ШЕРЛІ Бірде Әлшекей күйші Қызылқұмды жайлаған түйелі ауылдың біріне қонақ болады. Қонақ болған үйінің отағасы пайғамбар жасына келгенше перзент көрмей, содан жас үйленген тоқалынан бір ұл көрген екен. Сол перзентінің былдырлап тілі шығып қалған тәтті кезі болса керек. Түс әлеті еді дейді. Отағасы ауыл іргесінде бас алып тұрған тарыдан түйелерді жасқап, қайырып жүрсе керек. Әкесінің дауысын естіген бала солай қарай жүгіріп кетеді. Мұны үйдегілер байқамай қалады. Бір мезгілде баланың шар ете қалған дауысы естіледі. Сөйтсе, жанынан өтіп бара жатқан баланы келе бура тарпып жіберіпті. Бала сол жерде тіл тартпай жүріп кетеді. Жалғыз баланың бетіне қарап отырған бәйбіше мен тоқал есі шығып кетеді. Ауыл үйдің еңсе көтерер адамдары мына сұмдықты отағасына қалай естіртеміз деп аңырады. Сонда Әлшекей қоңыр домбырасын алып, өрісте мал қайырып жүрген отағасының алдынан шығады. Жай шықпайды, жүрек тербер тың сарынды сұңқылдата тартқан қалпы жақындай береді. Отағасы ат үстінде тізгін тарта тұрып, күйді біразырақ ұйып тыңдайды. Бір мезгілде: «Апыр-ай, мына күйің өзегімді өртеп барады, жалғыз ұлым жазым болмаса қайтсін!» деп, атынан түскен қалпы шаңдаққа отыра кеткен екен. Әлшекейдің бұл күйі ел ішінде «Шерлі» деген атпен тарайды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 50 | |
Всего комментариев: 0 | |