Пәлсапа пернелері

МО-ЦЗЫ (МО ДИ)

(б.д.д. 470 – 391 ж.ж.)

Ежелгі ұлы қытай ойшылы.

Мо-цзы Конфуций дүниеден өткеннен кейін тура екі жылдан соң дүниеге келді. Чжаньго әулеті билік еткен тұста өмір кешкен ол елдегі ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі әлеуметтік тәртіптің ыдырай бастағанын көріп, Мо-цзы өзаратүсінік пен махаббат идеяларынан бастау алатын жаңа қоғамдық-саяси тәртіп орнату керегін түсінеді.

Моизм мектебі б.д.д. IV-III ғ.ғ. аралығында дүниеге келді және оның гүлдену кезеңі б.д.д. IV-ғасырға келеді. Мектептің ең танымал өкілдері – Цинь Хуали, Мэн Шэн, Сюй Фань және Тянь Цзи. Мошылдар қатаң бағыныштылық тәртіпті сақтайтын ұйым құрған, оның мақсаты Мо-цзы идеяларының тазалығын сақтап, аспан асты елінде тарату болған. Бұл мақсатқа жетудің ең басты құралы ретінде олар жеке үлгі көрсетуді және билеушілерді үгіттеуді таңдаған.

Моизмнің негізгі шығармасы – «Мо-цзы» трактаты.

Моизм ежелгі қытай философиясында конфуцийшілдікке алғашқы теориялық жауап ретінде белгілі. Хуайнань-цзының айтуынша, алғашқы кезде Мо-цзы конфуцийшілдікті жақтаған, бірақ кейін оны қатты сынға алған. Ежелгі Қытайдың басқа философиялық ағымдарымен салыстырғанда моизмнің екі ерекшелігі бар: теологияға жақындығы мен ұйымдастырушылық рәсімделуі, бұлар логикалық-әдіснамалық тақырыпқа деген қызығушылықпен қосылғанда оны схоластикалық реңкке бояйтын.

Даошылдық және конфуцийшілдік философиямен танысу барысында біз оның өткенді аңсауын байқадық. Даошлыдар үшін бұл «даналығы асқан ойшылдар» өмір сүрген тарихи кезең, ал конфуцийшілдер үшін – Яо, Шунь және Юй сияқты есімдері аңызға айналған патшалардың заманы болатын. Мо-цзы мен оның ізбасарлары сол кезеңді Алтын ғасыр деп білген. Мо-цзы аталған патшалар мемлекеттік билік пен қоғамдық әділеттіліктің тізгінін бірдей деп есептеген.

 

Философиялық көзқарастары:

Мо-цзы мемлекеттік билікті қалыптастырудың патриархтық жүйесімен келіспейді, онда мемлекеттік лауазымдар билеуші әулетке жақындарға, туыстарға үлестірілетін. Мо-цзы «дарынды құрметтеу» тезисін ұсынған, онда адамдар мемлекеттік қызметке әлеуметтік жағдайына емес, қабілеттеріне қарай алынатын. Сонда ғана әділеттік қағидасы салтанат құрады. Мо-цзының айтуынша, шенеуніктердің текті болуы міндет емес, ал қарапайым адамдардың міндетті түрде тексіз болуы шарт емес.

«Аспан» категориясы конфуцийшілдіктегі сияқты моизмде де құдіретті саналады және оған антропоморфты қасиеттер телінеді. Ол, Мо-цзының пікірінше, бәрін көріп, бәрін естиді, оның сезімдері мен қалаулары болады, ол ізгілік пен әділдіктің ең жоғарғы үлгісі болады, ал «Аспанның бұйрығы» жақсылық пен жамандықты айырудың өлшемі болады. Аспан мен адамдардың арасын жалғаушы нәрсе «рухты көру» болады.

Мо-цзы ілімі Конфуцийдің ілімі сияқты, әлеуметтік философиядан гөрі этикаға жақын еді және оның негізгі қағидасы – «жалпыға бірдей махаббат пен өзара тиімділік» қағидасы болатын. Ұл қағида бойынша, әрбір адам іс-әрекеттерін «Аспан асты елінің пайдасымен» сәйкестендіріп, халықтың әл-ауқатына зиян келтіретін нәрселерден бас тартуы тиіс.

Мо-цзы идеяларының ішіндегі махаббат идеясы ерекше танымал, ежелгі заманнан бергі бүгінге шейін, Мо-цзының есімі аталса, дәл осы идея еске оралады. «Мо-цзы жалпыға бірдей махаббатты дәріптегенде, отбасынан бас тартады» деген пікірді айтқан екен Мэн-цзы (б.д.д. 372-289 ж.ж.).

Біздің барлық біліміміз екі нәрседен: сезімнен (у-лу) және ойлаудан (син) туындайды дейді. Таымда көп жағдай ат қоюға байланысты екенін айтады. Мәселен, жалпы, рулық атау, жеке атау бар – дейді олар. Жеке атау нақты затты басқалардан бөліп қарауға мүмкіндік береді. Мо-цзылықтар янь (пікір айту) категориясын, былайша айтқанда, логикалық әдісті қолдады.

Мо-цзының саяси, адамгершілік және діни идеялары өзінің еңбектерінде көрініс тапты. Ол қоғамда орын алып отырған тәртіпсіздіктер адамдардың бір-біріне деген күндестіктерінен және олардың эгоизмдерінен болады деген қорытындыға келеді. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (20/12/2021)
Просмотров: 180 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: