Пәлсапа пернелері

СОКРАТ

(б.д.д. 469 ж. Афины – б.д.д. 399 ж. сонда)

Көнегрек философы, Платонның ұстазы. Өзін Құдайдың сүйген пендесі деп санады. Ол антикалық мағынадағы диалектиканың негізін қалады.

Сократтық әдіс бойынша ақиқатқа жету – диалогтық, сұхбаттасу арқылы жүзеге асады. Ол ақиқатты анықтаудағы өз өнерін «майевтика» (кіндік-шеше) өнері деп атады. Бұл тәсіл сұрақ қойып, оған жауап алу арқылы адамның ақиқатқа өз бетінше жетуі, яғни ақиқатқа жете отырып ұғымды анықтау. Сократ үшін философия дегеніміз нақты өнегелік, әдептілік, моральдық құбылыстарды қарастырып, олардың мәнін ашу. Ол этикалық реализмнің негізін салды.

Сондай-ақ Сократ – гректер арасынан шыққан, объективтік идеализмнің негізін салушы. Ол Афиндағы демократиялық құлдық құрылыстың ыдырау кезеңіне сай келді. Сократ үстемдік құрған құл иеленушілердің адамгершілікке жатпайтын сорақылықтарын, олардың сыйынған құдайларын сынады. Өйткені бұл кезде Афиныдағы бұрын орнаған демократиялық тәртіп бұзылып, үстемдік құрғандар демократияны аяққа басқан, талай заңсыздық, опасыздық әрекет жасап, қылмысқа батқан кезде болатын. белгілі моральдық принциптерді ұстаған Сократ бұл сұмдықтарды аямай әшкерелеп, жастарды адамгершілік тұрғысынан жаңаша тәрбиеледі.

Антика философиясының екінші кезеңі атақты ойшыл-философ Сократтың есімімен тығыз байланысты болғандықтан, «Сократтан кейінгі» немесе «классикалық кезең» деп аталады. Ол жазбаша еңбектер қалдырмаған, оның философиялық көзқарастары бізге Платон, Аристотельдердің еңбектері арқылы жетті.

 

Философиялық көзқарастары:

Сократ ауызша пікірталастырып, диалог арқылы өзінің қарсыластарын қарастырылып отырған мәселе туралы жаңа, тың білімге әкелуге тырысты. Бұл жолда ол мысқылдауды ақиқатқа жетудегі таным құралы етіп алады. Сократ қарапайым, түк білмейтін адам сияқты көрінеді де, қарсыласына олардың өздері жақсы білетін сұрақтарды қояды, қарсыласы ол сұрақтарға жауап бергеннен кейін, тағы да алдын-ала дайындалған сұрақтар қойылады, сөйтіп қарсыласы өзінің бастапқы айтқан пікіріне өзі қарсы пікір айта бастайды. Осы кезде Сократ мысқыл-кекесінмен қарсыласын менменшіл, өзім білем сияқты пікірінен толығымен арылтады да, енді онымен бірге өзі де көтерілген мәселені айқындай түсуге, реті келсе, оған түсініктеме беруге тырысады. Сөйтіп, Сократ өзінің қарсыласын қойылған сұрақтарға жауап беру арқылы біртіндеп ақиқатқа жақындата түседі. Өзінің осы тәсілін ол майевтика (дүниеге келетін сәбиді қабылдау өнері деген мағынада) деп атайды. Майевтиканың мақсаты, қарастырып отырған мәселеге түсініктеме бере отырып, осы сияқты құбылыстардың бәрін қамтитын жалпы ұғымды қалыптастырмақ болады. Бұл ретте қарсыластары ол ұғымды қалай қалыптастыру керектігін түсінбегендіктен, ол «Мен өзімнің түк білмейтіндігімді білемін» деген қағиданы өз философиясының негізгі қағидаларының бірі етіп басшылыққа алды. Осыдан келіп, ол екінші қағиданы ұсынады, ол – «Өзіңді өзің танып-біл!». Өзіңді өзің тану деген – өзіңді қоғамдық, әдептілік тұлға ретінде қарастыру арқылы барлық адамдарға тән өнегелі негізгі қасиеттері төңірегінде этикалық ұғымдар қалыптастыру. Сократтың пікірінше, моральдық өлшемдер объективтік құбылыстар. Ал жақсылық пен жамандықтың арасындағы айырмашылық салыстырмалы емес, абсолютті бағытта болады. Сондықтан софистер сияқты бағыттылықты пайлылықпен теңестіруге болмайды, бағыттылық игілікке пара-пар. Жақсылық жасағанда, ол жақсылықтың не екенін білген дұрыс. Егер адамдар жақсылықтың да, жамандықтың да не екенін, олардың табиғатын түсініп-білетін болса, онда олар еш уақытта да жамандыққа бармас еді. Жамандықтың өзі жақсылықтың не екенін білмегендіктен болатын салдар. Сондықтан адамдар баюға, жұмыс бабында жоғарылауға, мемлекеттік басқару ісіне араласуға, т.б. құмартпаулары керек, керісінше, «өз қамыңды өзің ойлап», өзіңді өзің өнегелілік, интеллектуалдық жағынан көтер, бұл ретте адамдарға философия көмек береді.

Өмірінің соңғы кезеңінде Сократқа жастарды бұзыд, құдайларды жоққа шығарды деген кінә тағып, ол у ішіп өлуі керек деген үкім шығарады. Түрмеден қашып шығуға (ізбасарларының көмегімен) мүмкіндігі бола тұра, ол мемлекетте қабылданған және өмір сүріп тұрған заңды бұзбау керек деген пікірді желеу етіп, б.д.д. 399 жылы өзінің достарының, ізбасарларының алдында у ішіп өледі. Сократтың өмірі оның ілімінің қалай іске асқандығын көрсетіп берген ғажайып өмір болды. Сократтың: «Әр адамның өз пікірі болуы мүмкін, бірақ ақиқат олардың бәріне ортақ – ол біреу ғана» деген тұжырым, сол сияқты ұғымдардың ауыспалылығы туралы (кейбір жағдайларда олардың бір-біріне ауысып отыратындығы туралы) идеяларды өзінен кейінгі ойшылдарға үлкен әсер етіп, ұғымдар диалектикасы туралы ілімінің қалыптасуына және дамуына ойтүрткі болды.

Рақымшылық және бақыт туралы Сократтың ілімдері б.д.д. V-IV ғ.ғ. кең етек алған екі философиялық мектептің – киниктер мен гедонизмнің этикалық ілімдерінің өзекті мәселесіне айналды.

 

Философиялық афоризмдері

Ой қуу дегеніміз – өлімге дайындалу.

* * *

Иә, мен олардан ақылдырақпын, өйткені өзімнің ештеңе білмейтінімді білемін, ал олар білмесе де «бәрін білеміз» деп ойлайды.

* * *

Бар-жоғын сезбей-ақ ғұмыр кешуге болатын заттар қаншама десеңізші!

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (29/08/2022)
Просмотров: 154 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: