ҚАРАКЕРЕЙ ҚАБАНБАЙ Он сегізінші ғасыр. Алакөлдің жағасы. Барлық тауының етегіндегі ауыл. Шамалап отыз-қырық отау тігілген. Он екі қанат ақ боз үй – батырдың үйі. Абылай ханның бас батыры – Қабанбайдың шаңырағы. Ауылда еркек кіндік онша көрінбейді. Бірлі-жарым күзет болмаса, қалғаны жорыққа кеткен. Қатын-қалаш, бала-шаға, шал-кемпір ғана жүр. Әркім өз шаруасын біледі. Бос жүрген ешкім жоқ. Бір кезде алыстан жалғыз қара көрінді. Жақындай бергенде «Сүйінші, сүйінші!» деген дауыс естілді. Ауылға кіре сала, бас үй жаққа шауып барды. Үйден ақ жаулықты әже шығып, жөн сұрайды. – Батыр сәлем айтып жіберді. Дайындала берсін. Жеңіспен келе жатырмыз деді. Мұны естіген әженің жүзіне күлкі үйіріліп, «міне, сүйіншің» деп қолындағы күміс білезігін шешіп берді. «Ал, қамданыңдар», – деді де үйге қайта кірді. Абыр-сабыр басталды. Жақын маңда атасы мен немересі жүрген еді. Қамсыз тірлікпен жүрген ауылдастарының бір сәтте жүгіре бастағанын көрген балақай: «Ата, не болып жатыр?» – деп сұрады. – Құлыншағым, батыр атаң келе жатыр. Әне, жіберген елшісін көрдің ғой. Кеш батпай өздері де келіп жетер. Ал мына жұрт дайындалып жатыр. Қабанбай атаң жеңіліп көрмегенін білесің ғой. Осы жолы да жолдары болды. – Ата, мен де батыр боламын. Мен де жерімді қорғаймын. – Әрине, онсыз бола ма?! Сен де ертең анау тұрған Барлық тауының арғы бетіне барып шынығасың. Қолға қылыш ұстау – өнер. Өнерге машықтану керек. – Ата, өткенде келгенде батырлар не үшін мына көлдің жағасында көп түнеді? – Мына Алакөлдің суы шипалы. Жай су емес. Соғыс болған соң жауынгер жарақат алмай қайтпайды. Біріне қылыштың жүзі, екіншісіне найзаның ұшы тиеді. Ал Алакөл сол жараның бетін жазуға таптырмас жер, – деді де, – Әне, қарашы, батыр келер жолға өнерпаздар жинала бастады. Осы уақытта ауыл маңына өнерпаздар жиналып, домбыра, сыбызғының құлақ күйін келтіре бастайды. Ауылдың әдеті бойынша, Қабанбай батыр жорықтан оралғанда ауылдастары сырнайлатып-кернейлетіп қарсы алады екен. Осы жолы да сол дәстүрден ауытқымады. Ал сол кезде тартылған сарын халық арасына кең таралып, «Қаракерей Қабанбай» күйі деп аталып кетіпті. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 33 | |
Всего комментариев: 0 | |