АҚСАҚ КИІК Құрманғазы нағашыларының ауылында қонақтап жатса керек. Бір күні нағашылары «әй, жиен, жүр аңға шығып келейік» дейді. Екі сөзге келмейтін Құрекең атын ерттеп соңдарына ілеседі. Сүт пісірім уақыт өткенде аңшылар бір үйір киікке жолығады. Құрманғазы нағашыларының алдында мақтанайын деп, «Нағашы-еке, киіктің қай жеріне тигізейін?», – дейді. Нағашысы қарап тұрып, «сирағы» деп өз аяғын көрсетеді. Құрманғазы басын изеп, ыңғайланып, атып қалады. Оғы дөп тиген екен. Үш аяқтап ақсаңдаған киік қашқан үйірінің соңына ілеседі. «Қуып жетеміз, алып келеміз» деген жігіттерге Құрманғазы рұқсат етпейді. Кешкісін Құрманғазы бір жаңа күй тартып отырады. Оны байқаған нағашысы бұл қандай күй деп сұрайды. Сонда Құрманғазы: – Нағашы-еке, жаралының бәрі жаралы, жанның бәрі бірдей, өмір үшін күресте кімге оқ дарымайды? Біздің тұсымызда жаралы жан жалғыз киік пе? Біз де соның қатарындамыз. Бағана мақтанға салынып кетіппін. Сол жерде бір-ақ оқпен атып тастауым керек пе еді?! Не мүлдем тиіспегенім дұрыс па еді?! Бұл күйімді анау ақсаңдап кеткен киіктей жаралыларға арнадым. Аты – «Ақсақ киік» болсын, – дейді. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 35 | |
Всего комментариев: 0 | |