ТЕЛҚОҢЫР «Дәулеті шалқыған, елге беделі артқан бір ұлығының төскейді қаптаған қалың жылқысының ішінде мәпелеген қоңыр аты болыпты. Қоңыр ат қамыс құлақ, тік бақай, бөкен қабақ, сіңірлі, алыс адымды, зор денелі аттың сұлуы атанады. Ұлық қоңыр жүйрікті кермеге байлап, сылап-сипап мәпелеп күтетін күтуші қойып, түнде күзеттіріп бақтырады. Ауыл арасы көлікке емес, шалғайдағы ұлы дүрмекке ғана мінеді. Ауыл арасындағы кішігірім той емес, ру-руды қамтыған тойларда бәйгеге қосады. Қаншама сәйгүлікке арнап шығарған халық күйлерінің бірде-бірін қоңыр жүйріктің сұлулығы мен жүйріктігіне пара-пар көрмеген ұлық: «қоңыр аттың жүрісін күйге түсірген домбырашы болса атан жетектетіп, ат мінгізіп, киіт кигіземін», – деп елге жария шашады. Талай күйді тамылжыта шерткен күйшілер ұлықтың жариясына құлақ түріп, шамасы келгенше күй шығарады. Бірақ күйшілердің күндіз-түні сарпалдаңға түсіп, ойланып-толғанып шығарған күйлері ұлық көңілін таппайды. Ел ішіне аңызға айналған бұл оқиғаға құлақ құрышы қанған көрші рудың ұлығы қоңыр жүйрікті ұрлап алмақ ойға келеді де, бір қу жігіттің қасына домбырашыны қосып, сәйгүлікті ұрлап әкелуге аттандырады. Ұзақ жол жүріп шаршаған екеуінің ел шетіне іліне мақсаттары дал болады. «Онда не бар дейсің тәйірі! Аламыз да қайтамыз» деген ойлары құр үміттің бұлаңы болады да шығады. Ұлық ордасының қасындағы кермеге байлаған қоңыр жүйрік күндіз-түні күзетулі. Күндіз күтуші қасынан ұзамайды. Түнде қой күзеткен қыз-келіншектер айнала қоршап алақанда ұстайды. Қу жігіт пен домбырашы әлденеше күн торып, ала алмайтындарына көздері жетеді. Домбырасын жастанып, төмен қарап мұңайып отырған домбырашыға қу жігіт өзінің ойлап тапқан әдісін айтады. – Бөтен елде, бөтен жерде бүйтіп не марқадам табамыз. Ел жатып, қыз-келіншектер қой күзетіп шыққан кезде сен ауылдың ар жағындағы дөңге шығып, домбыраңды шерте бер. Ет-жүректі елжіретіп, сезімді баурап алатын тәтті күйге құмартқан келіншектер сенің қасына баруы мүмкін. Жолымыз болып, келіншектер сені қоршай отырып алса, әдемі күйлермен айналдыр. Осы кезде мен күзетсіз қалған қоңырды жетектеп алып шығайын. Екі жігіт осыған келіседі де, ел ұйқыға кете бере бөлінеді. Қой күзетіп, қысыр әңгімемен таңның атуын күткен қыз-келіншектер күтпеген жерден төгіле шығып, бойды тербеп алған домбыра үніне құлақ түреді. Бірінен соң бірі үзіліс таппай шертілген күй дауысына елегізген қыз-келіншектер жарыса тұрып домбырашының қасына барады. Домбырашы «көршілес ауылдың жігітімін, жоқ қарап шығып ем, жолым болмай, торыққан соң домбырамен сырласып отырмын», – дейді де күйді шерте береді. Қолайлы сәтті пайдаланған қу жігіт еппен келіп кермеде байлаулы тұрған қоңыр жүйрікті жетекке алып межелі жерге тартады. «Ендігі алып үлгерген шығарсың», – деп топшылаған күйші домбырасын қолға алып, қыздармен қош айтысып, жолға түседі. Манадан тәтті күйден таусылмастай нәр алған қыз-келіншектер оралса кермедегі қоңыр жүйрік жоқ. Маужыраған тыныш түнде ұзақ ұйқыда жатқан ұлық та, ауыл адамдары да «қоңыр жүйрік жоқ» деп айнала жүгіріп шулаған қыздардың дауысына оянады. «Қайтіп айрылдыңдар?» деген сұрауына қыздар болған оқиғаны айтып жауап береді. – Домбырашы қандай күй шертті? – дейді ұлық. – Домбырашы мынадай күй шертті, – деп күйді ұғып қалған қыз шерте жөнеледі. Алып қашқан ат жүрісін, аттың сұлу шабысын елестеткен күй тыңдаушыларды баурап алады. Күйді беріле тыңдап, егіліп тұрған ұлық күй аяқталғанда басын көтереді де, зор үнмен: – Қоңыр аттың шабысы мен сұлулығын аумаған қалпында қос ішекте ойнатқан домбырашы бар ма еді бұл елде?! Бар болса баяғыдан қайда жүрген ол. Бұл елдің күйшісі емес. Көршілес руда бәлен деген төренің асқан шебер домбырашысы бар деуші еді. Мынау соның күйі. Атты ұрлатқан сол төре. Талай рет сұратқанда бермеген едім, егескен екен, – депті де отыра кетіпті. Ұлық күйініп аз отырады да, сенімді деген екі жігітін шақырып алып: – Атқа қоныңдар да сол төреге барыңдар. Ат басындай жамбы төреге сәлемдемем. Қол екі тапсырып сәлем беріңдер. Қоңыр жүйрікті сұрамаңдар, берсе алмаңдар, – дейді. Төре екі жігітті құрметті қонақ болдырып, ұлықтың сәлемдемесін қуана алады. Екі жігіт аттанарда төре бұйымтайларын сұраса «ұлығымыз сәлем деді» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Өш араздығы, алым-берімі жоқ, бірақ қоңыр жүйріктің қолды болғанына қынжылмай сәлем жолдаған ұлыққа риза болған төре қоңыр жүйріктің қасына одан аумайтын тағы бір қоңырды қосып береді де: – Ұлықтарыңа сәлем де! Айыбымды кешкен екен, мен де аяғына жығылдым. Егіздей көрінетін екі қоңыр екеумізде тұрмай бір-біріне сән беріп сонда тұрсын! – деп қоңырды жетектетеді. Сөйтіп, бір қоңыр ат екеу болып оралады да ұлықтың ордасының қасындағы кермеге байланады. Бір-бірінен аумайтын қос қоңырдың пішініне, сымбатына, жүйріктігіне құмартқан күйшілер «Телқоңыр» күйін шығарады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 117 | |
Всего комментариев: 0 | |