Күй аңызы

АҚҚУ

...Баяғы өткен заманда бір жарлы кемпір өмір сүріпті. Оның бар байлығы - жетім сәбилер - немере ұлы мен немере қызы болыпты. Оның ойлағаны соларды бағып өсіру болған. Кемпір көрші ауылдың байының сиырын сауып, кірін жуып, тамағын пісіріп болмашы ғана еңбек ақысын алып отырған. Немерелері де байдың жұмысын істейді: бала қозы бағады, қыз шай қайнатып, анау-мынаусын істейді. Осылайша олар үйтіп-бүйтіп өмір көре береді, тағдырға тағар кінәсі де болмайды.

Бір күні ойламаған, күтпеген жерден оларға пәле тап болады. Бай аулына жау шауып, ел бір түн ішінде сапырылысып басқа жаққа көшіп кетеді, аласапыран кезінде жұртта абайсызда бала-шағасы мен кемпір қалып қояды. Оның үстіне көзге түртсе көргісіз дауылды, ала құйын соғады. Таң ата дауыл басылады, жұртта қалған сорлы бейшаралар аң-таң қалады. Олардың ішейін десе асы, баспанасы тағы жоқ. Жұртта жетім болып қалған сорлылар егіліп тек жылай береді. Баланың әкесінен қалған аң ататын мылтығынан және оның екі сұрағынан (ашасынан) басқа олардың дымы болмайтын. Ақыры, алдында балаларын ертіп кемпір, басы ауған жаққа жүре береді. Күні бойы жүріп-жүріп, күн батуға таянғанда әбден діңкелері құрып шаршаған олар, бір-біріне жантая жатып, үлкен көлдің жағасында ұйықтап кетеді.

Таң сәріде ұйқылы-ояу жатқан бала бір әдемі дауыс естиді. Ояна келсе, төбесінде айнала ұшып, қонғалы жүрген аққуларды көреді. Бала әлден кейін аққулардың көлге қонғанын сезеді. Бала қуанғаннан әндетеді. Бар деген үйінің қымбат мүлкі - мылтығын алып бала көздеп атып жібереді, бірақ кербез құсқа оның оғы тимей кетеді. Аққулар ұшып кетеді, жолы болмай қамыққан бала көл жағасында қала береді. «Үшеуіміз де енді аштан өлеміз ғой» деп ойлайды ол. Біраз уақыттан кейін осы арадан қашық емес тау мен орман арасындағы көлде аққулар паналайды деген аңшылардың сөзі баланың есіне түседі. Әжесіне осыны айтып, оны қарындасына қалдырып, қолына мылтығын алып, аққулар ұшып кеткен жаққа қарай жүріп кетеді. Жүгіріп келе жатып бала әндетеді:

Барар жерің Балқан тау,

О да біздің көрген тау!

Әбден шалдыққан бала қараңғы түсе, Балқан тауының басына шығып, тұңғиықта жалтыраған көлді көреді. Қалың шөпті қақ жарып жоғары қарай тырмысып, бала көлдің жағасына келіп, тәтті ұйқыға сүңгіп кетеді. Ертеңгісін бала тағы да көл үстінде айналып ұшып жүрген аққуларды көреді. Міне, аққу суға қонды. Ешбір қауіпсіз тұмсығын қанатының астына тығып аққудың ұйықтап кеткенін бала бақылайды. Бала аққуды атып тигізеді.

Осы кезде баланы күте-күте зарығып, оның әжесі мен қарындасы жылайды. Бұл кезде атып алған аққуын арқалап, бала да өзінің әжесі мен қарындасына келеді. Оны көріп қуанғандығынан көңілді ән шырқайды. Олар аққудың етін жеп, тәтті ұйқыға шомып кетеді. Ертеңгісін үшеуі көңілденіп, тынығып алғаннан кейін жолға шығады. Кешке қарай олар қатерлі, қауіпті түнде бұларды далаға тастап, көшіп кеткен ауылға келіп қосылып, бұрынғысындай өмір сүре береді. Бала тек мерген болмаған, әкесінен қонған дарынды, жақсы күйші де болған көрінеді дейді. Еліне келіп «Аққу» атты күйін ол қобызда тартып береді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (20/02/2023)
Просмотров: 79 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: