ӘБУ-НАСЫР МҰХАММЕД ИБН МҰХАММЕД ИБН ҰЗЛАҒ ИБН ТАРХАН ӘЛ-ФАРАБИ АТ-ТҮРКИ (870 ж., Отырар қаласы (Қазақ елі) – 950 ж., Дамаск, Сирия) Қазақ жерінен шыққан әйгілі «Екінші Ұстаз», әмбебап, математик, философ, музыка зерттеушісі, тарихшы, энциклопедист-ғалым. Аристотель шығармалары сол кездің өзінде-ақ араб тіліне аударылып үлгерген-ді. Араб Шығысында Аристотельдің кейбір құнды ойлары бұрмаланып көрсетілді. Бірақ көп еңбектері тәржімаланбағандықтан ұлы грек философиясының ойын түсіну қиын болды. Сондықтан да көп тілдерді жетік білген ұлы ғалым жерлесіміз Аристотель шығармаларына араб тілінде түсіндірме жазуды ұйғарды. Сөйтіп, ол ұлы философтың мұраларын жаңсақ пікірлерден тазартып, өз қалпында дұрыс түсіндіре біліп, өзінің бірінші ұстазға деген ғылым саласындағы үлкен адамгершілік, азаматтық іс-әрекетін таныта білді. Сондықтан да шығыс философтары оны «Әл Му’алим Әс-Сани» - «Екінші Ұстаз» деп атаған. Әл-Фарабидің түркі тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Әл-Фараби 870 жылы Сыр бойындағы Арыс өзені Сырға барып құятын өңірдегі, Фараб қаласында дүниеге келді. Кеңінен мәлім екі дерек бар: 1218 жылы моңғолдар қаланы қиратты, бұл «Отырар апаты» деп аталды; онан соң 1405 жылғы ақпанда мұнда Әмір Темір қайтыс болды. Отырар жайында біздің қолымызда Ибн Хаукальдың, Абул Фиданың, қытай деректемелерінің мәліметтері бар. Отырар жөнінде Птолемейде де айтылған. Отырардағы кітапхана, ел аузындағы аңызға қарағанда, кітабының саны жағынан атақты Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орында болған. Қазақ топырағынан шыққан ғалымдар Әбу-Насыр Әл-Фараби, Исхақ Әл-Отрари, Исмаил Әл-Шаухари, Жемал Әл-Түркістани, Әл-Сығнақи, Әл-Қыпшақи, Қадырғали Жалаири және басқалар жазған еңбектердің белгілі бір мәдени негізде дүниеге келуі әбден табиғи нәрсе. Осынау саңлақтардың ішінде жалпы әлемге әйгілі алып тұлға ретінде көзге көрінетін Әл-Фарабидің орны ерекше. Білімге, ізденуге деген құштарлықтың жетелеуімен ол, жас шағында, дүниедегі құбылыс біткеннің бәрі кісіге әрі ғажап, әрі таңсық көрінетін кезде саяхат жасап, сол замандағы мәдени әлемнің көптеген орталықтары: Хорасанда, Бағдадта, Дамаскіде (Шам), Алеппода, Каирда (Мысыр) болған. Өз өмірінің көп жылдарын ол Араб Халифатының саяси және мәдени орталығы болған Бағдадта өткізді. Мұнда ол өз білімін әбден тиянақты меңгеріп, толықтырады, көрнекті ғалымдармен байланыс жасайды, сөйтіп өзінің білімдарлығы, ақылының алғырлығы және асқан байсалдылығы арқасында көп ұзамай олардың арасында үлкен абырой-беделге ие болды. Бірақ өресі тайыз, кертартпа хадисшілер оны жек көріп, күндей бастаған, әсіресе, олар Әл-Фарабидің бүкіл ойының негізгі мәніне қарсы шыққан, өйткені оның дүниеге көзқарасы шынайы болмысты танып білуге, адам бақытын о дүниеден іздеп табуға мезгейтін еді. Ақыр соңында Әл-Фараби лажсыздан Бағдадтан кетеді. Өзінің «Фусул ал-мадани» («Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері») деген соңғы шығармасында ол: «Адам ғылымға түрліше тосқауыл жасайтын мемлекеттен кетіп, ғылыми өркен жайған елде тұруға тиіс», - дейді. Әл-Фараби Александриялық (Мысырлық) ғалымдар, яғни бір кезде Александриядан ығыстырылған несторианшыл христиандар тұратын Хоранға келіп қоныс тебеді. Өмірінің соңғы жылдарын Алеппо мен Дамаскіде өткізеді, мұнда ол Солтүстік Сирияның жетекшісі әрі саяси қайраткері Сейд Ад-Дуаль Хамдиниге аса қадірлі болды. Әл-Фараби 950 жылы 80 жасында қайтыс болды.
Философиялық шығармалары: «Ғылымдардың шығуы», «Ғылымдар энциклопедиясы немесе тізбегі», «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Музыканың үлкен кітабы», «Философияны аңсап үйрену үшін алдын-ала не білу қажеттігі жайлы», «Ақылдың мәні туралы», «Әлеуметтік-этикалық трактаттар», «Философиялық трактаттар», «Құдіретті Платон мен Аристотель көзқарастарындағы ұқсастық», «Жан туралы», «Птоломейдің Алмагесіне түсініктеме» және т.б. 100-ден астам философиялық еңбектер жазған. Фараби ғылымның философиялық-логикалық іргетасын дұрыстап қайта қалап шықты. Ол музыка жайлы күрделі зерттеулер жүргізді. Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология, география, этика т.б. ғылымдар жайлы жазған еңбектерінің мәні ерекше зор. Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» мен 4 сопылық еңбектеріне түсініктемелер жазды. Ол еңбектері күні бүгінге дейін де мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Сөйтіп, Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін таныстыруда зор рөл атқарды. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 93 | |
Всего комментариев: 0 | |