ПИТТАК МИТИЛЕНСКИЙ (б.д.д. 651 – 569 ж.ж.) Әйгілі жеті данышпанның бірі. Он жылдай Свиданы билеген. Афиндықтар мен митилендықтар Ахилентида аралына таласып бір-бірімен соғысқанда, Питтак митилендықтарды, ал олимпия жеңімпазы – бессайысшы Фринон афиндықтарды басқарады. Ол қарсыласын жекпе-жекке шақырып, қалқанына жасырған торды оңтайлы сәтте басына орап жібереді де, оны буындырып өлтіреді. Сөйтіп басшысынан айырылған афиндықтар жеңіліп, даулы жерді қайтарып алады. Кейін биліктен кеткенде, митилендықтар қадірлеп оған еншіге жер бөліп береді. Сонда Питтак: «Жарты – бүтінне үлкен» деп, ол жердің кішкентай бір бөлігін ғана алыпты. Сосикраттың айтуынша, ол онсыз да ақшам керегінен екі есе көп деп Крез патша берген пұлды алмай қойыпты. Бұлай дейтін себебі, Питтак артында баласы жоқ, қайтыс болған ағасының мұрагері екен. Оның Тиррей деген баласын Ким қаласында шаш алдырып отырғанда бір ұста балтамен шауып өлтіріпті. Қаланың азаматтары қылмыскерді тұтқындап, Питтактың алдына жібереді. Сонда Питтак оқиғаның қалай болғанын анықтап біледі де: «Өкінгеннен кешірген жақсы!» деп, оны қоя береді. Билік жүргізген кезінде «Аралда шарап көп деп есі кеткенше ішпес үшін маскүнемге екі айып салынсын» деген заң шығарған.
Философиялық афоризмдері: Кісіні сынағың келсе – билік бер. * * * Ойға алған ісіңді жария қылма, орындалмаса – күлкіге қаласың. * * * Не бұлыңғыр? – Болашақ. * * * Не сенімді? – Жер. * * * Не сенімсіз? – Теңіз. * * * Ақылды пәлені болмай тұрып болжай біледі, батыр келген пәлені жеңе біледі. * * * Біреудің сәтсіздігіне күлме, сондай болудан қорық. * * * Ең жақсы не? – Істеген ісіңді жақсылап істе. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 136 | |
Всего комментариев: 0 | |