Күй аңызы

ҚАЙҒЫЛЫ ҚАРА

Күйші Мәмен мерген аңшы болған дейді. Күндердің күнінде мылтығын майлап, аң аулаймын деп, ауыл сыртына жаяулатып шығып кетеді. Қырсыққандай қыбырлаған түк жоқ. Әншейінде аяқ астынан пырылдап көтеріліп, ат үркітетін бөдене де жоқ. Күзгі ор қоянның өзі түгілі ізі де жоқ. Сөйтіп, күн де өтеді. Салы суға кетіп, қарауылға ештеңе іліктірмеген мосқал күйші үй маңына жақындап қалғанда, іргедегі төбеде жалбаң ете түседі. Жалт қараса  өлексе күткен құра құстан аумаған бірдеңе көреді.

«Құр қайтқанша, осыны алайын» деп мылтығын түзейді. Асықпай көздеп, демін тартып шүріппені басып қалады. Осы мезгілде әлгі құс дегені адамға ұқсап, шар ете құлап түседі.

Аңшы жүгіріп, әлгі жерге барады. Бұл өзінің жалғыз ұлы Кәрім екен. «Әке» дейді де үнсіз қалады. Мәмен мылтығын тізесіне бір салып, екі бүктеген күйі басынан асыра лақтырып жіберіпті. Тәлтіректеген қалпы «Әке» деп үзіліп кеткен ұлының үстіне құлайды.

Сөйтсе осыдан аз ғана бұрын Мәменнің жары Жәниба «ұлым, кеш батты,  төбеге көтеріліп әкеңді қарап келші» деген екен. Күні бойы үйде іші пысқан бала лезде жүгіріп барады. Төбенің басына шығып, әкесін ары-бері қарап іздейді. Ешкім жоқ. Не болса да күтейін деп, шоқиып отыра қалған екен. Ақыры ажал құшты.

Ұлы Кәрімнің өлімінен кейін Мәменнің өмірінің мәні кетеді. Анда бір сандалып, мында бір сандалып жүрді екен. Ермегі шер тарқатып домбыра тарту ғана. Өзінің «Қайғылы қара» атты күйі осы уақытта дүниеге келсе керек.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (05/11/2024)
Просмотров: 5 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: