0 | |