Пәлсапа пернелері

ДЕМОКРИТ АБДЕРСКИЙ

(б.д.д. 460 ж. – 370 ж.)

Философиялық көзқарастары:

Демокриттің пікірінше, шын мәнісіне өмір сүретін атомдар, бос кеңістік және олардан туындайтын заттардан басқа, адам ақыл-ойында да өмір сүретін құбылыстар бар. Олар – пікір арқылы қалыптасқан сезімдік қасиеттер (дәм, бояу түрлері, иіс т.б.). Бұл қасиеттер шындығында өмір сүрмейді, олар сезімдік заттарға тән емес, олар тек адамдардың пікірінде ғана бар құбылыстар.

Осы екі түрлі құбылыстың өмір сүруіне сәйкес танымның да екі түрі болады:

А) сезім мүшелері арқылы танып-білу. Олардың берген мәліметтері көмескі білім болғандықтан, олардың ақиқатты тануда ешқандай пайдасы жоқ.

Ә) ақыл-ой арқылы алған білімдеріміз заңды туылған білім болғадықтан, оның ақиқат туралы пайымдаулары дұрыс болады. Себебі дүниенің алғашқы бастамасы атом мен бос кеңістікті сезім мүшелері арқылы көріп-біле алмаймыз, ал олардың мәнін, табиғатын түсіну үшін ақыл зер салып ойлануы керек. Дей тұрғанмен де, Демокрит сезімдік танымды ақыл-ой сезімдік таным арқылы алған ақпараттарын әрі қарай өрбітіп, қорытынды жасайды.

Жалпы таным процесінің ақиқатқа жетудегі қайшылықтарын, қиындықтарын түсінген Демокрит танымның субъектісі болу кез келген адамның қолынан келмейді, ол тек данышпандарға ғана тән деп есептейді. Данышпандар сабырлылық, үйлесімділік, симметрия, алаңсыз тыныштық, қызықпаушылық, әділдік т.б. осы сияқты моральдық қағидаларға сүйеніп, философияға беріліп, елеусіз өмір сүруінің арқасында мәнділіктің мәнін, табиғатын дұрыс түсініп-білуге мүмкіндік алады. Егер барлық адамдар осы моральдық қағидаларды басшылыққа алып өмір сүретін болса, онда заңның қажеті болмайтынын айтады Демокрит. Заңды адамдар ойлап тапқан, ол тобырларды өз қолында ұстап тұру үшін қажет.

Демокрит қоғамның дамуы және мемлекет мәселелері туралы пікірлер айтқан: Адамдар аңға ұқсас кезінде аңдар сияқты өмір кешті (әрқайсысы жеке өмір кешті, бір-біріне көмектесуді білмеді, жеміс-жидек жеп қана күн көрді, т.б.), ал аң сияқты қалыптан мұқтаждықтың арқасында өркениетке өткенде, олар бір-біріне көмектесіп, бір жерде жинақталып, үңгірлерде, ағаштардың қуысында өмір сүрді. Бұл кезде олар патшасыз, әскербасыларысыз, бір-бірімен соғыспай, ұрлықсыз, қарапайым да еркін өмір кешті. Кейінірек келе, отты пайдалана алатын болды, қулық-сұмдықтар да көбейді, сонымен қатар өнер де пайда болды. Осы айтқан жағдайға адамдарды мұқтаждық пен өздерінің тәжірибелері жеткізді. Адамдар әлімсақта сөйлей алмайтын-ды. Адамдардың бір-бірімен араласып, қарым-қатынасқа түсуінің арқасында түсініксіз дыбыс шығарудың орнына сөз арқылы қатынас орнады. Сөйтіп, тіл пайда болды.

Тіл көп түрлі болып, адамдардың тұрған ортасына қарай қалыптасты.

Дін де тіл сияқты тарихи құбылыс. Алғашқы кезде дін болмаған, діннің шығуына себеп болған – адамдардың табиғаттың дүлей күштерінің себебін білмей қорыққандығы. Құдай деп жүргеніміз шын мәніндегі құдайлар емес, тек олар туралы қалыптасқан бейнелер ғана.

 

Философиялық афоризмдері:

Жоққа күйінбей, барын бағалай білетіндер ақылды.

* * *

Бақытсыздық ақымақты да тәубесіне келтіреді.

* * *

Үнемі кешіге беретін болсаң, мақсатыма жетемін дегенді де ұмытқайсың.

* * *

Жастар оңай бой ұрып кетер жамандық – желбастылық.

* * *

...борышқа әділ болу – ұлы іс.

* * *

Кім көп еңбек етсе бақыт соған қонады.

* * *

Еңбек үздіксіз үйренгендіктің арқасында жеңілдей түседі.

* * *

Мінезі бірқалыпты адамдардың өмірі де жайма-шуақ болады.

* * *

Арлы мен арсыздың кім екені істеген ісінен ғана емес, пікір-пиғылынан да көрінеді.

* * *

...өзінің құштарлықтарына билігін жүргізген адам да ер.

* * *

Іші тар адам нақ бір сөз дұшпанына қастық қылғандай, өзін-өзі кейістікке ұшыратады.

* * *

Күншілдік адамдар арасындағы ұрыс-керіске бастама болады.

* * *

Әйтеуір сөйлей беру ештеңені тыңдағысы келмеу – мақтаншақтың белгісі.

* * *

Оқып үйренбесең, өнерге де, даналыққа да қолың жетпейді.

* * *

Арғы жағында ақыл болмаса, тек сыртқы сұлулық жануарларға да тән нәрсе.

* * *

Өзінің ақыл-ойын артықша бағалайтын адамды үйреткісі келген кісі уақытты босқа шығындамайды.

* * *

Ақымақтың аяғын шалғың келсе, алды-артына қаратпай мақтай бер.

* * *

Табиғаты тазалар ғана әдемілікті танып, әсемдікке ұмтыла алады.

* * *

Жағаң жайлауда болу деген жанның тыныш, ештеңеге үрейленбейтін кезің.

* * *

Жолы болмағанның жанынан табылу – үлкен ізгілік.

* * *

Жақсы адам жаманның жамандығын да бетіне баспайды.

* * *

Шектен шыққан пайдкүнемдік барып тұрған жоқшылықтан да сорақы.

* * *

Қателікке мән бермеу ұятсыздыққа апарып соғады.

* * *

Міншілдер дос бола алмайды.

* * *

Қызғаншақ адам өзін-өзі жауынан жаман күйдіреді.

* * *

Әділетсіздіктің алдын алып, қорғана білу естіліктің белгісі болса, кекшілдік тасбауырлықтың белгісі.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (31/10/2022)
Просмотров: 106 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: