ЛАО-ЦЗЫ (ЛИ ЭР, ЛАО ДАНЬ, ЛАО ЛАЙ-ЦЗЫ) (б.д.д. VI-V ғ.ғ. Қытайдың оңтүстігіндегі Чу патшалығы) Философиялық афоризмдері: Аспан мен жер – мәңгілік. Аспан мен жер өздері үшін өмір сүрмегендіктен мәңгілік. Міне, неліктен олардың мәңгілік бола алатындығы осыдан. * * * Ең жақсысы – бір нәрсені толтыруға талпынғаннан гөрі, еш нәрсе жасамау. Егер ылғи бір өткір нәрсені қолдана берсе, ол өзінің өткірлігін ұзақ уақыт сақтай алмайды. Егер зал алтын мен яшмаға толтырылған болса, оны сақтап қалуға ешкімнің шамасы келмейді. Егер байлар мен атақтылар дандайсынушылық танытса, олар өздеріне бақытсыздық шақырады. Ісі аяқталған кезде адам аулақ кетуі керек. Көктегі даоның заңы осындай. * * * Бес бояу көруді нашарлатады. Бес дыбыс естуді нашарлатады. Бес дәм сезушілік дәмді нашарлатады. Жылдам жүріс пен аңшылық жүректі қобалжытады. Бағалы заттар адамды қылмыс жасауға итермелейді. Сондықтан кемеңгер данышпан өмірді толымды етуге тырысады, бірақ оны әдемі заттарға ие болу үшін жасамайды. Ол соңғыдан бас тартады және алғашқымен шектеледі. * * * Адам жердің заңдылықтарын ұстанады. Жер аспанның заңдылықтарын ұстанады. Аспан даоның заңдылықтарын ұстанады, ал дао өз-өзін ғана ұстанады. * * * Білетіндер айтпайды, ал айтушылар білмейді. * * * Ауырлық жеңілдіктің негізі болады. Тыныштық қозғалыстың негізі болады. Сондықтан кемеңгер данышпан күні бойы адымдап, ауыр жүгі бар арбадан алыстамайды. Ол тамаша өмір сүрсе де, ол өмірге терең бойламайды. Неліктен он мың арбаның иесі әлемге менсінбей қарайды? Елемеушілік оның негізін қиратады, ал асығыстық биліктен айырады. * * * Адамдарды білетін адам – зерделі. Өзін білетін адам – білімді. Басқаларды жеңген мықты. Өзін жеңген құдіретті. Молшылықты білген бай. Кім қажырлықпен әрекеттенсе, сол жігерлі. Кім өз табиғатын жоғалтпаса, ұзақ өмір сүреді. Кімде-кім өлсе де ұмытылмаса, сол – мәңгі. * * * Қарама-қарсыға ауысу – бұл даоның әрекеті, әлсіздік даоның қасиеті. Әлемде барлық заттар болмыстан туады, ал болмыс бейболмыстан туады. * * * Не жақын – даңқ па, әлде өмір ме? Не қымбат – өмір ме, әлде байлық па? Нені бастан кешіру ауыр – ие болуды ма, әлде жоғалтуды ма? Кім көп қор жинаса, сол жоғалтады. Кім қалтасын көп толтырса, сол үлкен шығынға батады. Кім қанағаттылықты білсе, сол табысқа жетеді. Кім шектеуді білсе, сол қауіпке бой ұрмайды. Сол ұзақ өмір сүре алады. * * * Егер мен білімді болсам, онда үлкен жолмен жүрер едім. Мен қорқатын жалғыз нәрсе – бұл тар соқпақтар. Үлкен жол өте түзу, бірақ халық соқпақтарды ұнатады, соны қалайды. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 157 | |
Всего комментариев: 0 | |