ҚОСАЙДАР Баяғыда он екі ата Абақ Керейдің ішінде Молақ деген бір бай болыпты. Малы көп, малшысы да көп. Бірақ құдай ұл баладан қысқан екен. Айтбике деген жалғыз қызы ғана бар екен. Күндердің күнінде Арғын Қаракесектің Айдос деген атақты барымташысы жылқы айдап келе жатып, Молақтың үйіне түсіп, сусын ішеді. Ай мен күндей толықсып тұрған байдың қызына қатты көңілі кеткен Айдос кете алмай, айналсоқтап, ақыры Молаққа жылқышы болып жалданыпты. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Айдос пен Айтбике тіл табысады. Қыз тобықтыдағы бір байдың баласына айттырылған екен. Бірақ айттырылған адамы өліп қалған. «Әмеңгерім әлі жас және оған көңілім де толмайды» депті Айтбике. Сонымен Айдос пен Айтбике сөз байласады. Бір күні елдің бәрі тойға кеткенде, бір жас баламен жылқы күзетіп қалған Айдос, әлгі баланы байлап тастап, екі жүйрікті мініп, қосарына тағы ат алып, екеуі елден қашады. Молақ тойдан келсе, қызы да жоқ, Айдос та жоқ, жылқыда төрт ат жоқ. Баланың қолын шешіп, болған жайды естігеннен кейін дереу елдің бәріне хабар жібереді. Жұрт жабыла іздеп, қашқындарды еш жерден таба алмапты. Арада жыл өткенде Қарқаралының қалың жыныс орманынан Айтбике мен Айдос ұсталады. Сол екі арада екеуінен бала болып қойыпты. Сонымен Айдос – Қаракесек, Айтбике – сүйегі Керей, ұзатылған жері – Тобықты, үш елдің арасында жойқын дау болады. Тобықты мен Керей атқа қонып, Қаракесекті шабатын болады. Сол кезде Қосайдар би тоқсан екіге келіп отыр екен дейді. Елдің жақсылары: «шапқан оңай, одан кейін табысу қиын, әуелі көненің көзі еді ғой, Қосай атамыздың алдынан бір өтейік не дер екен?» дейді. Сөйтіп, дүйім жұрт Қосайдарға жүгінеді. Кәрі би: «жарайды, фәниден баяғыда баз кешкен едім, бірақ қан төгілгелі тұр екен, тағы бір атқа мінейін», – дейді. Болған жайға қанық болғаннан кейін үш күн ойланып, ақырында: «Ал, ағайын, көнсең, ескі жолда мынадай жосық бар. Құдалық амалсыз бұзылғанда, қалыңмалды өсіммен қайтарады. Және қайтарғанда, байталына дейін жылда құлындаған болып есептеледі. Бұл азамат мерт болып, құн төлегеннен жүз есе арзан. Содан соң қасқа жолдан да, жасақтан да ескі бір жосық бар. Егер де біреу бір елдің айттырылып қойған қызын сол елдің ықтиярынсыз алып кететін болса, онда кіндігінен туған бір ұлды сол елге қайтарады, яғни, қызын алып, ұлын береді», – депті. Сонымен ел бидің айтқанына тоқтасады. Сонда дауға қатысқан Байжігіт «Сендей кемеңгер болмас» деп шерткен күйі екен (аңыз Таласбек Әсемқұловтың «Тәттімбет сері» романынан алынды). баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 13 | |
Всего комментариев: 0 | |