КЕҢЕС Ертеде хан ордасында ел басшылары жиналыс өткізіпті. Батыры бар, биі бар, ел ақсақалдары бар. Жиын мақсаты – шекараға келген жау мәселесі. Әуелгі сөзді хан өзі бастайды: - Жақсыларым, аман есенсіздер ме? Төрт көзіміз түгел болып жиналып қалыппыз. Жиналғанымыздың себебін білесіздер. Жау болса ел іргесіне келіп қалды. Не істейік? Елге билік еткен әке-аталарымның жиі айтатын сөзі бар еді. «Жұмыла көтерген жүк ауыр болмас». Ақылдасып, бір шешімге келейік. Келесі сөзді Орданың Бас биі алды: - Уа, жамағат. Бізде үш-ақ жол бар. Қайсысын таңдасақ та халқымызға ауыр тиері анық. Әуелгі жол – жаумен бітімге келу. Ол дегеніміз жіпсіз құлдық болмақ. Жыл сайын төлер салығымыз болады. Өз еркіміз өзімізден кетеді. Екінші жол – жерімізді тастап, басқа мекенге көшу. Жалғыз хан ордасы емес, мына сіздер де жайлау мен қыстауларыңызды тастап кетулеріңіз керек. Солай жасасақ, жағдай қалай болары белгісіз. Ақырғы жолымыз – шайқасу. Еліміз үшін, жеріміз үшін, ұрпағымыз үшін жауға қарсы тұру. Жау осал емес, бірақ біз де, біздің батырлар да епті, шебер, жау жүрек. - Ал, ендеше айта отырыңыздар ойларыңызды, - деді Хан. Мәжілісте түрлі пікірлер айтылды.Талқыланған ұсақ-түйек қалмады. Дегенмен батырларды уәжіне бәрі де келісті. - Хан ием, игі жақсылар, қазір бітімде келсек, ертең тағы келіп тұрмасына кім кепіл? Елімізді тастап қашсақ, артымыздан ерген балаларымызға бетіне қарай қарамақпыз? Бір ғана жол бар. Ол – соғысу. Қылышымыз қайраулы, садағымыз сайлаулы. Біз дайынбыз! – деп Бас батыр ағынан жарылды. Нөкерлері де қолдап кетті. - Аман болыңдар батырларым. Сендерден осыдан басқасын күтпеп едім. Дайындалыңдар! Ертең аттанамыз! – деп бұйырып, жанында отырған күйшіге қарады. - Өнерпазым, қолынан бал тамған күйші екеніңді білеміз. Жағдайды көрдің. Ертең тағдырымыз шешілмек. Бүгін бары, ертең жоқ. Шертші бір күй. Ұрпағымыз осы кеңесті ұмытпасын. Сонда күйші домбыраның құлақ күйін келтіре отырып: - Ия, хан ием. Бүгінгі мәжіліс-кеңесіміз, ертеңгі күнімізді айқындап берді. Бағанадан бері көкейіме бір әуен келген еді. Сол күйімді шертіп берейін. Ал күй аты «Кеңес» болсын. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 96 | |
Всего комментариев: 0 | |