АНАХАРСИС СКИФСКИЙ (б.д.д. VI ғасыр, шамамен 605-545 ж.ж.) Ақын, көне скифтер арасынан шыққан грек ойшылы, ақыл-парасатымен дүниеге даңқы шыққан данышпан. Орталық Азия мен қазіргі Қазақ елін мекендеген скифтердің шығыстан батысқа қоныс аударуы нәтижесінде Қара теңіздің солтүстік өңіріндегі скифтер мемлекеті пайда болды. Ал Қара теңіз жағалауы скифтері өз замандастары гректермен тығыз қарым-қатынас жасаған. Бұл аймақтағы тарихи байланыстар жөнінде бірсыпыра анық мәлімет беретін «Тарихта» Геродот Скиф даласынан шыққан ғұлама Анахарсис туралы маңызды дерек қалдырған. Анахарсис Скиф жерінен Эллада еліне біздің заманымызға дейін 594 жылы келеді. Оның шыққан тегі туралы алғашқы деректі Геродот былайша береді: «Ариапифаның сенімді кісісі, тыңшысы Тимнен естуім бойынша, Анахарсис әке жағынан Скиф патшасы Идантирстің ағасы болып келеді. Спаргапифтен Лик, Ликтен Гнур, одан Анахарсис туған». Анахарсистің басты мақсаты – Эллада еліне барып, мемлекет ісін, философия ғылымын игеру еді. Анахарсис өз Отанында тамаша тәрбие алып, ана тілін жетік меңгергендігімен қатар грек тілін де жақсы білген. Ол өзінің скиф және эллин халықтарының өмір-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, кәсібі туралы 800-ден астам еңбектері бар. Анахарсиси Солон арқылы афиналықтардың салт-дәстүрімен, заңымен, мемлекет құрылысымен тереңірек танысады. Скиф данасы көне грек ойшылдарын, грек мәдениеті мен өнерін біліп қана қоймай, оларға сын көзбен қараған. Оның көзқарастарынан далалықтардың дәстүрлі дүниетанымы байқалады. Анахарсистің даналық сөздерінің болмыс бітімі қазақтың белгілі шешен-билерінің сөздерімен қабысып жатыр. Эллин жерінде жүрсе де, тұрмыста скифтерше өмір сүреді. Плутархтың «Жеті данышпанның сауығы» деген әңгімесінен Анахарсистің эллиндер елінде өзінің ақылымен, адамгершілігімен, терең білімімен үлкен құрметке ие болғаны байқалады. Геродоттың баяндауына қарағанда, Анахарсис Эллада елінде оқып, білім алып, мемлекет ісіне үйреніп, еліне қайтады. Анахарсис туған Отанында оны көре алмаушылардың қолынан қаза табады. Геродот Анахарсистің қайғылы өлімінің себебін скифтердің әдет-ғұрпымен байланыстарыд. Атақты реформатор Солонның төмендегі жалынды сөздері ұлы скиф данышпаны анахарсиске арналады: «Афиналықтар, мен сендер үшін әділетті заң жасадым, оны өздерің үшін де, мемлекет үшін де өте пайдалы деп есептеймін. Ал мына жателдік азамат... скиф бола тұра ақылға бай, дана. Ол менің көзімді ашты, ойымды байытты, көптеген пікірлерімді басқаша байыптауға көмектесті, толып жатқан кеңес беріп, білім мен пайдалы іске үйретті. Сондықтан да бұл азаматты ел үшін де, мемлекет үшін де құтты деп санап, оның мүсінін мыстан құйып, ең бір құрметті жерге қалаулыларының мүмсіндерімен қатар қойыңдар!». Анахарсис – озық ақылымен өз ортасына өгей болған қасіретті тұлға. Оның қабірінің басындағы құлпытасқа «Тіліңді, нәпсіңді, құлқыңды тый!» деп жазылған.
Философиялық афоризмдері: Бұл Элладада сайысқа нағыз майталмандар қатысып, ал оларға май басып шайқалғандар төрелік ететіні ғажап екен! * * * Маскүнем болмау үшін не істеу керек деп сұрағанда: «Маскүнемнің жиіркенішті бейнесі көз алдында тұрсын!» деп жауап беріпті. * * * Элладалықтардың қатыгездікке қарсы заң шығарып, ал сайыскерлерді бірін-бірі қан қылғаны үшін марапаттайтыны қызық! * * * Элладалықтардың тойдың басында шарапты кішкентай тостағанмен ішіп, лықа тойып алған соң үлкен ыдыспен сіміретініне қайранмын! * * * Кеме тақтайының қалыңдығы төрт елі екенін біліп ол. «Кемедегілер ажалдан төрт елі жерде жүр» депті. * * * Тірі көп пе, өлі көп пе деп сұрағанда: «Кемеде жүргендерді қайсысына жатқызамыз?» деп сауал қойыпты. * * * Қандай кеме қауіпсіз деп сұрағанда: «Жағада тұрған кеме» деп жауап беріпті. * * * «Көргенімнің ішіндегі ең ғажабы – элладалықтардың түтінді тауға қалдырып, отынды қалаға алып кететіні!» депті (көмір туралы). * * * Элладалықтар сыбызғы тарту үшін әуелі шарап ішіп мас боп алады екен. Біреу скифтерде сыбызғы бар ма деп сұрағанда: «Сыбызғы түгілі жүзім де жоқ!» депті. * * * Афиндік біреу оны скиф деп кемсіткенде: «Мен Отаным үшін ұяламын, ал сен үшін Отаның ұялады!» депті. * * * Базар – бірін-бірі алдап, тонау үшін әдейі жасалынған жер. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 147 | |
Всего комментариев: 0 | |