ПЛАТОН (АРИСТОКЛ) (б.д.д. 428 немесе 427 ж.ж. Афина (немесе Эгинде) – б.д.д. 348 немесе б.д.д. 347 Философиялық көзқарастары: Платонның ілімі бойынша, идея мен материядан басқа үшінші бастама – әлемдік рух немесе ғарыш рухы шығармашылық күштің, қозғалыстың, тіршіліктің, жанның, сананың және таным процесінің қайнар көзі ретінде идеялар әлемі мен заттар әлемін қосып, байланыстырады, ол заттарды идеяға ұқсауға, ал идеяларды заттарда болуға көндіреді. Осы екі әлемді біріктіріп, байланыстыру үшін, ғарыштық рухтың өзі қарама-қайшылықта болуы керек. Шынында да, ол қарама-қарсы үш бөліктен тұрады: бірінші – өзіне өзі тең бөлік (идеялар әлемі), екіншісі – өзгермелі бөлік (материя) және үшіншісі – сол екеуінің қосындысынан тұратын бөлік (сезімдік заттар әлемі). Ғарышқа рух беретін – демиург. Ол ғарыштың мәңгі бастамасы, себебі және жүйеге келтіруші. Әлемдердің пайда болу себебі – демиургтің жігері. Олай болса, ғарыш-демиург жігерінің материя арқылы заттандырылуы және сол әлемнің тірі организмдерге айналуы. Ғарыштың тіршілік иелерінікі сияқты ақылы мен жаны бар. Ғарыштық денелер материядан (от, жер, ауа, су) тұрады. Бұл түпнегіздер әртүрлі пішінді болғандықтан, өзара байланыса келіп, көп түрлі денелер құрайды және жоғарыда айтылғандай, өзіне-өзі тең бөлік (идеялар әлемі) пен өзгермелі бөлікті (материя) қосып, ғарыш рухын дүниеге келтіреді. Ғарыш рухы немесе әлемдік рух екі түрлі (ішкі және сыртқы) қозғалысты тудырады. Сыртқы қозғалыспен Күн, Ай планеталары қозғалады. Бұл – әлемдік рухтың бірінші қызметі. Ғарыш рухыгың екінші қызметі – танып-білу. Ол өзіне-өзі тең бөлігінің біріккен бөлігі арқылы заттар әлемін танып-біледі. Ал адамдардың денесі төрт түпнегіздің қосылуынан жаралғандықтан, өлгеннен кейін олар ғарышқа қайтып оралады. Дененің басты міндеті – жан орналасатын қорған болу ғана, сондықтан ол жанға тәуелді, оның құлы. Жан тіршіліктің (өмірдің) идеясы ретінде мәңгі. Дене өлгеннен кейін ыдырап, ғарышқа кері қайтса, жан аспанға он мың жылдан кейін (әлемдік бір жыл) ғана оралады. Жанның өзі әртүрлі болады. Бір түрі – философия арқылы тазарып, денесіз өмір сүретін жандар болса (бұл жандар қатарынан үш рет философтардың денесіне енуі мүмкін), екіншісі – өз өмірін қиянатсыз, бірақ философтардан бір саты төмен өмір сүрген адамдардың жандары және үшіншісі – күнәһар өмір сүрген адамдардың жаны. Демиург жаратқан жандар аспанда болған кезінде идеялар әлемін көріп, танып-біледі, бірақ жере түсіп, адамдардың денесіне орналасқанда көрген-білгеннің бәрін ұмытып қалады. Осыдан келіп, Платон таным процесін – ол жанның ұмытып қалған идеялар әлемін еске түсіруі деп қорытынды жасайды. Материалдық денелер идеялардың бейнесі болғандықтан, жан оларды көргенде ұмытып қалған идеялар әлемі туралы білгенін еске түсіреді. Жанның осы жолмен алған білімі нағыз ақиқатқа жатады. Аспан әлемінің гармониясын зерттейтін ғалымдар арқылы алған білім ақиқатқа жақын, себебі олар