ТЕПЕҢКӨК Баяғы заманда бір бай «қой баққанда мініп жүріңдер, мынаның шамасы сол» деп қойшыларына бір ат берген екен. Шабандығына бола әлгі ат «Тепеңкөк» атанған. Күндердің күнінде ауылға бір сыншы келіп, әлгі Тепеңкөкті малшылар мініп жүргенде, таңғалған екен. Шын жүйрік екенін көріп тұр. Қойшыларға жақындап: «Мынау байда жүйрік ат көп пе еді? Өрен жүйрікті қойға мінгізіп қойғаны қалай?»,- деп сұрайды. Қойшылар күліп қарап тұрып: «Қойға да жете алмай жүрген Тепеңкөкте қайдағы жүйріктік?!»,- деп бір-біріне қарап қарқылдапты. Сыншы аттың басын ауылға, байдың үйіне бұрады. Амандаса келе: - Байеке, бәйге атты қой қайыруға мінгізіп қойғаныңыз қалай?- дейді. - Анау ма бәйге аты? Жылқының ішіндегі мың салса, бір баспайтынның өзі. Қойшылар кейде далаға тастап, қойды жаяу айдап кетеді. - Байеке, менің жылқы танитынымды білесіз. Әр жүйріктің өз баптау әдісі бар. Тепеңкөктің үстіне екі қоржын құмды теңдеп, тер шыққанша етін қыздыру керек. Тер шығып, бауыры жазылған кезде, үстіндегі отырған адам қоржынды пышақпен тіліп жіберіп, құмын төгіп жіберсін. Сол кез мына саяғыңыз құстай ұшады,- деп кеңес айтады. Байдың сенбеске амалы жоқ. Келіседі де: «Бүрсігүні пәленшенің асында бәйге бар, мына Тепеңкөкті қосып көрейік»,- дейді. Бәйге күні байдың өзі шабандозға келіп, сыншының айтқанын істетеді. Бұл бәйгені көрген адамдар таңғалған деседі. Қойға ілесе алмай жүрген Тепеңкөк бәйгеде барлығынан оза шауып, бірінші келген дейді. Сол мезетте ауылдағы сыбызғышы «Тепеңкөкті» күйге қосады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 12 | |
Всего комментариев: 0 | |