Пәлсапа пернелері

СЮНЬ-ЦЗЫ (СЮНЬ КУАН, СЮНЬ ЦИН)

(шамамен б.д.д. 313 ж., Чжао патшалығы – б.д.д. 238 ж. кейінгі, Чу патшалығы)

Конфуцийлік дәстүріндегі ұлы қытай ойшылы.

Ци Линьцзы патшалығының астанасы атақты Цзися философиялық академиясында және Цинь легистік патшалығында бірнеше рет болған (б.д.д. ІІІ ғ. басында). Б.д.д. 255-238 ж.ж. Чу паталығындағы Ланьлин уездінің басқарушысы болып тағайындалады. Отставкаға кеткеннен кейін педагогикалық қызметпен айналысады.

Сюнь-цзы өзінің өмірінің соңғы жылдарында «жетілген ақыл иесі болуының орнына, керісінше есі ауысқан адам» болуға мәжбүр болады. Ертедегі философиясындағы тұрпайы материализм өкілі Сюнь-цзы Конфуций ілімінің материалистік бағытын қолдады.

 

Философиялық көзқарастары:

Ол Көк-Аспанды нақты заттар ретінде: жұлдыздар, күн мен ай, жыл мезгілдері жарық пен қараңғы, жел мен жауын деп түсінді. Аспан әлеміндегі түрлі құбылыстар белгілі заңдылықпен жүреді деді. Таным сезімнен басталады, ал сезімді тудыратын табиғи заңдылықтар. Сана (син) сезімді билейді. Адам табиғатында не жақсы, не жаман қасиеттер жоқ. Олар кейін пайда болады.

Сюнь-цзы адам мәнінің ерекшелігі туралы пайымдағанда, оның әлеуметтік мәнін айқын түйсінген. Ол былай деп жазады: «Адамның күші өгіздің күшінен кем, жүгіру қабілеті жылқыдан төмен, бірақ ол жылқыға да, өгізге де жұмыс істетеді. Неліктен бұлай? Оның жауабы: адамдарда бірге өмір сүру қабілеті бар, ал өгіз бен жылқыда ондай қабілет жоқ». Бұл қорытынды, біздіңше, классикалық қытай философиясында адам мәнін ұғынудағы маңызды саты болған. Батыстық философияда бұл идеяны дәл осындай айқын түрде Аристотель айтқан еді. Сюнь-цзының пікірінше, әлемде тұратын адамдардың бірге тұрмауы мүмкін де емес екен.

Сюнь-цзы адамдардың бірге тұруының, яғни қоғмның негіздерін түсінуге талпынған. Ол ешқандай мифологиялық бастауды іздемейді және ғылыми деуге тұрарлық түсіндіруді табуға талпынуы оның даусыз еңбегі еді. Бірақ Батыстағы қоғамдық келісімнің теоретиктері (Т.Гоббс, Ж.-Ж. Руссо және т.б.) қоғамды тарихи тұрғыда емес, сол кезеңнің буржуазиялық қоғамы ретінде қабылдайтыны сияқты. Сюнь-цзы да қоғам ретінде өз заманындағы қытай қоғамына сыни көзбен қарамайды. Бұдан оның: «Адамдар ненің арқасында бірге тұра алады? Жауап беремін: міндеттерді өзара бөлісудің арқасында. Ондай бөлініс қалай мүмкін болады? Жауабым: парыз сезімінің арқасында. Сондықтан парыз сеніміне сай бөлініс жүргізілгенде, ол келісімге алып келеді; адамдардың арқасында келісім болса, ол бірлікке жетелейді; бірлік күштің молаюына, ал күштің көптігі құдыреттілікке жеткізеді; құдыреттілік заттарды жеңуге мүмкіндік береді.

Сюнь-цзы өзі өмір сүрген қоғамдағы еңбек бөлінісі мен оның негізіндегі әлеуметтік қызметтің бөлінісіне арқа сүйеген. Теңсіз бөліністің қажеттілігіне негізделіп, ол өз трактатында экономикалық мәселелерді де қарастырған.

Демек, Сюнь-цзы ілімін талдай келіп, мынадай қорытынды жасауға болады. Бұл ілімде этикалық бастау Конфуций немесе Мэн-цзы ілімдерімен салыстырғанда аса маңызды болмайды, өйткені бұл бастауды саяси және экономикалық бастаулар ығыстырған. Осының салдарынан адамгершіліктің маңызы жол-жора мен парыздан төмен болады. Бірақ Сюнь-цзының бекзат ер (цзюнь цзы) мен қарапайым адамның (сяо жэнь) өзара орын алмастыру мүмкіндігін жоққа шығармауына байланысты оның ілімін Конфуций мен Мэн-цзының ілімдерінен (Хань дәуірінің конфуцийшілерін айтпағанда) әлдеқайда адамгершілік сипатта болады және оған адамның әуелгі зұлым таибғаты туралы қағидасы кедергі болмайды.

Сюнь-цзы Конфуций іліміне материалистік нышан енгізген. Әлемнің негізі материалдық күш (ци) және оның екі түрі болады (инь және ян). Әлем өзінің табиғи заңдылықтары арқылы өмір сүреді, көк тәңірі – әлемнің құрамдас бөлігі ғана, оны зерттеп, сырын ұқса адамдардың мақсат-мүдделеріне пайдалануға болады, бақытты, бақытсыз болу, сау немесе ауру, бай немесе қайыршы болу адамдардың өзіне ғана байланысты. Бұл тұжырым Абайдың ауруды жаратқан Құдай, бірақ нақты адамды ауру қылған Құдай емес; байлық, кедейлікті жаратқан Құдай: бірақ белгілі бір адамды бай немесе кедей қылған Құдай емес, адамның бақытты яки бақытсыз болмағы өзінен дейтін ойымен үндесіп жатыр. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (11/01/2022)
Просмотров: 136 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: