Күй аңызы

АЯЛДАМА

Ол (Мұқаш Таңғыт) өзімен бірге саусағына біткен, жүрегіне сіңген, маңдайына басқан тұтас бір дәуірді ала кеткендей болды. Алтайдан Арқаға созылған тұтас бір күй – ғұмыр. Ілуде біреудің алтын басына қонатын Шығыстың шырын күйлері, шыңырау күйлері, тәкаппар күй сілемі. Бекзада күй бітімі. Мұқаштай аруақты ұлдың саусағынан ғана сорғалайтын бөкен желісті, бұлбұл дауысты, бітімі бөлек алапат ырғақтар. Ол Алматыға тұтас Тарбағатайын арқалап келді. Қазақ күй өнеріне, күйтану ғылымына өзіндік өрнегімен, өзіне тән далалық мектебімен келіп қосылып, қазақ саз өнерін Алатау асырды. Асқақтатты. Күйкі тіршілікпен жағаласа жүріп тынымсыз еңбек етті. Мұңлы, сазды, тәтті, текті, алапаты асқан Мұқаштың күйі дейтіндей бір шоғыр авторлық күйлер қалдырды. Ол Қайрақбай мен Мағауияның күй рухын, әз болмысын қос ішекте тоғыстырды, ақ шанақта толқытты. Енді өзі де солармен бірге биіктеп, солармен бірге қанаттанып, солар медет еткен мекенге аттанып кетті...

Өмірінің соңғы айларында сирек те болса хабарласып тұрдық. Ватсап желісі арқылы күңкілдесіп, күй төңірегінде қауқылдасатынбыз. Бірде өзінің орындауындағы «Аялдама» деген күйін жіберді. «Ұмтылжан, айналайын, мынау менің «Аялдама» деген күйім. Ауырып жатқандағы шығарған күйлерімнің бірі. Өмір өзі аялдама сияқты екен ғой. Мен әлгі көшедегі остановканы айтып тұрғам жоқ. Қасым Аманжоловтың айтатын сөзі бар еді ғой. «Адамзат сапарының мейманымыз, бір мезгіл жер бетіне кетер соғып» дейтін. Адам үшін өмірге келіп кету де, аялдамада аз тұрып, кезегің келіп жүріп кеткендей ғана дүние екен. Өкініші де, қуанышы да бар. Бірақ, бәрі қас-қағым сәт екен. Соны біліп жатырмын. Сол үшін «Аялдама» деп қойдым».

Айта берсең әңгіменің ауаны алыс, көкжиегі кең. Ағаның қатты ауырып жүргенін білсек те, тұрып кетер деген үмітіміз басым еді. Енді өзінің ғұмырлық аялдамасында асқақ күйлері тұр бебеулеп...

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (17/10/2023)
Просмотров: 46 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: