АРИСТИПП КИРЕНСКИЙ (б.д.д. 435 ж. – 355 ж., Кирен) Генодистік философияның негізін қалаушы, ұлы ойшыл. Оның көзқарасының қалыптасуына Сократтың ілімімен қатар софизмнің де әсері болды.
Философиялық көзқарастары: Оның пікірінше: «Танымның қайнар көзі – түйсік. Ал түйсік арқылы біз табиғаттың заңдылықтарын немесе оның қасиеттерін танып-біле алмаймыз, сондықтан табиғатты танып-білемін деп әуреге түсудің қажеті жоқ, керісінше, біз тек өзімізге тән субъективті қабілеттеріміздің нәтижесін ғана тани аламыз». Осыдан келіп, Аристипп: «Тек өзіміз сезінген ләззат пен қасірет қана игілік, рақымшылық, - деген тұжырым жасайды. – Ләззат өткенге де, болашаққа да бағытталмайды, ол тек қазіргі нақтылық. Сондықтан қазір ғана ала алатын ләззатқа ұмтылу керек. Ләззатқа жетудің бірден-бір жолы – өз еркіңмен қол жетпейтін немесе қасірет әкелетін құмарлықтардан бас тарту. Кез келген адам өзінің рухы мен тәнін рахаттануға, ләззат алуға бағыштап, өзін де, басқаларды да шаттыққа бөлеулері керек». Сөйтіп, Аристипп рахатқа бөлену, бақыт сияқты субъективтік құбылыстарды адамдардың іс-әрекетінің негізгі өзегі (мотив) және мақсаты ретінде қарастырады. Осы өнегелілік бағытты басшылыққа алып іс-әрекет жасаған адам өз замандастарының алдында да, болашақ алдында да зор сыйға бөленетінін айта келіп, Аристипп мемлекетті, онда қалыптасқан заңдарды, т.б. рахатқа бөлену, бағытқа жету жолындағы құрал деп қарастырады. Аристипп ізбасарлары: «Данышпандарға әдептілік қағидаларын сақтаудың қажеті жоқ, мысалы, данышпан өзін Отаны үшін құрбандыққа шалмайды, себебі «оның Отаны – бүкіл әлем» (Феодор) деген идеяларды өз ілімдерінің басты қағидаларының бірі етіп қабылдап, онда ең жоғары данышпандықтың белгісі жатыр деп есептеген. Жалпы, киниктер материалдық игіліктерден бас тартып, аскеттік өмірді уағыздаса, генодистік мектептің өкілдері өмірде өз түйсіктерінің мәліметтерін басшылыққа ала отырып, сезімдік қуаныштарға, ләззатқа берілу керектігін уағыздады. Ал ләззат, бақыт дегеніміз – минуттық сезімдік қуаныштардың жиынтығы, оларды қадірлеп, қастерлеп, мүмкіндігінше пайдалану керек. Өмір қайғы-қасіретке толы болғандықтан, өмірмен қатар өлім де тартымды. Тек қана байлыққа, даңққа құмарту – ақылсыздардың ісі, ал данышпан болса, оған өмірде не болып жатқанының бәрібір. Бай ма, кедей ме, ерікті ме, еріксіз бе, т.б.
Философиялық афоризмі: Аристипп Коринф аралына кемемен жүзіп келе жатқанда жолда дауылға тап болып, қатты зәресі ұшыпты. Қасында біреу: «Біз, міне, қарапайым адам, былқ етпейміз, ал сендер философтар, неге мұнша қорқақсыңдар?» деп мысқылдапты. Сонда Аристипп: «Екеуміз де өз жанымызды ойлаймыз, бірақ жанымыздың бағасы бірдей емес қой» депті. * * * Біреу философтарды ылғи да байлардың есік алдынан көретінін айтыпты, сонда Аристипп: «Дәрігер де науқастың үйіне келеді емес пе, оның үстіне кез келген адамнауқас емес, дәрігер болғысы келеді» депті. * * * Бір күні Аристипп бірнеше баламен бірге кәнизактің үйіне кіргенде, баланың бірі қызарып кетіпті. Сонда Аристипп: «Кіру ұят емес, шығып кетуге дәтің жетпесе, сол ұят!» депті. * * * Білімім көп деп мақтанған біреуге Аристипп былай депті: «Тамақты көп ішкен адамның денсаулығынан мықты емес. сол секілді көп оқыған емес, көп тоқыған адам – ғалым!». * * * Бір күні дионисий философиялық бірдеңе айт деп Аристипптен талап етеді. «Қызық екен! – дейді Аристипп, - өзің менен қалай сөйлеуді үйреніп жүріп, маған қашан сайрау керек екенін үйретпексің!». Бұл сөзге ашуланған Дионисий оған үстелдің ең шетіне барып отыруға бұйырады. Сонда Аристипп: «Бұл орынға соншалық құрмет көрсеткің келе ме?» депті. * * * Ақылды мен ақымақтың парқы қандай деп сұрағанда Аристипп: «Екеуін тыр-жалаңаш шешіндіріп, бөтен біреудің алдына жібер, сонда білесің!» депті. * * * Аристипптен білімді мен білімсіздіктің айырмасы қандай деп сұрағанда: «Бас білмейтін асау мен үйретілген аттың айырмасы қандай болса, сондай» деп жауап беріпті. * * * Достарымнан ақшаны өзім үшін алмаймын, қалай пайдалану керектігін үйрету үшін аламын. * * * Жүзе білем деп мақтанған біреуге Аристипп: «Балықтың да қолынан келетін іске мақтануға қалай ұялмайсың!» депті. * * * Дионисий неге келдің деп сұрағанда, Аристипп: «Ақыл қажет болғанда Сократқа барушы ем, ақша керек болған соң саған келдім» депті. * * * Дионисий неге саған риза емес деп сұрағанда: «Өйткені басқаның бәрі Дионисийге риза емес» депті. * * * Надан болғанша қайыршы бол: Қайыршының ақшасы жоқ, қолы қысқа, тарылған. Ал надандар адамдық кейпінен айырылған. * * * Сотта Аристиппті қорғап сөйлеп, жеңіп шыққан шешен: «Сократ саған не жақсылық жасады?» деп сұрайды. Сонда Аристипп: «Мені жақтап сөйлеген сөзіңнің бәрі соның арқасында шындық болды!» деп жауап беріпті. * * * Сократ қалай өлді деп сұрағанда: «Мен қалай өлуді қалаған болсам, солай өлді» депті. * * * Ақылды балаларды неге баулу керек деп сұрағанда: «Үлкейгенде өздеріне пайдасы тиетін іске баулу керек» деп жауап беріпті. * * * Бірде теңізде жүзіп келе жатып, мінген кемесінің қарашылардікі екенін біліпті. Аристипп дереу ақшасын ап санапты да: «Алтын үшін Аристипп өлгенше, Аристипп үшін алтын өлсін!» деп байқатпай теңізге тастай салыпты. * * * Бір күні оны біреу боқтайды. Аристипп беріс бұрылып кетеді. Анау соңынан қуып жетіп «Неге кетіп барасың?» дейді. Аристипп сонда: «Сенің боқтауға хақың болғанда, менің тыңдамауға хақым жоқ па?» депті. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 107 | |
Всего комментариев: 0 | |