ҚҰРОЙНАҚ Ертеде бір байдың жалғыз ұлы болыпты. Бай ұлының қолын қақпай еркін өсіреді. Бала ел ішінде бейне батырларша киініп, сауыт-сайман асынып, жанына нөкерлерін ертіп сән-салтанат құрып жүреді екен. Бір күні сейіл құрып, серуендеп жүріп орманнан шыға келсе, қара бұтаның ішінде бірін-бірі қуып ойнап жүрген құстарға кез болады. Олар үрікпей ойындарын жалғастыра береді. Бала дереу садағын алып атпақшы болғанда бір жолдасы: – Жоқ мырза, атуға болмайды, – деп әзер тоқтатады. Ертеңінде бай баласы әлгі жерге өзі жалғыз келеді. Құстар кешегі ойындарын жалғастырып ойнап жүргенін көріп, дереу бірнешеуін жайратып салады. Бірақ қалған құстар үркіп ұшып кетпеген. Себебі, бұл құстар үйірімен жүріп ойынға айналғанда ойыннан басқа еш нәрсеге көңіл бөлмейді. Бала екі-үш күннен кейін әлгі құр ойнағына қайта келіп, қалған құрларды бір-бірлеп ата бастағанда соңында жалғыз құр қалған екен. Ол шиқылдап ауланы айнала ұшып-қонып жүргенде: «Мұны несіне жалғыз қалдырамын» – деп оны да атып тастап, бала үйіне қайтады. Осы әрекетінен кейін бай баласы құстарды атқан жеріне бірнеше рет келеді. Асыр салып ойнап жүретін құстардың орнында қан сасыған жемтіктер мен шаңдағы шыққан ауланы көріп істеген ісіне өкінген бала мұңайып ұзақ отырып, еңсесі түсіп, көңілсіз үйіне қайтады. Содан баланың салы суға кеткендей мең-зең болып, ешқайда шықпай, серуен құруға да көңілсіз болып, аса бір мұң басқан күйге түседі. Осылайша Алланың жазмышы ма, әлде көп құрдың киесі ме, әйтеуір көп ұзамай бала қайтыс болады. Жалғыз ұлынан айырылған бай қатты қайғырып, Аллаға реніш білдіріп ашығып өлуге бел буып, төсек тартып жатып алады. Көптеген ақылгөй-даналар мен шешендер, сыр шертіп тоқтау айтқанмен, бай басын көтермейді. Әбден тарыққан қауым «байды тек домбыра, сыбызғы ғана жұбатуы мүмкін» деген шешімге келіп, осыдан жеті күншілік жердегі Пәленше деген байдың атақты домбырашысын шақыртуға келіседі. Сонымен әлгі байға тарту-таралғысын беріп, қос атпен домбырашысын алдыртады. Домбырашы мән-жайды тәптіштеп сұрап, баланың құс атқан жеріне барып, ондағы қан сасыған құрдың жемтігі мен ойраны шыққан құройнағын көріп, бір-екі күн ойланып-толғанып алған күйші таң намазын өтеген соң, байдың төсегінің алдына келіп отырып, домбырасын шерте бастайды. Күйшінің мың құбылтып шерткен күй сазынан жүрекке жылы тиетін майда қоңыр үн, әсерлі дыбысына бойы балқыған бай өмірдің өтпелі екендігін, оның қуанышы мен жұбанышына төзе білу керектігін түсінгендей болады. Бүркеулі көрпесін басынан сыпырылып, аз-кем жатқан соң бай домбыра мойнына қолын салып: – Ей раббым, бұл қателігімді кеше гөр. Кешірер ме екенсің мендей бейбағыңды, – деп еңкілдеп жылай бастайды. Сілесі қатқан күйші тысқа шыққанда жиналған жұрт «Сен не шерттің, ол не ұқты?» дейді. Сонда домбырашы: – Мен «Құройнақ» деген күй шерттім. Құрдың ойын алаңын «құр ойнағы» дейді. Ондағы құрдың бәрі өлген соң, ол алаң шаңдағы шыққан құр ойнақ болып қалды. Байдың жалғыз ұлы өлген соң бекерде бөгде бір адам бас сұға алмайтын бай ордасы көптің аяғымен құройнақ болды. Бай әрбір іс Алланың жазмышымен болатынын, оған пенденің қарсылығы жүрмейтінін білді, – деген екен. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 54 | |
Всего комментариев: 0 | |