Күй аңызы

КӨРОҒЛЫ

Өскінбай мен Дәулеткерейден қалған үш күйдің бір тарауы дейді ел аңызы былай айтылады:

...Бірде Дәулеткерей күйші Маңғыстау жеріне келіпті.. Алдын ала ат шаптырып, Бақашыдағы ауылға хабар жіберген. Жолаушылар келгенде ауыл гулеп жатыр еді. Қаздай тізілген ақ боз үйлер, ортасындағы бір күмбезге Дәулеткерейді кіргізді. Ас береді.

Тамақтан кейін Дәулеткерей дауыс көтерді.

- Оу, Адай ағайындар, сый-құрметтеріңе разымын, көп рахмет! Астарыңа тойдық. Ал өнерлеріңнің дәмін қашан татамыз? – деп езу тартты.

- Бәрі дайын, Дәке, тек Сіздің ықыласыңызды күтіп отыр едік. Өскінбай! Қайдасың? – деп дауыстап жіберді үйдің қожайын асабасы. Есіктен өрімдей жас жігіт кіріп келді.

- Ассалаумағалайкум, төре аға! Үлкендерден ишарат болмайынша, Сіздің үстіңізге кіруге тайсалып тұр едім. Қош келдіңіз! – деді.

- Ой, өркенің өссін, қарағым! Бұл кім? – деп сұрады Дәулеткерей. Бұл Өскінбай  еді. Содан өнерпаз енді күй мен әнді төксін. Күй дегенде, сонау ықылым заманнан келген тарихи, аңыз күйлерден бастады: «Қазақ-Ноғайдың айырылысуы», «Нар идірген», «Ақсақ құлан – Жошыхан» топтамалары. Содан кейін адайдың жыр-термелерінен үзінді және өзінің «Жирен жорға» деген әнін шырқады. Оның тартқан күйлері адай әдісіне тән бұралаң ілме қағыспен, басқа жақта көп кездеспейтін өзгеше қимылдармен түрленіп тұрды. Қолдары домбыра сабында және шанағында ойнақтап, айырықша әсер берді. Дәулеткерей қатты разы болды.

- Япыр-ай, болып тұрған бала екен. Әлі де өнері өркенді өседі ғой, алқада ардақты болатынына сөз жоқ, тек дені сау болсын! – деді. Бұл ұлы күйшінің өзінің көңіліне керемет ұнаған ізбасар жүйрікке берген батасы еді. Барлығы «Әумин!» деп қабыл алды.

- Дәулеткерей мырза, біздің елге келіп, осынша ықыласпен төріміздің сәні болып отырғаныңыз үшін Сізге рахметіміз мол! – деді дастарқан жүргізуші, - енді қонақ кәде ретінде сіздің өнеріңізді көруге құмармыз. Мына біздің Өскінбайжанға сабақ, үлгі болсын! Дәулеткерей бір көмекшісіне иек қақты. Ол әлгінде үйге кіргізілген бір ұзынша қорапты ашып еді, ішіндегісі жұқа ақ киіз бен мақпалға оралған домбыра екен. Жұрт таңданысып қалды.

Біреу сыбырлап: «Япыр-ай, төренің домбырасы да төре болады екен-¬ау!» – деп еді, оны естіп қалған

Дәулеткерей күліп:

- Жоқ, тек төренікі емес, бүкіл қазақтың домбырасы – төре! Бұл құдіретті, қасиетті дүние, сондықтан оны қастерлеп ұстау керек. Қалай болса солай қарауға болмайды. Біреулер домбыраны есін білмейтін баланың қолына беріп қояды. Бала қанша тәтті болғанымен, домбыра ойыншық емес, адам жанына ол да тәтті, соны түсіну керек, – деді ол.

Содан домбыраны әлгі қораптан құндақтан шешіп алған баладай емірене құшағына алды да, сипап, ішектерін қағып жіберді...

 Егде тартқан ұлы домбырашы мен балбұл жанған Өскінбайдай жас күйшінің өнерлеріне ауыл халқы рақаттана мәз болды. Біраз тыныстағаннан кейін Дәулеткерей жас өренге сауал қойды.

- Өскенбайжан, сіздер түрікпен деген елмен көршісіңдер. Олар да өнерлі халық деп айтады. Сол түрікпеннен не білесің? – деді.

- Білеміз аға! Олармен көршілес, кейде өнер таластыратын да жайымыз бар. Біраз саздарын үйренгенмін. Соның бірін тартып берейін. «Көроғлы» деп аталады, – деді Өскінбай.

- Иә естуім бар, «Көроғлы» деген тек түрікпен емес, жалпы шығысқа ортақ дүние ғой. Ал, тартшы. Өскінбай күйді жүйіткіте дөңгелентіп тартып берді.

- Ойпыр-ай, күннен кейін күн туатыны рас. Күйден кейін күй де туады¬ау! Өскінбайдың «Көроғлысын» тыңдағаннан кейін менің көкірегіме бір саз келді. Тыңдашы! – деп домбырасын төкпектете жөнелді. Міне қадірлі оқырман, Дәулеткерей шығармашылығының бір сәні – «Көроғлы» күйі осылайша дүниеге келген еді.   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (26/09/2023)
Просмотров: 46 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: