ҚОДАННЫҢ ЗАРЫ Баяғыда қасқыр – уәзір болған, түлкі – бақауыл болған заманда Керей менен Жәнібек деген екі сұлтан аң аулап жүріп кеңес қылыпты. «Ханымыз арам болды, Алаш ұлы оның өгей баласындай болды. Ерлігімізден қанша жұрт айбынған ел едік, қадірімізді білмеді, жауға шапқанда – ертауыл, жаудан қашқанда – кезеуіл, тосқауыл, отқа да, суға да салып тауысып бітіретін түрі бар, не істейміз» десті. Ақырында «іргемізді аулақ салайық, бөлек кетіп ырысымзды сындайық» деп пәтуаласты. Ханның Қобыланды деген батыры болыпты. Сол Қобыланды бірде Арғынның Ақжол деген батырымен керіске шығып қапияда өлтіріпті. Қазақтың билері ханға барып Қобыландының басын сұрапты. Бірақ қорқау хан, айтқанының барлығын бере берсем, қазақ, күндердің күнінде менің басымды сұрар деп қорқып, сақтанып, Қобыландыны жасырып бермей қойыпты. Сонымен Керей мен Жәнібек бүкіл елді алып бір түнде көшіп кетіпті. Хан қаһарына мініп, қазақты қайтадан дәргейіме келтірем деп қуғынға жер қайысқан әскер шығарыпты. Әскерге Қобыландыны ләшкер қылыпты. Айтыпты «бар, сенің бүлігіңнен кетті қазақ, енді кінәңді жу, көнсе айдап кел, көнбесе еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін қырып сал да, қалғанын олжала» деп. Қобыланды қатты қайғырып үйіне келіп теріс қарап жатып қалады. Әскербасылар қайта-қайта келіп, батыр қашан аттанамыз деп табалдырығын тоздырыпты. Әйелі ақылды екен. Айтыпты «батыр, ханға көз қылып аттан, бірақ былай шыққаннан кейін әскерді тастап жалғыз кет. Кінәң зор. Қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтер. Шын ер, шын сақ екенсің, жаның – арыңның садағасы болсын, қазақтың алдына бар да басыңды өз болыңмен ұсын» деп. Бұл да дұрыс екен. Қобыланды әскерді бастап жорыққа аттанады. Аз жүреді, көп жүреді, содан жолда бір Кекілік деген тау бар екен. Сол жерге әскерді тастап, өзі қазақтың көшін қуып жетіпті. Ақжол батырдың әкесі Қотан тайшы деген адам екен. Сол кездің өзінде жүзден асқан, жағын шүберекпен байлап алып отырған қақсал екен. Қобыланды бүкіл алаштың көзінше Қотанның алдына келіп, қынабынан қылышын суырып Қотанның қолына ұстатыпты да, «міне, алдыңа өзім келдім, балаңның кегін ал, басымды шап» депті. Сонда Қотан қылышты тастап қолына домбырасын алыпты да бір күй шертіпті. Бұл күй кейде «Қоданның зары», кейде «Кештім» деп шертіледі. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 43 | |
Всего комментариев: 0 | |