КЛЕОБУЛ ЛИНДСКИЙ (б.д.д. VI ғасырдың бірінші жартысында) Грек ойшылы, әйгілі жеті данышпанның бірі. Диоген Лаэрций жүгінген Дуридің мәліметі бойынша, ол Родос аралындағы Линда шаһарында дүниеге келіп, кейіннен сол қаланың билеушісі болған. Әділ билігі, кең мінез, кемел парасатымен даңқы шығады. Клеобул билік құрған кезде елге құт-береке қонып, Линда барынша көркейді. Зорлық-зомбылық ауыздықталып, бұқара жұртшылық шынайы демократия мен бостандықтың шырын дәмін татады, яғни Клеобул өзінің осынау қайраткерлік тәжірибесі арқылы дана басқарған ел озатының дүлей басқарса тозатынын дәлелдеп кеткен. Ол томырық, дүмшелер сияқты достан жау іздемеген, қайта дұшпанды дос қылуға тырысып, бауырына тартқан. Сондықтан да өз елдерінде қағажу-қиянат көрген озық ойлы даналар, өнерпаздар айналып-үйіріліп соны пана тұтатын болған. Көбінесе ондайларды Клеобулдың өзі арнайы шақыртып алады екен. Мәселен, жұзым патша Писистраттың заманында басы сергелдеңге түсіп, шетте қуғында жүрген кемеңгер Солонға былай деп хат жолдағаны мәлім: «Сенің досың көп, барлық жерде үйің де бар екенін білемін. Бірақ тілімді алсаң, саған Линдадан артық жер жоқ, өйткені мұнда шын мәнінде халық билік құрады. Бұл арал теңіздің ортасында орналасқан, сондықтан Писистраттың құрығы саған жете қоймайды. Ал достарың болса, шартараптан келіп тұрады». Клеобул сырт тұлғасы аса сымбатты әрі өте қайратты адам болыпты. Соған қарап замандастары оны Геркклдің тікелей ұрпағы деп аңыз таратқан. Жақсы даңқымен бірге жасасып келе жатқан көп игі істерінің бірі – оның сәулет өнеріне деген айрықша ықыласы. Мысалы, оның Данай іргетасын қалаған Афина храмын қалпына келтіруі әлі күнге дейін тарих жадында.
Философиялық шығармалары: Клеобул көне Грек пен Мысыр философиясын терең меңгерген. Айналасына даналарды жинап қана қоймай, олармен өнер жарыстырған, талайдан ой оздырып, артына сөз қалдырған кемеңгер. Ақындыққа бой ұрып, өлең де жазған. Диогеннің айтуынша, ұзын-ырғасы үш мың жолдық өлең, жұмбақтары сақталыпты. Тіпті Мидас патшаның қабіріндегі Гомерге таңылып жүрген өлеңді де Клеобул жазды деген дерек бар. Клеобул жетпісті алқымдаған шағында, ел-жұрты әулие тұтып әлпештеген қадірлі қалпында пәниден өтеді. Оның қабіріндегі құлпытаста мынадай өлең жолы айшықталған: Дана өлді, жұрты сөзін Дұғалықтай жаттайды. Линда – Отаны сүртіп көзін, Күңіреніп жоқтайды.
Философиялық афоризмдері: Дана адам – жалғандықтың жауы. * * * Аз сөйлеп, көп тыңда. * * * Өзің жек көргенді өзгеге тілеме. * * * Мөлшер бәрінен маңызды. * * * Тағдырдың сынынан абыроймен өте біл. * * * Мазаққа ұшырағандарға күлме – өзіңе жау табасың. * * * Бақ қонса – тасыма, қасірет көрсең – жасыма. * * * Не нәрседе сабыр сақтап бел ортаны ұстасаң – Өмірің тыныш, қор болмайсың ешқашан. * * * Мас құлды жазалама, өзің масқара боласың. * * * Досыңа да, дұшпаныңа да жаға біл: Досыңның достығы артады, Қасың пиғылынан қайтады. * * * Үйден шығып бара жатқаннан: неге кетіп барасың деп сұра; қайтып келгенде: не бітірдің деп сұра. * * * Қыз баланы жасы – бойжеткен, ақылы – әйел боп ержеткен кезде ұзат. * * * Өзіңе тең жар таңда – өкініші болмайды. Тегі жоғарының туыстары билеп-төстеп қорлайды. * * * Білімге асық бол, надандықтан қашық бол. * * * Елің көзінше әйеліңмен аймаласпа, не онымен керіспе. Біріншісі – есерлік, Екіншісі – мінез емес кешерлік. * * * Жақслыықтың досы бол, жамандықтың қасы бол. * * * Жалғандықтан қаш. * * * Жаулық іздеп жанталаспа. * * * Мейлі үлкен, мейлі болсын кішкене, Еш нәрсені зорлықпенен істеме. * * * Әділетпен билік құрса Әмірің, Рақат деп соны айтсаңшы, Тәңірім! әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 159 | |
Всего комментариев: 0 | |