Пәлсапа пернелері

БЕНЕДИКТ (БАРУХ) СПИНОЗА

(24 қараша 1632 ж., Амстердам – 21 ақпан 1677 ж., Гаага)

Нидерландық философ. Жаңа дәуірдегі философиядағы басты тұлғалардың бірі, рационалист, пантеизм және натурализм өкілі. Математик, оптик, аспапшы, сондай-ақ ол – физик те.

Ол өз шығармаларын геометриялық әдіспен, яғни дефинция – анықтама – аксиома түрінде жазды. Амстердамда еврейлердің діни училищесінде оқиды, Ван ден Энден ұстазының ықпалында болады. Жас кезінен дж.Бруно, Ф.Бэкон, Т.Гоббс шығармаларын құныға оқиды.

Спиноза көзқарасын еврей діни қауымдастығы қабылдамай, оны қудалауға ұшыратады. Ауылдық жерге қашып барып, сонда күнін көреді, шығармашылық жұмысын жалғастырады.

 

Философиялық шығармалары:

«Геометрияда қолданылатын әдіспен жазылған этика», «Құдай, адам және оның бақыты туралы» (1658-1659), «Діни саяси трактат» (1670-аяқсыз қалған), «Саяси трактат», «Ақыл-парасатты жетілдіру туралы трактат» (аяқсыз ақлған), «Декарт философиясының принциптері», «Этика» және т.б.

«Этика» - Спинозаның ең басты шығармасы. Ол философ қайтыс болғаннан кейін ғана жарық көрген. Мұнда оның метафизикасының басты мәселелері қарастырылып, өз шешімін тапқан. «Этиканы» Спиноза геометриялық әдіспен құрастырып, дәлелді түрде мазмұндаған.

Спинозаның ілімі бойынша, барлық материалдық денелер мен құбылыстарды біріктіретін ұғым – ол субстанция (түпнегіз). Құдай, табиғат, әлем, түпнегіз біртектес, бір реттегі түсініктер, синонимдер. Түпнегізге сансыз көп атрибуттар (ең басты қасиеттер) тән. Солардың ішіндегі ең маңыздылары – кеңістікте көсілу мен ойлау. Түпнегізді ешкім (Құдай да, табиғат та) жаратпайды, ол өзінің өзінен пайда болуына себепкер. Түпнегіздің атрибуттары модустарды дүниеге әкеледі. Олардың өздері екі түрлі болады. Біріншісі – түпнегіздің атрибуттарынан тікелей тындаған модустар. Бұлардың өзі атрибуттарының табиғатына қарай: кеңістікте көсілу атрибутынан – қозғалыс және тыныштық модустары, ойлау атрибутынан – ақыл-ой және жігер модустары болып бөлінеді. Екіншісі – әлемдегі жеке денелер модустары. Әлем түпнегізбен пара-пар болғандықтан, бұл модустар – түпнегізінің (әлемнің) жеке денелер арқылы көрінуі. Әлем универсум (әмбебап жалпы ұғым) ретінде мәңгі және өзгермейді. Ал оған кіретін жеке денелер үздіксіз өзгерісте, қозғалыста болады. Өзгермейтін, қозғалмайтын әлеммен үздіксіз өзгерісте, қозғалыста болатын жеке денелердің арасындағы байланыс қозғалыс модустары арқылы жүзеге асады. Түпнегіздің ойлау атрибутының модустары (тәршәләк, рух, жан) барлық және денелер мен құбылыстарды қамтиды.

Осы модустардың әрқайсысы өздеріне лайық жеке денелерде әртүрлі болып кездеседі. Егер жануарларда – жан, адамдарда – жан, рух, ақыл-ой, жігер модустары болса, басқа заттарда тіршілік модусы ғана болады. Бұл жерде Спиноза тіршілік деп жеке денелердің пайда болған кезінен өлгенге дейінгі өмір сүруін айтады. Спинозаның әлемдегі барлық денелерді басынан бастап жанды заттар ретінде қарастыруы философияда гилозоистік көзқарастың жанданып, одан әрі қарай дамуына үлкен әсер етті. Спинозаның ілімі бойынша, тек денелер ғана модустар емес, сонымен бірге идеялар да модустар. Олай болса, адамдар өз мүмкіндіктерін және табиғаттың заңдылықтарын, сырын неғұрлым көбірек білсе, соғұрлым ол өзі үшін әдептілік қағидаларын белгілеп, пайдасыз іс-әрекеттерден аулақ болып, Құдайдың мәнін түсінуге жақындар еді. Ал Құдайды жақсырақ түсінген сайын, оны көбірек сүйеміз. Осындай Құдайға деген сүйіспеншілік те біздің игілігіміз. Адамдар өзін туғаннан еріктімін деп есептейді, шындығында олар ерікті емес. өйткені олардың іс-әрекеттері себептілікке бағынады. Бұл заңдылықты білмегеннен кейін, олар өздерін еріктіміз деп ойлайды.

Табиғаттың, адамның өмірінің себептілік заңдылығына бағынышты екенін түсіну үшін, ойлаудың математикалық тәсілі ғана бізді ақиқатқа жеткізеді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (04/12/2023)
Просмотров: 49 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: