Күй аңызы

АҚ ЕРКЕ

...Халық ішінде мынадай бір аңыз бар екен: ертеде атақты бір домбырашы жігіт жолдастарымен жолаушылап келе жатып, сусындап алу үшін жол-жөнекей бір үйге түседі. Бұлардың алдынан бір қабаған ит шығып үйге кіргізбейді. Сонда үйден бір бойжеткен қыз шығады. Жігіт қасындағы жолдасына: «Мынау неткен көргенсіз еді, келген қонақтың атын байламақ түгіл, итті де қорымады-ау!» дейді. Жігіттер үйге кірсе, қыз оларға көз салмай, төсек үстінде кесте тігіп отырады. Домбырашы жігіт төсектің бас жағында тұрған күмістеулі домбыраны алып, шертпекші бола бергенде қыз:

-Домбыраны бері әкеліңіз, бұзып қоясыз, - дейді. Жігіт ашумен домбыраны қызға лақтырады. Қыз домбыраның құлақ күйін бұзып тастап:

-Шерткіш болсаңыз, енді шертіңіз, - деп жігітке қайта береді. Жігіт құлақ күйі бұзылған домбырамен ұзақ бір күй шерте бастайды. Жігіт күйі қыздың көңіл-күйін тебірентіп жібереді. Қыз кергішті сүйеп қойып, жігітке қарай жылжи түседі. Жігіт: -Ауылымызға айта барайық, сізде бір күй шертіп беріңіз, - деп домбыраны қызға береді. Қыз да бір күй шертіп, домбыраны жігітке қайта ұсынады. Жігіт тағы ағытылып бір күй шерте жөнеледі. Жігіттің өнеріне риза болған қыз қымыз құюға ыңғайлана бергенде, қолында саумал құйған көнегі бар шешесі үйге кіріп:

-Бұларың кім, иен үйде дүрілдеген? - деп ашуланады. Қыз:

-Апа, жолаушы екен, сусын ішкелі келіпті, - деп ана ашуына басу айтып, қымыз құя бастайды. Қыз домбырашы жігітке бір кесе қымыз ұсынып: «Күйіңіздің аты не?» - деп сұрайды. Сонда жігіт: Бұл - «Ақ ерке» деген күй, ал мынау «Ақ толқын», мынау «Жай толқын», - деп оған қоса тағы екі күй шерткен екен. Әшім осы әңгімені естігеннен кейін, бұл күйдің дерегін көп іздеп таба алмайды, ақыры сол әңгіме желісі бойынша өз алдына қызға арнап, «Ақ ерке», «Ақ толқын» деген екі күй, кешігіп ойланатын шешесіне арнап, «Жай толқын» деп бір күй шертеді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (03/05/2022)
Просмотров: 130 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: