Пәлсапа пернелері

ГЕРАКЛИТ ЭФЕССКИЙ

(б.д.д. 544 – 483 ж.ж.)

Көне грек Сократқа дейінгі кезеңдегі философ, Милет мектебінде қалыптасқан философиялық дәстүрді ілгері дамытушы, Эфес қаласынан шыққан саяси қайраткер, ғұлама ойшыл.

Оны ілімдегі терең ойлары үшін «Тұңғиық» (немесе «Күңгірт») деп атаған. Алғаш рет диалектиканың тарихи немесе алғашқы бастамалық формасының негізін қалаушы. Диоген Лаэрцийдің айтуынша, Гераклит өзі әйгілі патшалар тұқымынан болса да (Эфес қаласының іргетасын қалаған әйгілі Андрокльдің тікелей ұрпағы), отандастарына заң жазып беруден бас тартқан. Мемлекеттік істерден барған сайын қол үзе берген ол, өзіне тиіс атақты інісіне ұсынып, бос уақытында балалармен асық ойнауды ұнатқан. Ақыры, бүкіл адамзат атаулыдан безініп, биік тауларға шығып, тауда өсетін өсімдіктерді қорек етіп, жалғыз өмір кешкен. Міне, осындай қиын өмірді таңдап, Гераклит алпыс жасында шемен (жалпақ тілмен айтқанда, сары су) ауруынан қайтыс болады.

 

Философиялық шығармалары:

«Табиғат туралы» деп келетін шығармасы бар (бұл еңбектің тек 130-дай фрагменттері сақталып, бізге жетті). Шығарма «Барлығы туралы», «Мемлекет туралы», «Құдайлар туралы» деп келетін үш бөлімнен тұрады.

Аңыз бойынша, Гераклит оны Эфес қаласының қорғаушысы Артемида ана-құдайының храмына сыйлаған. Бұл шығарма кейін көшіріп алудың арқасында бүкіл Элладаға кеңінен тарайды. Афинада оны Еврипид Сократқа оқытқан деген дерек бар. Гераклиттің көрегендігі жұртты таң қалдырған. Оны алмастай өткір сөздері жұмбаққа және терең ойларға толы.

 

Философиялық көзқарастары:

Гераклит заттардың түпнегіздік-генетикалық бастамасын От деп есептеген. От мәңгі және Құдай тектес. Әлемді Құдай да, адам да жаратқан жоқ, ол өз заңдылығымен бірде лапылдап жанып, бірде өніп тұратын, әр уақытта болған, бар және болатын тірі От. Оттан Ғарыштың пайда болуын Гераклит Оттың жетіспеушілігінен болатын төмен қарай жол десе, Оттың молдығынан Ғарыштың кері Отқа айналуын, өзінің түпнегізіне қайтып келуін жоғары қаоай жоқ деп атаған. Сөйтіп, төмен-жоғары қарай мәңгі қозғалыстың нәтижесінде жалқыдан барлық заттар, керісінше, заттардан жалқы жаратылады. Әлемнің өзгеру тәртібі мен өлшемі, оның объективті заңы – логосқа байланысты. Логостың өзі от сияқты. Бірақ сезім үшін – От сияқты болып көрінсе, ақыл-ой үшін, ол – Логос, объективті заңдылық. Логос тек қана Ғарышқа ғана тән заңдылық емес, ол адам жанына да тән. Адамның жанына тән Логос ылғалдың булануынан пайда болады, ал керісінше, жан өлгенде, ол суға айналады. Жан тек ылғалды ғана емес, сонымен бірге құрғақ та болуы мүмкін. Сонымен, жан қарама-қарсы екі құбылысты – ылғалды және құрғақ жаннан тұрады. Ылғалдық жаман жандарға тән. Мысалы, ылғалды жан маскүнемдерге, ауруларға, күнделікті ләззат іздеген адамадрда кездеседі. Ал құрғақ жан данышпан, ақылды адамдарда кезедседі. Жанның құрғақтығы – оның логосы. Мұндай логос Ғарышты билейтін объективтік логос сиқты шексіз, терең келеді. Сондықтан жанның шегіне жетемін деп талпынсақ, жан логостың тереңдігі соншама – оған жете алмайсың.

Қарама-қарсы құбылыстар тек жан логикасына ғана тән емес, ол жалпы ғарыштық құбылыс. Мысалы, теңіз суы балықтар үшін таза болса, адамдар үшін – арам, сондықтан балықтар ол сумен қоректеніп өмір сүрсе, адам оны ішсе, ауруға шалдығады. Сол сияқты ең әдемі деген маймыл адаммен салыстырғанда ұсқынсыз болып келеді. Гераклиттің салқын жылынады, ыстық салқындайды немесе денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің деген пікірлері, жоғарыда көрсетілгендей, заттардың қарама-қарсылықта және үздіксіз өзгерісте болып тұратындығын көрсетеді. Осыдан келіп, ол барлық денелер өзен сияқты ағып жатады, ал бір өзенге екі рет түсуге болмайды деген қоырытнды жасайды. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (16/05/2022)
Просмотров: 142 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: