СОЛОН АФИНСКИЙ (б.д.д. 638 – 559 ж.ж.) Афиндік саясаткер, ұлы ойшыл, ақын әрі заңгер. Кезінде әйгілі жеті данышпанның бірі атанған. Платон оны «жеті кемеңгердің ең данышпаны, бекзат ақын» деп бағалаған. 594 жылы афиндықтар Солонды архонт (билеуші, төбе би) қылып сайлап, жаңа мемлекеттік тәртіп орнатуға төтенше өкілеттік береді. Жұрттың бәрі бұл шешімді ризашылықпен қабылайды: байлар оны ауқатты деп бағаласа, кедейлер адал адам деп оған үміт артады. Солон қанша жерден игі жұмсақ болғанымен билік құрған кезінде онша осалдық танытпаған. Ықпалды деп алпауыт-шонжарлардың ығына жығылмайды, заң түзгенде осылар мені қолдап еді ғой деп сайлаушыларға да іш бұрмайды. Дұрыс тұрған нәрсені, түзеудің жөні осы екен деп, орынсыз өзгертуден бой тартады. Тек сендіру арқылы іске асыруға болатын шараларға жүгінеді. Тіпті күштеген күннің өзінде де қарсылық туғызбайтындай болғанын қалайды. Осыған байланысты ол «күштеумен заңды ұштастыра білдім» дейді. Солон сексен жасына Кипрде қайтыс болған. Өсиеті бойынша сүйегін өртеп, күлін туған жері – Саламинаға әкеп шашып жіберген.
Шығармалараы: Солонның басты еңбегі – шығарған заңдары, оған қоса көптеген үлгі, насихат тұрғысындағы ғақлия, бес мың жолдай элегиялық өлеңдер жазған. Солардың біразы қанатты сөзге айналып, қазір ұрпақтар аузында қалды.
Философиялық афоризмдері: Халқыма мен билікті қажетіне қара бердім: Ұжданына тимедім, артық құқық та бермедім. Байлығымен, айбынымен елден асқан ерлерді де ойладым – Басқаларға қорлатып, басындырып қоймадым. Ортасында тұрып алып қалқаныммен жасқадым. Жол бермедім әділетсіз жеңуіне басқаның. * * * Бай болғым келеді, бірақ адал байлықты қалаймын. Арамнан жиған дүние түбіне жетті талайдың. * * * Байлар көп жамылған кісі атын, Ал жақсылар – мүсәпір. Қалай айырбастаймыз кісілікті бір қапшық ақшаға: Өйткені кісілік әрқашан өзімізде қалады. Ал ақша – бүгін сенде, ертең кетер басқаға. * * * Ұлы істе бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. * * * Сөз дегеніміз істің көрінісі. * * * Кім бәрінен күшті, сол ғана патша. * * * Өзгеден жауап талап ете отырып, өзің де есеп бер. * * * Көпті қорқытқан көптен қорқуға тиіс. * * * Заң қарақұрттың торы сияқты: Әлсіздер шырматылып, түк шықпасын ұғады. Ал күштілер бұзып-жарып шығады. * * * Қылмысты қалай жоюға болады деп сұрағанда: «Зәбір шеккенге де, шекпегенге де бірдей ауыр тиетіндей болсын!» депті. * * * Өзгеге бұйырмас бұрын өзің бағынып үйрен. * * * Қартайдым, бірақ ылғи да көп нәрсені үйренудемін. * * * Солоонның баласы өліп жылап отырғанда біреу: «Бұған енді шара жоқ қой!» дейді. Сонда Солон: «Шара жоқ болған соң жылап отырмын!» депті. * * * Мен күштеп мәжбүрлеуді заңмен ұштастырдым. * * * «Әкесін өлтіргенді жазалау туралы неге заң шығармадыңыз?» деп сұрағанда: «Ондай заңның қажеті болмай-ақ қойсын!» деп жауап беріпті. * * * Құдайды құрметте, ата-анаңды ардақта. * * * Әрқашанда ақылың жетекші болсын. * * * Халық билеген елде тұру мен үшін бәрінен қымбат. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 119 | |
Всего комментариев: 0 | |