БҰЛДЫ ҚҰС Атыраудағы Тайсойған құмының ішінде Ақкөл деп аталатын ботакөз айдын бар. Ақкөлдің жағасы шүйгін, қамыс-құрағы бітік, шаруаға қолайлы. Осы көлді Рабай, Әбіт есімді екі кісі қатар жайлап жүреді. Қоңсылас болған соң, бір- біріне деген сый-құрметтен де кенде болмайды. Төрт түлік малдың тісіне ілесіп күн көру ата кәсіп болғанмен, Әбіттің құс салатын да өнері бар екен. Бір-екі рет сәті түсіп, Әбіттіңжанына еріп, лашынның құс ілген өнерін көрген Рабай қатты қызығады. Шіркін-ай, осындай бір құсым болса ғой деп армандайды. Алайда, құрғақ арман құс бола ма, бір күні Рабай тәуекел деп Әбітке қолқа салады: Әй, Әбіт, сен құстың тілін білесің ғой, құрқол болмассың, мына құсыңды маған бер, мен де қызықтайын. Қарымтасына бір үйір жылқым дайын! дейді. Бұл сөзге Әбіт күліп: Әй, Рабай-ай, қызықсың-ау, лашынды құсқа бір салғаным бір үйір жылқы емес пе! деп кете береді. Әбіттің бұл сөзін Рабай кеңіліне алып, қап, мынау мені келеке қылды-ау деп іштей қамығады. Осыдан кейін Әбіт пен Рабайдың арасы салқын тартады. Күндердің күнінде бұл оқиға Есбайдың құлағына шалынады. Есбай Әбітпен де, Рабаймен де көңіл жарастырған дос болса керек, қап, бұлары жарамаған екен дейді де, бір орайлы кезде Ақкөлге келеді. Сол жерде Әбіт пен Рабайдың басын қосып отырып бір уәж айтады: Бірің құсты сұрап ала алмай, бірің бұлдап бере алмай жүргендеріңді естідім. Құс қанша бұлды болса да, бар болғаны екі қанат, бір құйрық қана. Мал өлер, дүние тозар, мен сендерге өлмейтін, тозбайтын бір күй әкелдім. Мына фәни жалғандағы достығымыздың бір белгісі болсын — деп күйін тартады. Әбіт пен Рабай күйді тыңдап, көздеріне жас алады. Өткінші мен өміршеңнің парқын бажайлап, пендешілік қылықтары үшін қапаланады. Есбайдың тартқан күйі ел арасында «Бұлды құс» деген атпен тарайды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 46 | |
Всего комментариев: 0 | |