Ән тарихы

ЛӘЙЛІМ ШЫРАҚ

Біржан салдың елге аты жайылып, даңқы асқан кезі болса керек. Сапарлатып жүріп, бір ауылға келеді. Ауылда Біржанның замандастары, ауқатты деген Көлбай мен Жанбай есімді ағайындылар тұрады. Аздап менмендігі бар ағайындылар «Біржан сал келе жатыр» дегенді естігенде ләм-мим демей, бұрылып үйіне кіріп кетеді.

Біржан сырнайлатып-кернейлетіп жетіп, ауыл шетіндегі бір үйге түскен екен. Үй иесі Арқа даласына атағы жайылған әншінің асты-үсті күтіп жатады. Біржан да аянбай ән салыпты. Кеш батырып, түн ортасынан ауғанда ғана тоқтаған дейді.

Ауылға Біржан келді деп естігенде барлығы шеткі үйге жақындай береді. Солардың ішінде Көлбай, Жанбайдың Ләйлім есімді қарындасы да болса керек. Бірақ Көлбай «ана үйге жақындаушы болмаңдар» деп ескерткен соң, амалсыз әншінің дауысын алыстан ғана тыңдап отырады.

Таң атады. Біржан жол жүруге дайындалып жатса, қосшысы келіп «Ағатай, аттың шідері жоқ» дейді. Сал төңірекке қарап тұрып, бұлақ басына келген Ләйлімді көреді. Жақындай бере «Шідерімді көрмедіңіз бе?»,-деп сұрайды. Мына сұраққа таңырқаған Ләйлім басын шайқайды. «Кеше ауылға келгенімде, мені күтіп алмаған Көлбай мен Жанбайға бір қаратып айтып кетейінші» деп ойлайды да, домбырасын алып, жаңа бір әнге басады.

Әннің арасында «Ләйлім, Ләйлім» деп айтып тұрғаны анық. Сөз арасында шідерінің бағалы екенін айтып, неге ұрладың деп қояды. Ләйлім қыз одан бетер таңғалып, «Бір қайыс үшін барлығын ұры қылғаныңыз не?» дегеніне, «Шідерімнің бағасы қырық қысырақ» деп әнін айта береді.

Біржан ән айта бастағанда ауыл адамдары түгел далаға шығып, таңырқап қарап тұрады. Ішінде Көлбай мен Жанбай да бар. Бір-біріне қарап: «Біржанды тоқтатпасақ, мына әнімен біздің масқарамызды шығарайын деп тұр ғой. Ертең елге таралып кетеді, Көлбай, Жанбай ауылы деп сөзге қаламыз. Дайындалыңдар, әншіні үйге шақырыңдар, айыбымызды жуайық»,-дейді.

Көлбай, Жанбайдың ақ боз үйінде отырып, Біржан тағы бірнеше ән айтады. Арасында «Байекелер, кеше мені танысаңыздар да танымағандай болып, мына жұртты әнімді тыңдауға жібермегендеріңізді естідік. Бәріміз де пендеміз. Ешкімге ренішім жоқ. Бағана бұлақ басында Ләйлімге бір ән арнап едім. Енді сол әнімді тағы да жаңашалап  айтып берейін. Елдің ауызында қалатын ән ғой»,-деп Ләйлімге сол әуенмен, бірақ мәтінін көркемдеп тағы да ән арнайды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (27/05/2024)
Просмотров: 35 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: