Пәлсапа пернелері

АРИСТОТЕЛЬ

(б.д.д. 384 ж. Стагир, Халкидики жарт.аралы – 7 наурыз, б.д.д. 322 ж. Халкида, Эвбея аралы)

Көнегрек ойшылы. Оның лақап аттары: стагирит – туған қаласының құрметіне, никомах – әкесінің құрметіне, Перипатетик – мектебінің құрметіне сай аталған. Атақты қолбасшы александр Македонскийдің ұстазы, Платонның шәкірті. Формальді қисын-логиканың авторы, психология, биология, саяси экономика, этика, эстетика, өнер теориясының және т.б. ғылымдардың негізін қалаушы.

 

Философиялық шығармалары:

«Органон», оның құрамында – «Категориялар», «Түсіндірмелер» (пікірлер), «Аналитикалар» - тұжырым туралы ілім (силлогизмдер, дәлелдеме туралы ілім), «Топика» - ықтималды дәлелдемелер және диалектика туралы, «Софистикалық дәлелдемелерді жалғандау», «Метафизика», «Физика», «Аспан туралы», «Жануарлардың түрлері», «Жан туралы», «Никомах этикасы», «Риторика», «Политика», «Афиндік полития», «Поэтика» және т.б.

 

Философиялық көзқарастары:

Аристотель білімі екі бірдей философиядан тұрады. «Екінші философия» - физиканың пәні материя мен үздіксіз қозғалыста және өзгерісте болатын сезімдік заттар болса, «Бірінші философия» - метафизиканың қарастыратын мәселелері: табиғи құбылыстардан тыс жатқан, өзгермейтін, мәңгі, қозғалмайтын мәнділік. Оны танып-білу табиғатты танып-білуден құндырақ, сондықтан философия физиканың алдында тұрады да, «Бірінші философия» деп аталынады.

«Бірінші философия», бір жақты қарасақ, дүниенің алғашқы бастамасы – Құдайға байланысты мәселелерді қарастыратын болғандықтан, теология деп аталуы керек сияқты. Бірақ Құдайдың өзі алғашқы бастамалардың бірі болғандықтан және философия мәнділіктердің алғашқы бастамаларын ғана қарастырмай, оның себептерін де зерттегендіктен, ол теологиядан әлдеқайда ауқымдырақ және тереңірек.

Өзінің ілімін Аристотель мәнділікті болмыс деп қарастырудан бастайды да, оны сол болмыстың өзіне тән категориялары арқылы түсіндіруге тырысады. Осы тұрғыдан мән категориясы – мәнділікті түсінудің кілті. Ол өзіне дейінгі ойшылдарға ұқсап мәнді материалдық зат (от, жер, су, ауа, атом) ретінде де, идея ретінде де қарастырмайды, оны өзіне тән әртұрлі көріністеріне байланысты тануға болады дейді. Мәннің көріністері:

1-түпнегіз, субстракт;

2-болмыстың мәні;

3-болмыстың мәні мен түпнегізден тұратындар;

4-жалпыға бірдей әмбебап жалпылық;

5-жалпылық;

6-ерекшелік.

Мәннің бұл аталған көріністерінің ішінде біреуі ғана – «болмыстың мәні» мәнділік болады, ал қалғандары мәнділік бола алмайды. «Болмыстың мәні», түр (форма), «алғашқы мән» синоним ұғымдар. Аристотельдің пікірінше, форма – кез-келген жалпы бастама емес, жай жалпылық қана, осы тұрғыдан алғанда, ол жалқылар мен жалпылар арасындағы ерекшеліктердің арқасында өмір сүрді. Форма сапа да, сан да, заттар арасындағы қатынастар да емес, ол – заттардың мәні, онсыз заттар өмір сүре алмайды. Сезімдік заттар көлемінде, оның мәні ретінде форма (түр) заттардан бөлек өмір сүрмейді. Қаншама ерекшеленген (топталған) заттар болса, соншама форма бар. Формалардың сатысымен ең жоғарғы түрі – материядан тыс өмір сүретін алғашқы қозғаушы күшке дейін жетеміз. Ондай форманы ешкім дүниеге әкелмейді, ол мәңгі.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (19/09/2022)
Просмотров: 106 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: