Пәлсапа пернелері

ЕЖЕЛГІ ШЫҒЫСТЫҢ ФИЛОСОФИЯСЫ

Ежелгі Шығыс философиясы б.д.д. Х ғасырынан басталады. Бұл қола дәуірінен темір дәуіріге көшу, рулық-тайпалық құрылымның ыдырауы, тауар-ақша қатынастарының қалыптасуы, мемлекеттердің пайда болуы кезеңдері болатын. Сондай-ақ, ежелгі Шығыс философиясы соған дейін қалыптасқан мифологияны, одан соң діни көзқарасты сынаудан, ғылыми сананың қажеттігін сезінуден басталды.

Ежелгі Шығыс философияның қалыптасуы екі түрлі проблема төңірегінде жүргізілді. Бірі – Аспан, Көк, Ай, Күн, Жер, осылардың шығу тегі, олардың өзара байланысы, әлемдегі барлық тіршілікке әсері жайлы болса, екіншісі – адамгершілік, адамдық қатынас төңірегінде қалыптасқан. Бұл мәселелер әуел баста мифологиялық ұғымдар түрінде болды. Айталық, егер – дін тек сенуді ғана қажет етсе, мифология олардың себептерін ашуға тырысады. Ал философия қашанда олардың ғылыми тұрғыда себептерін іздестіреді. Оны екі түрлі: материалистік және идеалистік көзқарастармен түсіндіруге болады.

Алғашқы Қытай философиясы Конфуций мен Дао данышпаны – Лао Цзы төңірегінде топталды. Егер ертедегі Үндістанда барлық философиялық ағымдар ведизммен байланысты болса, Қытайда олар Конфуций төңірегінде қалыптасты. Мәселен, болмыс мен биболмыс, олардың мәні және арақатынасты жайында болды. Үнді философиясында Аспан мен Жерді – жұбайлар ретінде қараса, Қытай философиясында, осы пікірді негізге ала отырып, Аспан – ерлер, Жер – әйел рухы ретінде қарастырылады. Қытай философиясы бойынша түрсіз, түссіз, бейнеленбейтін, ретсіз әлемде екі рух пайда болды: олардың бірі – Аспан, бірі – Жер. Үнді философиясында ерте бастан-ақ болмыс пен биболмыс арасында байланыспен қатар, айырмашылық та бар екені айтылады. Биболмыс-асот – ретсіз ғарыш әлемін бейнелейді. Ең жоғарғы Брахман – бұл мәңгі өзгермейтін, жойылмайтын болмыс, ешқашан тумаған, өлмейтін құбылыс. Ол әрі мәнді, әрі мәнсіз, табиғи нәрселерден аулақ.

Дәл осындай пікір Қытай философиясында да орын алған. Дао – мәнді, мәнсіз, түссіз, шексіз, мәңгі қозғалыстағы тіршілік атасы. Барлық тіршіліктегі болмыстар биболмыстан жаралған. Сөйтіп, болмыс биболмыстан тарайды. Даоның жүрмейтін жері жоқ. Шын данышпан білімді іздемейді, оны ойлап табады, біледі. Сөйтіп ежелгі Шығыс философтары көп нәрсені айтып қана қоймайды, оның себептерін іздейді. Брахман – дүниенің себептері деген Үнді философтарының пікірі де осыған ұқсас. Болмыс пен биболмыс, жекелік пен көпшілік, мәңгілік пен мезгіл, өзгеріс – ойды оятады, дінмен бірге күресте таным дамиды дейді.

Сонымен қатар ежелгі Шығыс философиясы мен мәдениетінде көретілген мәселе – адам проблемасы. Адамдар мен құдайлар арасында белгілі бір заңдылық немесе байланыс бар деп есептеді олар. Жаратушы шектен тыс күш қана емес, ол сонымен қатар өкпешіл және кекшіл. Толып жатқан садақа, құдайы беру кәдесі содан шыққан. Үнді философиясы бойынша дүниеде мың басты, мың көзді, мың қолды, мың аяқты Перуш пайда болды. Ол алғашқы Рух – ғарыштың өзі. Оның ақылы – Ай, көзі – Күн, ерні – От, өкпесі – Жел жасады. Перуш тек ғарыштың ғана емес, адам қоғамының да негізі. Оның аузынан – абыздар (брахмандар), қолынан – әскер (кшатрий), қабырғасынан – сауда (вайша), табанынан – қалған барлық адамдар (шудралар) дүниеге келді.

Қытайда бәрі ганьгудан (алғашқы адам) пайда болды делінеді. Оның демінен – жел, бұлттар, басынан – күн күркіреу, сол көзінен – Күн, оң көзінен – Ай, денесінен – дүниенің төрт бұрышы қалпынан – өзен-су, терінен – жауын, шық, көз жанарынан – найзағай пайда болған. Қытайда осылардың бәрінің негізі Тянь деп есептеген. Тянь (Аспан) – қазақтың Тәңір деген ұғымынан ұқсас. Шығыста философияның негізін қалаушы – Конфуцийдің ойынша, әдет-ғұрып, тәртіп – ли. Ол болмаса – мемлекет, тәртіп, тазалық, әділеттік жоқ. Мемлекет, бір жағынан, адамдардың еркіндемеуі, екінші жағынан, сол адамдардың еркіндік күресінің тартысы. Міне, осылайша Шығыс философиясының қалыптасуына негіз болған Қытай және Үнді философиясы адамзат баласының келесі сатыларда (кезеңдерде) ақыл-ойының қалыптасып, бір жүйеге келуіне айтарлықтай қадам жасаған болатын.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (25/10/2021)
Просмотров: 184 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: