Жалпы білім беру үдерісінде ҚАТАРДАН ҚАЛУ БОЛМАСА ИГІ Зерделесек, оқу жұмысын дұрыс ұйысдастырғанның өзінде де бірнеше нашар оқитын һәм үлгермейтін оқушылар табылып жатады. Бұл құбылыс мейілінше сан алуан себептерден тұрады. Бір сыныпта бірдей жағдайда оқып отырған оқушылардың үлгерімі түрліше болуы оқушының жеке бас психологиялық ерекшелігі себеп болады. Сабақты бір оқушылар тез оңды меңгерсе, екіншісі баяу қабылдайды, түсінбей үлгремеушінің қатарына қосылады. Әр оушының үлгермеушілік себебі әртүрлі болады. Басым балалардың артта қалуларының, үлгермеулерінің, сабақта және үйде жұмыс жасамауларының, ақырында екінші жылға қалуларының себебінің бірі – денсаулықтарының нашарлығы, көбінесе, білінбейтін һәм ата-ана, дәрігер мен мұғалімнің біріккен әрекеттері нәтижесінде ғана емдеуге болатын сырқат. Балалардың денсаулығына зер салғанда, жыл өткен сайын баланың рухани өмірінің, оның зияткерлік дамуының, ойлау қабілетінің, назарының, оның тындырымдылығының, дене күшіне тәуелділігінің таңғажайып көріністері айқындала бастайды. Кейбір балалардың реңдері жайнап тұрса да, олардың денсаулығына назар аударып, тексергенде астыртын кесел табылады. Астыртын кеселдер мен әлсіреу мұғалім сабақтың әр минутын ой еңбегін көп қажет ететін жұмыспен толтыруға тырысқан шақта айрықша білінеді. Әдеттен тыс ой еңбегімен қатты шұғылдану кейбір балалардың шектен тыс қимыл жасауына әкеп соғады, көздері бозарып, көз қарасы бұлдырап, қимылдары әлсірейді. Мұндай шапшаң қарқын сау балалардың өздеріне де ауыр әм залалды. Асылында, бала өз табиғатында білуге құмар талпынғыш келеді, ал мектепке алғаш келгенде оның көздерінен білімге деген құштарлық көрініп тұрады. Оқу – білімді механикалық түрде бере салу емес. Бұл – өте күрделі адамдық өзара қатынастар. Оқушы – алдымен адам, артынша еңбеккер. Еңбектің нәтижесін көрсе ғана жетістікке қол жеткізеді. Нәтижесіз оқу білімге деген ынтаны жояды. Түптің түбінде оқуға ынтасы жоқ оқушылар қайтеді? Күн сайын, ай сайын өз еңбегі туралы жаман деген бір сөзді естиді. Оның еңбегінің сипатын біртіндеп өзінің жеке басының сипаты деп қабылдайды, бала біртіндеп өзім де жаманмын деген сенімге келеді. Бала жанында керемет жасырын орын бар, ол – адамдық намыс. Оның жаны биязы, нәзік, осал, сезімтал, оны оп-оңай жаралап я жансыздандырып алуға болады. Бұл, әсіресе, оқудың бірінші сатысында – бастауыш мектепте маңызды, ондабала қиыншылықты жеңуді білмейді, онда сәтсіздік қайғы әкеледі. Егер бір сәтсіздіктен соң екінші сәтсіздік кездессе, бала біраз уақыт жапа шегеді. Баланың жан дүниесі жараланады, жансызданады, оған енді бәрібір болады. Сабақты үлгермеушіліктің тағы бір себебі – көптеген жағдайда тәрбиеге, өте жас кезінде баланы қоршаған жағдайға байланысты. Мектеп жасына дейінгі балалар мен төменгі сынып оқушыларының ата-аналары мен тәрбиешілері табиғаттағы ең нәзік, ең сезімтал нәрсемен – баланың миымен жұмыс істейді. Ал егер бала үлгермеуші бала болып шыққан болса, егер басқа адамдардың қолынан келетін нәрсенің бәрі оның қолынан келмейтін болса, демек, ол бала кезінде төңірегіндегі адамдардан өзінің дамуы үшін алуға тиісті нәрсені алмағаны. Адамның шексіз әуестігі, құштарлығы, білуге құмарлығы, табиғат сырларына таңданып, таңырқауы табиғатпен біте тумайды, адамнан ауысады. Олар – адамның қалыпты дамуы үшін өте қажетті, аса маңызды адамгершілік, қоғамдық қатынастардың элементтері. Ересек адамдар баланы тандануға, білмегенін сұрауға дағдыландыруы керек. Баланың әуестігі оның төңірегіндегілер үшін байқаусыз көрінеді. Бала неғұрлым көп сұрақ беріп, білуге ұмтылса, көбірек танданады, қуанады. Баланың санасында һәм оның ойында, сондай-ақ адамдық тандану, сұлулыққа таңырқау, адамның ақылына және оның қолының шеберлігіне таңырқау сақталып қалады. Анығында, үлгермеушіліктің тағы бір себептері: оқушының қатардан қалып қоюы әуелде ұсақ-түйектен басталуы мүмкін. Өтілген жадығаттың біраз жерін не тұтасымен бәрін түсіне алмай қалады. Осының салдарынан оқушы жадығатты меңгере алмайды. Жаңа сабақ өткен жадығатқа негізделіп жүргізілетіндіктен, оны да шала түсінеді. Сонымен біртіндеп оқушы бағдарламаның бір бөлігін шала түсінген немесе мүлде түсінбеген болып шығады. Мұғалім дер кезінде мұныбайқап көре білуі керек. Оқушының қалыс қалғанын өз бетімен жұмыс жасағанда да анықтауға болады. Кейбір оқушылар сабаққа ынта қоймай басқа жұмыспен айналысып, не алаң көңіл болып отырады. Мұғалім мұндай оқушыларды байқамай қалады да, олар ақырында сабақ үлгермеушілерге айналады. Сабақты үлгермеудің тағы бір себебі – мұғалім оқушының білімін жиі-жиі тексеріп, есепке алмағандықтан. Оқушының нақты білімін саралап анықтамайды. Ережелер құрғақ жатталынады. Уақыт жетпейді деген сылтаумен жаттығу жұмысы аз орындалады. Содан барып оқушылар білгенін, үйренгенін іс жүзінде қолдануға қиналады. Үйге тапсырма беру мен оны тексеру әдістемесінің дұрыс болмауы оқушылардың сабақты үлгермеуінің бір себебі. Үлгермеуші баланың ұқыпсыздығы мен зейінсіздігі, көбінесе, немқұрайлылықпен ұштасып, ойлай алмайтындығы, ұқыпсыздығы салақтыққа айналады. Осындай кемшіліктердің бәрін жоюға ұмтыла отырып мұғалім балаға сабақта да, сабақтан кейін де жеке көмектесуі керек. Бала мұғалімнің өзінен талап еткенін қайткенде де орындауға тырысады. Ол өзінің титтей табысын қадір тұтады. Мұғалімнің мақтауы ол үшін ойдағыдай еңбектенуге қажетті жаңа ішкі күш-жігердің қайнар көзіндей. Мұғалім баланың салдық-салақтығын бетіне баспауы һәм оның күш-жігеріне деген сенімін де жоғалтпауы керек. Баланы моралдық жағынан қолдап, төзімділік танытуы керек. Зады, баланың ойлау қабілетінде сапалы өзгерістер жасауға төтенше шаралар арқылы баланың ерік-жігеріне әсер ететін әлдеқандай құралдар арқылы жетуге болмайды. Ашып айтқанда, ақылды болуға мәжбүр ету мүмкін емес. Сондықтан мұғалімнен талап етілетін ең маңызды нәрсе – баланың өз күшіне деген сенімін нығайту һәм оның ой еңбегінде сәл де болса алға басушылық болатын сәтті төзімділікпен күту. әзірлеген ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
| |
Просмотров: 2067 | Комментарии: 3 | |
Всего комментариев: 0 | |