ЖАҢЫЛТПАШ Қазақ елі Түркімен ағайындармен жапсар жатқандықтан дос көңілді аралас – құраластығы үзілмеген. Өскінбайдың да Түркіменнің ішінде Сапармәмбет, Өдеулес, Пүрлі, Ақыжан деген дутаршы достары, Сейітмұрат, Қошмұрат деген біліш тамырлары болған. Бірде Өскінбай жолдастарымен аңға шығып, екі киік атып алады. Киік атып алған жері Сейітмұратпен Қошмұраттың ауылы Ұлықұдық – Сауқұдық маңынан алыс болмағандықтан достарымды бір қуантайын деп ауылға келеді. Келсе үй сыртындағы кермеде бірнеше ат байлаулы тұрады. Үй ішінен «кәне бәрекелді», «пай шіркін» деген дауыстар шығады. Адам келгенін біліп Қошмұрт сыртқа жүгіріп шықса, екі киікті аттан түсіріп жатқан досы Өскінбайды көріп, мәз болады. Өскінбай: - Неге дуылдасып жатырсыңдар, - деп сұрайды. Сонда Қошмұрат: - Ой, несін сұрайсың, бәріміз жиылып, Құлбай бақшының өнерін тамашалап отырмыз, - дейді. Айтқандай үйге кірсе, Сапармәмбет бастаған жақсы – жайсаңдар төрге жайғасқан. Орталарында Құлбай бақшы дутарының мойнын құлаштай қуалап, күй тартып отыр екен. Сол кезде Сапармәмбет тұрып: -Иә, сен екенсіңғой Өскінбай, кел төрлет, сенің де бірдеңе тыңқылдататының бар еді ғой. Мына Құлбай бақшыдан өнеге үйренетін болдың, - дейді. Жездесінің айтқан сөзі Өскінбайдың намысын буа түсседе сабыр сақтап, төрге жайғасқан соң: -Біздің қазақ жақсы күй жан азығы, жақсыны көрмек үшін дейді. Құлбай бақшының атын бұрын естуші едім, енді міне көз көргенге қуаныштымын, - дейді. Сонда Сапармәмбет: -Әй, Өскінбай сен өйтіп сынықсыма, бұл жерде саған бұйыратындай қыз жоқ. Оданда Құлбайдың мысы басып, жауыр аттай моймаңдап отырмын десеңші, - дейді. Өскінбай: -Қоймадың ғой жездеке. Қазақпен Түркіменге бірде жығып, бірде жығылып, бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүрген қашаннан жарасадығой. Азар болса Құлбай бүкіл Хиуаны аузына қаратқан шығар, ал кіші жүздің үш тақтасын аузына қаратқан алты Науайының бірі мен болам. Түркімен ағайын елғой, күйді Құлбай бақшы бастасын, - дегенде, Құлбай дутарын құйқылжыта жөнелген екен. Күй аяқталысымен Құлбай дутарын Өскінбайдың алдына тастай салады. Сол-ақ екен Өскінбай дутарын ала салып, бұрын соңды Қазақ Түркімен естімеген бір күйді тарта жөнеледі. Бұл күйдің аса күрделілігі сонша, Құлбай тартысын осы жерден доғарған екен деседі. Кейіннен бұл күй ел арасында «Жаңылтпаш» аталып кеткен екен.. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 49 | |
Всего комментариев: 0 | |