Күй аңызы

ШӘРИПА

Сейтек күйші ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шенінде өз өнерін нағашысы Дәулетиярға көрсетпек болып жаяу бара жатқан сапарында, ойда-жоқта, аты аңызға айналған Құрманғазымен кездесу сәті түскен. Дауыл­паз күйшінің күйлері мен домбыра тарту мәнеріне тәнті болған Сейтек өмірі ұмытылмастай әсер алады. Құрманғазының құйқылжыған күйлері мен өнегелі сөздері елік­тіреді, оны қанаттандырады. Сейтек Құр­манғазы қолынан оның «Қайран ше­шем», «Қызыл қайың», «Кішкентай», «Сарыарқа», «Байжұма» күйлерін үйренеді. Естігенін сол орында қағып алатын Сейтектің қабілетіне риза болған Құрманғазы маңдайынан сипап, қоштасарда ақ батасын береді.

Ал нағашысы Дәулетияр жиенінің келгеніне қуанып, туысқан-көршілерін шақырып қонақ етеді. Олар күй шалдырып, жиеннің қолына қарайды. Күйді тыңдай да қадірлей білетіндердің байқауынша, баланың бағыты жақсы. Қолы шалымды, асықпайды, шалықпайды да, Құрманғазының дауылды, екпінді күйлеріне онша көп құлқы жоқ. Дәулеткерейдің сезімге толы, толықсыған лирикаларына да көп бара қоймайды. Сол төкпе күйдің табиғатынан ауытқымай, оған өз өрнегін енгізуге тырысқан көңіл күй әуендері баршылық және әр шығарманы орындағанда белгілі бір ойды түйіп-түйіп тастағанды ұнатады.

«Туған үйіңе тұлымшағың желпілдеп жаяу қайтпай, ақ тайлақ мініп қайт!» - деп жие­нін риза етіп, шығарып салады. Бірақ қай­тар жолда көңілі тасып, қуанышы асып әнде­тіп келе жатқан жас баланы жер астынан шыққандай, қарсы алдынан төрт аттылы шығып, құм-шағыл арасында тоқтатады. Ор­таға алады. Сұрақтары: «Өлеңіңді айтып, кө­ңілің тасып, қайдан келе жатқан баласың, ба­ғытың қайда, артыңда кімің бар?» - болады.

Сейтек ойында еш бөтен сыры жоқ, бар шынын айтып салады. Осы төңіректегі Оразалы марқұмның екінші ұлы, нағашысына қыдырып барып, қайтып келеді. Астындағы сыйлығы - нағашы мінгізген сыйы дегендей. Сол кезде төртеудің бірі Сарыбай деген әлдінің баласы:

- Сенің әкең кезінде бізден бір қысқа мінуге деп атымызды алып, арам өлтірген. Артынша сенің әкең де өліп, мал да жоқ, ізін таппай қалдық. Мынау соның өтеуі болады, - деп жас баланы тайлағынан аударып, қыл қамшының астына алады. Ал жазығы жоқ жас бала мұңын айтып жалбарынады. Бірақ құлақ асар бірі жоқ.

Ақыры, дойыр өткен денесін әрең алып, ауылына жаяу қайтады. Соңынан жылдар өтіп, Сейтек ержетіп, Хан базарында жылына екі рет өтетін жәрмеңкелерден қалмай өнерін көрсетеді. Сол кезде аты шыққан Құрманғазы, Дәулеткерей, Әлікей, Манар, Салауаткерей, Дина, Тұрып сынды талай күйшілермен кездесіп, бағын сынайды, бағасын алады. Кейіннен өзі де күй шығара бастайды.

Бірақ Сейтектің сүйегіне батқан со бір таңба енді өшігін ұлғайтады. Хан базары­нан қайтып келе жатқан Сейтек Сарыбайдың ар­қа сүйер әкімі Арыслангерейдің жылқысы­ның үстінен шығады. Баяғы тайлақтың құны енді кем дегенде екі биенің құнынан асып түспесе кем емес деп, үйірден қос биені қуып кетеді. Үйіне кеп: «мынау - менің жәрмеңке­ден әкел­ген базарлығым» деп көрші-қолаң­ға бөліп береді. Бірақ бұның арты Сейтек істі болып, Орда түрмесіне түседі. Бұл кезде ол Арыстанбекпен болған қақтығысқа арнап «Арпалыс» күйін шығарған еді. Түрмеде жан серігі домбыраны ермек етеді. Қасындағы көзі ашық, көкірегі ояу адамдар қолұшын, береді. Солардың бірі - түрме қызметкері Шәрипа атты әйел. Соңынан «Шәрипа» күйін шығарады. 

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (26/09/2023)
Просмотров: 51 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: