ФРЭНСИС БЭКОН (22 қаңтар 1561 ж., Лондон – 9 сәуір 1626 ж., Хайгейт) Философиялық көзқарастары: Ғылым жолын неше түрлі елестерден тазалағаннан кейін, Фрэнсис Бэконның алдында жаңа зерттеу жолдарын жасау мәселесі пайда болды. Ол үшін ең алдымен сол кездегі философиядағы абстрактілі – схоластикалық әдістерді сынау қажет болды. Олар – нәтижесіз. «Белгілі бірі жалпы ұғымдарға негізделген Табиғаттың нәзік сырлары көп тұжырымдардан анағұрлым терең», - дейді Фрэнсис Бэкон. Әрине, ойшыл жалпы ұғымдар керек емес деп оларды толығынан теріске шығарды деген пікірден біз аулақпыз. Әңгіме сол жалпы ұғымдардың қалай шығарылғанында. Егер олар кездейсоқтық деректерді жалпылаудың негізінде пайда болса, онда олардан ығарылған тұжырымдар бізді жалған жолға түсіреді, адастырады. Жалпы ұғымдар тәжірибеден шығуы керек. Бірақ біз оны әрқашан сынап, ой елегінен өткізіп отыруымыз қажет. Ғалым адам жолында жатқанның бәрін жинай беретін құмырсқаға (сол кездегі алхимиктер), сонымен қатар бәрін өз ішінен шығарып, өзінің торын тоқитын өрмекшіге (сол кездегі схоластар) ұқсамауы керек. Ол әрбір гүлге қонып, оның бәрін жинап, оларды қайта өңдеп балға айналдыратын араға ұқсас болуы қажет, - деп қорытады Фрэнсис Бэкон. Жекеден жалпылыққа өрлеуді – индуктивті әдістемені – алғаш рет Фрэнсис бэкон дүниеге келтірді десек, онда ол шындыққа лайықты болмас еді. Өз заманында ұлы Аристотель жылқыдан жалпыға көшу әдістемесін жасаған болатын. Орта ғасырларда да бұл әдістеме мүлде ұмыт болған жоқ-ты. Фрэнсис Бэконның бұл әдістемеге енгізген негізгі жаңалығы – тек қана белгілі бір ұғымды дәлелдейтін деректерді ғана емес, сонымен қатар оған қайшы келетіндерді де зерттеу, олардың себебін табу болды. Жалқыдан жалпыға жету жолында үш кесте жасау керек. Олар: tabula presentiae – деректердің болу кестесі, екінші – tabula absentiae – деректердің болмаған кестесі, үшінші – tabula graduum – деректердің азды-көпті болуының деңгейін көрсететін кесте. Зерттеу жолында бұл кестелер толтырылғаннан кейін, соларды салыстыру арқылы белгілі бір ұғымдарды тудыруға мүмкіндік пайда болады. Сонымен, Фрэнсис Бэкон – жаңа дәуірдегі қалыптасып жатқан тәжірибелік ғылымның дамуына зор әсерін тигізген ұлы тұлған.
Философиялық афоризмдері: Жар басында тұру қиын, кері де қайта алмайсың: екінің бірі – құлайсың не батасың. * * * Тамақты тарта жесең санаңды ашар, Көп жесең – ұйқы басар. * * * Кітап – заманалар толқынында тербеліп, үстіндегі қымбат қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі. * * * Аз-аздап бетін ашып қоя салатын да, аяғына жеткенше бас алмастан оқып шығатын да кітаптар бар, бірақ көңілді үйіріп, көкірекке тоқуға татырлықтай кітаптар некен-саяқ болады. * * * Білім мен құдыреттілік – екеуі бір нәрсе. * * * Жоғары лауазым адамды үш мырзаның малайына айналдырады: ол мемлекетке және мемлекет басшысына қызмет етеді, жұрт өзі туралы не ойлайды екен деп алаңдап бас қатырып жүреді, оның үстіне өзіне тапсырылған істің жайын ойлаудан қолы босамайды. Сөйтіп, ол өзіне де, ісіне де, тіпті, уақытына да ие бола алмай қалады. * * * Шектен шығудан асқан арсыздық жоқ. * * * Өзімшілдер өздеріне жұмыртқа пісіріп алу үшін сенің үйіңді өртеп жіберуден тайынбайды. * * * Махаббат пен қызғаныштан асқан құштарлық жоқ. * * * Оқу – адамды білімді болуға, әңгімелесу – тапқырлыққа, естігенді жазып отыру – дәлдікке тәрбиелейді. * * * Адам тану – бір бөлек, істі білу – бір бөлек. * * * Қаталдық қорқытады, дөрекілік жеккөрінішті етеді. * * * Қу адамдар білімпаздықты жек көреді, ақкөңілділер оған таң қалады, ақылдылар оны пайдаланады. * * * Томаға тұйықтықтың үш түрі бар. Біріншісінде – адам өзінің кім екенін білдіртпей, ұстамдылық пен үнсіздік сақтайды, екіншісінде – ол белгілер мен шаралардың көмегімен өзі туралы жалған түсінік беретін жалтарушылықты ұсынады; үшіншісі – екіжүзділік, ол өзінің кім екенін білдірмеуге тырысып, әдейі жасанды қылық жасайды. * * * Адамның ақыл-ойы тойымсыз. Ол тоқтай да, тыныштықта тұра да алмайды, ол үнемі алға ұмтылыста болады. * * * Ең күйініштісі ақиқат, ең ұнамды адасудан әлдеқайда артық. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 50 | |
Всего комментариев: 0 | |