иедялар әлемі туралы тікелей білім бермесе де, соған жақындатады. Ал сезімдік денелер туралы күнделікті тәжірибелер арқылы алған білім шындыққа жанаспайды, себебі ол болмыс (идеялар әлемі) туралы білім емес, олардың көлеңкесі тіралы алынған білім. Осыдан келіп, Платонша, сезімдік танымның ақиқатты тану жолында ешқандай маңызы жоқ, себебі түйсіктер арқылы алған деректер заттардың өзіндегі құбылыстар туралы білім емес, тек адамдардың пікірінде ғана қалыптасқан ұғымдар. Ал заттардың көзге көрінбейтін шын мәнін (идеясын) тек ақыл-ойдың (жанның) күші арқылы білуге болады. Сондықтан шын ақиқатты түсіндіріп білу үшін, ол заттар әлемінен аластатылып, жанның идеялар әлемінде көрінгендерін есіне түсіруге мүмкіндік алуы керек. Бұл жолда оған Эрос көмектеседі, себебі ол адамдарды шығармашылыққа жетелейтін құдіретті күш. Идеяны, эросты басшылыққа алған өмір өнегелік идеясын (игілік, қайырымдылық) жүзеге асырады. Ол тек рухани махамббат (Платонша, махаббат дегеніміз осы) негізінде ғана мүмкін. Игілік (қайырымдылық) дегеніміз – жанның реттілігі мен гармониясы. Платонның түсінігінше, данышпандық, естелік және әдеттілік. Бұл игіліктер адамдардың бәріне бірдей дарымайды. Осы игіліктердің даруына қарай қоғамдағы әлеуметтік топтарды үш топқа бөлуге болады. Олар: игіліктердің төрт түрі дарыған философтар, сондықтан олар мемлекетті басқарулары керек, данышпандықтан басқа, қалған үш игілік дарыған әскербасылар, т.б. Ал игіліктің соңғы екеуі ғана дарығандар қолөнершілер, шаруалар, саудагерлер, т.б. Осы аталған әлеуметтік топтардың әрқайсысы мемлекетке пайдалы және өте қажет. Сондықтан мемлекет өз тарапынан азаматтарын игілік рухында қалыптастыруға, тәрбиелеуге жағдай жасауы керек. Идеалды мемлекетте доғарыда аталған үш әлеуметтік топ бір-бірімен жарасып, әрқайсысы өз ісімен айналысады да, мемлекетте қайырымдылық (игілік) орнайды. Өзінің идеалды мемлекет идеясын жүзеге асыруға (Дионисияда, яғни қазіргі Сицилияда) тырысқан Платонның іс-әрекеті сәтсіз болады. Платон – мәдениет тарихында өшпес із қалдырған ұлы ойшыл. Оның көптеген ой-пікірлері кейінгі ұрпақ философтарға үлкен ықпалын тиізіп, күні бүгінге дейін өміршеңдігін көрсетіп келеді.
Философиялық афоризмдері: Барлығынан надан қалмау үшін, барлығын білуге талаптанба. * * * Жақсы басталған іс – жартысы біткен іс. * * * Ақылсыздықты екі белгісінен білуге болады: ол өзіне пайдасы жоқ сөзді айтады, не біреудің ісіне жөнсіз араласады. * * * Әсемдіктің жолы ауыр. * * * Меніңше, әрбір есті адам өзінен жақсы кісінің қасынан табылуға тырысады. * * * Басқа адамға да ашулануға мүмкіндік беріңіз. Егер сіз дауыс көтерсеңіз, оның да дауыс көтеруге құқығы бар. * * * «Менің, - деді Агафон, - сенімен дауласуға шамам жоқ, Сократ. Сенің айтқаның болсын». «Жоқ, сүйікті Агафон, сенің ақиқатпен дауласуға шамаң жоқ, ал Сократпен айтысу – оңай шаруа». баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 107 | |
Всего комментариев: 0 | |