ӘБУ ӘЛИ ХУСЕЙН ИБН АБДАЛЛАХ ИБН СИНА (АВИЦЕННА) (16 тамыз, 980 ж. Бұхараның жанындағы Афшана, Тәжікстан – 18 маусым, 1037 ж.) Энциклопедист-ғалым, философ, дәрігер, астроном, ақын әрі саяси қайраткер. Ибн Сина өзінен кейін зор шығармашылық мұра қалдырып кетті. Ертедегі деректерге қарасақ, ол 456-ға жуық еңбек жазды, бірақ бізге дейін оның 240 кітабы ғана жетті, ол еңбектер поэзия мен философиядан бастап, геология және астрономиямен аяқталып, білімнің барлық саласына арналған. Үлкен атаққа Ибн Сина дәрігер, ғалым және фармацевт ретінде ие болды. Ол бар болғаны 57 жыл өмір сүрсе де, оның өмірі мен дарыны осы уақытқа дейін аңызға айналып келеді. Оның өзі жазған (ол оның алғашқы 30 жылын қамтиды) және оның шәкірті Джурджани жалғастырған өмірбаяны сақталған. Иран мемлекетіндегі Исфахан атты қалада философия және медицина саласы бойынша дәріс алып, өз білімін жетілдіреді.
Философиялық шығармалары: 18 томнан тұратын «Айығу кітабын» жазды. Ол ғасырлар бойы Шығыс пен Батыс дәрігерлері үшін баға жетпес көзіне айналған еді. Ибн Синаның философиялық шығармасы – он сегіз бөлімнен тұратын «Айығу кітабы» логиканы, физиканы, математиканы және философияны қамтыған. Арабтар әлемінде Ибн Синаның аты аса құрметпен аталды. Оны бірде «Философтардың патшасы» деп атаса, енді бірде оны «Дәрігерлердің атасы» деп атады.
Философиялық көзқарастары: Философияда Фараби бағытын жалғастырғанымен, Ибн Сина араб перипатетизмінің негізін қалаушы болды. Оның болмыс туралы ілімі материяны мәңгі жаратылыстан тыс құбылыс ретінде қарастырды. Алайда бұл қағиданы діни көзқарастармен байланыстыруға мәжбүр болған. Мысалы, ол Құдайдың бар екендігіне шүбә келтірмейді. Дүние шындықтың мүмкіндігі ғана екенін айтады. Ол уақыттан тысқары Құдайдың жағдай туғызуына байланысты шындыққа айналады. Адамның рухын Ибн Сина дененің бейзаттық формасы ретінде қарастырады. Денелердің қайта тірілуі мүмкін емес дейді. Ибн Сина жалпы ұғымдар (универсалилер) мәселесін өте қызық жағдайда шешкен. Оның ілімі бойынша, жалпы ұғымдар үш ұдай өмір сүреді: біріншіден, заттарға дейін, құдіреттің ақыл-ойында, екіншіден, заттың өзінде, себебі ол сол заттың мәні және үшіншіден, заттан кейін адамдардың санасында. Таным теориясында Ибн Сина әл-Фарабидің жолын қуып, оны одан әрі дамытуға атсалысады. Дегенмен кейбір мистикалық тұжырымдарға бай негізгі тәсілдердің бірі ретінде ол Құдай шапағатын мойындап, ұсынады. Жалпы алғанда, Ибн Сина философиясы – Аристотельді исламның негізгі қағидаларымен ұштастыра отырып, оларды өзара ынтымақтастырмақ болған ілім. Ол әл-Фарабиден кейінгі философия тарихында өзіндік із қалдырған араб тілді мұсылман философиясының ірі өкілдерінің бірі. Жас Ибн Сина сол кездегі атақты дәрігер Абу Сахлем Масихимен танысып, ғылыми хат жазысып тұрды, ортағасырлық Шығыстағы ғалым-энциклопедист абу Райхан Бирунимен қақтығысып қалатын. Он жеті жасқа қараған кезде, Ибн Сина дәрігер ретінде Бұхарада үлкен атаққа ие болып, Бұхарадағы эмир сарайына шақырылды. Нух ибн Мансур ұзақ уақыт бойы ауырды, оны емдеген сарай маңындағы дәрігерлер оған еш нәрсемен көмектесе алмады. Ибн Сина аз уақыт ішінде басқарушыны емдеп шығарды, ол эмирдің жеке дәрігері болып сайланды, сарай кітапханасын пайдалануға рұқсат алды, ол Таяу Шығыстағы ең жақсы және бай кітапхана еді. Мүмкін, дәл сол Бұхара кітапханасында оның медицина бойынша қорытынды еңбегін жасау идеясы туындаған шығар. Бірақ ол кезде ғалымның ойлағанының бәрі орындала бермейтін. 900-ші жылдардың соңында Бұхара соңғы тыныш күндерін бастан өткізеді. Мемлекет жан-жаққа бөлініп, қарахандықтар, түркі көшпелі тайпалары астананы жаулап алды. Қала тоналып, кітапхана жанып кетті... 1002 жылы әкесі қайтыс болған соң, Ибн Сина Хорезмнің астанасы Гурганджыға (қазір Үргенім) көшіп келеді. Жергілікті басқарушы шах сарайындағы Мамун академиясына пікір таластыру үшін келген ғалымдарға жақтау көрсетті. Ибн Синаның соңынан Хорезмге Бируни мен масихи келді. Біраз жыл ғалымдар тыныштық тауып, ғылыммен шұғылдануға мүмкіндік алды. Көрші Газна мемлекетінің сұлтаны Махмуд басқарушы Хорезмнің бай жерін басып алғысы келді, 1008 жылы ғалымдарды оның астанасына қоныс аударуын талап етті. Ибн Сина мен дәрігер Масихи сұлтанға барудан бас тартып, түнде қарақұм құмы арқылы қашып кетті. Аңыз бойынша, үшінші күн жол жүріп келе жатқанда дауылға тап болып, адасып, сусыз және тамақсыз қалады. Масихи шөл далада өледі. Ибн Сина оны көмеді де, өзі әзер дегенде құтылып шығады. Сұлтан Махмуд Газневи барлық қалаларға Ибн Синаның сыртқы түрін суреттеп адамдар жібереді. Кімде-кім данышпан дәрігердің тұрақтаған жерін көрсетсе, үлкен сый алатын болды. Сол кезден бастап Ибн Синаның өмірі Иранның түрлі қалаларында бітпес қаңғыпумен өтті. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 71 | |
Всего комментариев: 0 | |