Пәлсапа пернелері

ГЕРАКЛИТ ЭФЕССКИЙ

(б.д.д. 544 – 483 ж.ж.)

Философиялық көзқарастары:

Гераклиттің пікірінше, қарама-қайшылықтар тепе-тең жағдайда болады, бірақ ол тепе-теңдік қарама-қарсылықтардың күресі арқылы бұзылады да, дүниеге жаңа заттардың пайда болуына мүмкіндік туады. Қарама-қарсылықтардың күресі – әлемде өзгерістердің болуының негізі заңдылығы. Күрес – жалпыға бірдей, барлығы күрестің және қажеттіліктің арқасында пайда болады.

Осындай қарама-қарсылықтардың күресін Гераклит үндестік ретінде қарастырады. Бірақ мұндай үндестік көрінбейді, айқын емес, онысымен де ол өте күшті және әлемдегі барлық денелерге тән. Осындай үндестікте жамандық, ұсқынсыздық сияқты келеңсіз құбылыстар тұрақсыз келеді де, жақсылық, көркемдік сияқты абсолютті құбылыстармен араласып, жойылып кетеді. Бірақ бұларды көрумүмкін емес, оларды көру тек құдайларға тән. Сондықтан да адамдардың мынау әділеттілік, мынау әділетсіздік, мынау жаман, мынау жақсы дейтіндерінің бәрі құдай үшін әділетті, жақсы, көркем.

Осыдан келіп, Гераклит адамдар логоспен күнде кездесіп жатса да, оны танып біле алмайды деген қорытындыға келеді. Оның себептері әртүрлі. Бір жағынан, табиғаттың өзі сырын көп аша бермейді, екіншіден, адамдардың көпшілігі әбден тойынған, сондықтан олар табиғат сырын түсінуге талпынбайды. Оған қоса, осы көпшіліктің талап-мүддесін қорғаштаған халық ақындары да, ұстаздар да (Гомер, Гесиод, т.б.) табиғат сырын түсінуге мүмкіндік бермейді, себебі олардың жырлары, ілімдері логосты түсінуге бағытталмаған. Үшіншіден, көп білгендік те логосты түсінетіндей ақылға ақыл қоспайды. Данышпандықтың белгісі – дүниенің бірлігін мойындап, логосты танып-білуге кедергі құбылыстардан өзін алшақ ұстап, сол дүниенің даму заңдылықтарына бағынуы.

Гераклит адамдар табиғатынан бір-бірімен тең десе де, шын мәнінде олардың тең еместігін мойындайды. Олардың теңсіздігі – талғам-мүдделерінің әртүрлілігінің салдары. Көп адамдар логос заңымен өмір сүрмейді, өз түсінігімен өмір сүреді. Ондай адамдар өз ынтызарлығының билігінде болады. Бірақ олар бір нәрсені түсінбейді. Мысалы, олардың барлық тілектері орындалса да, жағдайлары соншалықты жақсармас еді. Жалпы, адам мемлекеттік құрылымның да, табиғаттың да негізін қалайтын логос заңына мойынұсыну арқасында өз заңын тыныштыққа бөлеп, айқындайды, сөйтіп, бақытқа кенеледі.

Гераклиттің ілімі ежелгі грек, әсіресе стоиктер философиясына үлкен әсер етті, солардың арқасында бүкіл Батысқа тарады. Гегель, Лассаль, Ницше сияқты ғұламалардың еңбектерінде Гераклиттің көптеген идеялары одан әрі дамытылып, жалғастырылды. Гераклиттің іліміне марксистер де көп көңіл бөлді.

 

Философиялық афоризмдері:

Саулықтың қадірін ауырғанда білетініміз сияқты, жақсылықты жамандық арқылы да, дем алуды шаршау арқылы білеміз.

* * *

Халық заңды өзінің тірегі, өзін күзететін қабырға – дуал ретінде қорғауға тиіс.

* * *

Өзара әңгімені әркім одан көп пайда көріп, көп білім алатындай етіп жүргізу керек.

* * *

Шындық суайттар мен жалған куәгерлерді мұрттай ұшырады.

* * *

Өзара әңгімені әркім одан көп пайда көріп, көп білім алатындай етіп жүргізу керек.

* * *

Даналық, әдемілік, тағы басқа тұрғыдан алғанда ең данышпан адамның өзі құдаймен салыстырғанда маймылдай-ақ боп көрінеді.

* * *

Өркөкіректіктің алауын өрттен бұрын өшір.

* * *

Дананың ойы – баланың ойыны.

* * *

Оттың өлгені – ауаның туғаны, ауаның өлгені – судың туғаны. Жердің өлгенінен су, судың өлгенінен – ауа, ауаның өлгенінен от пайда болады және керісінше.

* * *

Мен ешкімнен дәріс алған емеспін, өзімді өзім зерттедмі, өзімнен өзім үйрендім.

* * *

Ашуды ауыздықтау қиын: ырқына көнгенің – ажалыңнан бұрын өлгенің.

* * *

Көруге, естуге, дәмін татуға болатын нәрсені мәнді деп есептеймін.

* * *

Даналықтың жалғыз-ақ мәні – барлық жерде бәрі мойындайтын дәйекті ойды танып-білу.

* * *

Қалай қақсап, бұл жұртқа қайтып ұрсам –

Анық сөзді ұқпайды айтып тұрсаң!

* * *

Өзіміз тірі кезде, жанымыз – өлі, өзіміз өлгенде жанымыз тіріледі.

* * *

Көп нәрсенің сырына жетіктер ғана философиямен айналыссын.

* * *

Дана Биант бір қалыптан аспаған,

Сөзі асыл болсадағы басқадан.

* * *

Күллі нәрсенің, бар болмыстың әкесі – соғыс.

* * *

Эллиндіктердің бәрінен ақылды боп саналатын Гомер сияқты, жұрт көріп тұрғанын тани алмай шатасады. Гомерді бит сығып отырған балалар: ұстағанымызды жерге тастап жатырмыз, ұстамағанымыз өз үстімізде қалды деп алдаған ғой!

* * *

Соқырдан көру деген немене деп сұрасаң, соқырлық деп жауап берер еді.

* * *

Тыңдап отырып ұқпайтындар саңырау тақылеттес, оларды қасында отырса да жоқ деп есептеуге болады.

* * *

Ой-сана – адамзаттың ұлы ақиқатты айту һәм табиғаттың үніне құлақ түріп, соған сәйкес әрекет ету.

* * *

Өзгергені – өлгені...

* * *

Өзін-өзі танып-білу, ойлау, адам атаулының бәріне тән қасиет.

* * *

Маңызды мәселеде шалағай тұжырым жасама.

* * *

Нәпсіні тыю – ашуды жеңуден де қиын.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (23/05/2022)
Просмотров: 133 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: