Пәлсапа пернелері

АРИСТОТЕЛЬ

(б.д.д. 384 ж. Стагир, Халкидики жарт.аралы – 7 наурыз, б.д.д. 322 ж. Халкида, Эвбея аралы)

Философиялық көзқарастары:

Формамен қатар алғашқы бастамалардың қатарына «хюлэ» - материя да жатады. Материяның екі түрі бар. Біріншісі – түрсіз, бейтарап, екіншісі – заттарды материалдандыратын нәрсе. Материяның бірінші түрі мәңгі, бірақ өміршең емес, себебі өздігінен ештеңе тудыра алмайды. Анаксимандрдың апейроны сияқты белсенді де емес, қозғалыста да болмайды. Ал «екінші матеия» өзіне «бірінші материяны» қабылдайды да, заттарды жасайтын материал (шикізат) ретінде формамен қосылып, сезімдік денелерді дүниеге әкеледі. Материя мәңгі болғанмен де, болмыс пен бейболмыстың ортасында екіұшты болып тұрғандықтан, заттардың уақытшалылығының, өзгермелілерінің қайнар көзі болып табылады. Материя мен форманы алғанда, басты рөл формаға беріледі, себебі шын нақтылық – заттардың нақтылығы емес, форманың нақтылығы. Әлемде болып жатқан құбылыстардың барлығы мақсаттылыққа (теология) байланысты өзгеріп, дамиды. Олай болса, мақсаттылық та алғашқы бастаманың бірі. Аристотельде мақсаттылық платон айтқандай жалпы игілік атаулы емес, керісінше, нақты игілік, ол – нақты мүмкіндікті жүзеге асыру және оны тәмамдау.

Төртінші алғашқы бастама – қозғалыс. Мән мен форма қозғалғанда, ол әрекетшілдік қасиетке ие болып, заттар қозғалысының алғышарты болады. Бірақ әрекетшіліктің өзі сыртқы күшке тәуелді, оны қозғалысқа түсіретін – алғашқы қозғаушы күш. Форма да, мақсаттылық та, қозғалыс та осы алғашқы қозғаушы күшке тән. Бірақ ол материядан құр алақан, себебі материя тәуелсіз өмір сүреді. Бірақ материядан заттардың пайда болу мүмкіндігі ғана болса, форма-алғашқы қозғаушы күш ретінде нағыз шындық.

Аристотель қозғалысты әртұрлі категориялармен байланыстырып қарастырады. Мысалы, қозғалыс сапаға байланысты – сапалық өзгеріс, санаға байланысты – ұлғаю, кему, орынға байланысты – бір орыннан екінші орынға қозғалу, т.б. түрленеді. Аристотельде кеңістік деген категория жоқ, оны «орын» категориясы алмастырады. Кеңістік (бос кеңістік болмайды) денелер орналасқан орындардан тұрады. «Орын» қозғалыстағы денелермен тығыз байланысты, бірақ олармен бірге қозғалмайды.

Уақыт та қозғалыспен тығыз байланысты. Бірақ оның қозғалыстан айырмашылығы бір қалыпты болмайды, ол бірде тез қозғалса, бірде жай қозғалады. Сондықтан – дейді Аристотель, уақыт қозғалыстың мөлшері. Ал уақыттың өзі қозғалыспен өлшенетін болғандықтан, қозғалыс уақыттың мөлшері болып шығады. Уақыт өздігінен ештеңе туғызбайды, жоймайды да, бірақ барлық заттар, құбылыстар бір уақытта пайда болып, жойылып жатады.

Аристотельдің пікірінше, табиғи денелердің тіршілік жасау мүмкіндіктері бар (жасанды денелерде ондай мүмкіндік болмайды). Осы мүмкіндіктің жүзеге асырылуы энтилихия (жан) арқылы болады. Жанның үш түрі болады:

1-Өсімдіктер жаны – жаның алғашқы және жалпы мүмкіндігі. Бұл жанның басты қызметі – өзін-өзі ұдайы өндіру және қоректену.

2-Жануарлар жаны – олар заттардың сырт пішінін түйсіктері арқылы қабылдай алады.

3-Адамдар жаны – өсімдіктер мен жануарлар жандарына тән қасиеттерге қоса, ақыл-ойдың арқасында жалпылықты танып-біле алады.

Бірақ жалпыны білу үшін, алдымен жалқыны танып-білу керек. Себебі біздің сезім мүшелерімізге жалқы заттар әлемі әсер етеді де, біз оларды танымның әртүрлі сатылары арқылы танып-біле аламыз. Сезімдік танымның бірінші сатысында – сезімдік түйсіктерімізге әсер ететін заттар туралы алғашқы мағлұматтар аламыз, екінші сатысында – тәжірибелік (эмпейриа) танымда – сезімдік түйсіктеріміздің қайталанған құбылыстарды есте сақтап қалуы арқасында оларды танып-білуімізге жол ашады. Үшінші сатысында – «өнер» (әңгіме көркемөнер, т.б. туралы емес) практикаға негізделген танымның ерекше сатысы – адамдар жеке заттарды танып қана қоймайды (тәжірибедегідей), одан да тереңірек түсініп, кейбір заттарға тән ортақ қасиеттер мен себептерін танып-біледі.

Ал заттардың себептерін, болмыстың мәнін, әсіресе алғашқы бастамаларды және алғашқы қозғаушы күшті түсініп-білу – ол ақыл-ойдың қызметі. Ондай танып-білу тек философияға ғана тән. Аристотельдің пікірінше, адамдар – «қоғамдық жануарлар». Отбасының, қоғамның табиғи дамуының арқасында мемлекет пайда болады. Мемлекеттің табиғаттан айырмашылығы – онда көптеген әлеуметтік, т.б. да қатынастардың өріс алғандығы. Мемлекет басшысы қалыптасқан қоғамдық жағдайларға сай адамдарды басқаруы тиіс. Әсіресе, жастарды тәрбиелеу мәселесі басты мақсат болу керек.

 

Философиялық афоризмдері:

Өмір – қимыл-қозғалысты талап етеді.

* * *

Мас болу – өз еркіңмен жындану.

* * *

Жаман істегенше, істің шағын бөлігін келістіріп орындаған артық.

* * *

Платон – менің досым, алайда ақиқат одан қымбат.

* * *

Достық – өмір үшін ең қажетті нәрсе, өйткені ешкім ешқашан да барлық басқа игілікке түгел ие бола тұрса да, дос-жарансыз өмірді қаламақ емес.

* * *

Ерлік – аяулы қасиет, онымен адамдар қауіп-қатер үстінде тамаша істер істейді.

* * *

Музыка арқылы біз өзімізді үлгілі өнегеге бейімдеп өркендете аламыз. ...Музыканың моральдық мәні сол, біз оның әсерімен таза нәр аламыз, яғни шынайы сүйеміз, немесе жиренеміз... Музыканың шын мәнінде біздің жан дүниемізді толқытып, көңілімізді көтеруге құдіреті әбден жетеді.

* * *

Ырғақ пен әуенде әрқашан өмір шындығы болады. Онда адамдардың қайраты мен көркемділігі, ерлігі мен байсалдылығы және соларға тән барлық қайшылықтар, сонымен бірге адамдардың мінез-құлықтары да бейнеленеді.

* * *

Данышпандар ызаланса білімін сапырады, ақымақтар ызаланса ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығады.

* * *

Жолдан тайған жақсыдан өткен жаман болмайды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (26/09/2022)
Просмотров: 89 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: