Күй аңызы

АМАНГЕЛДІ БАТЫР

Сүгірдің сол зұлмат кезеңдерде шыққан көп күйлерінің аты қалды, заты қалмады. Азамат соғысы аталып кеткен 1916-1918 жылдары бұқара ел ішінде саяси ахуал нашарлады, әуелі ақпатша үкімімен әскерге адам алу науқаны басталды, соның соңы қазақ халқының азаттық күресіне ұласты. Жер-жерде көтерілістер орын алды. Сол уақыттарда халқына жұбаныш ретінде шерткен Сүгір күйлерінің тараулары көп болған. Кейін белгілі себептерге байланысты аттары өзгертіле шертілді, мысалы сол заманда туған «Амангелді батыр» деген күйінің тағдыры кеңестік саясаттың ықпалымен өзгеріп, басқаша атпен шертіліп кеткені рас, себебі Амангелді Иманов большевик болмастан бұрын азаттық үшін алысқан, жеріне ендеп кіріп келе жатқан арысы - ақпатша, берісі - қызыл өкіметке қарсы күрескен тұлға болатын, сондықтан кейінгі кеңес саясаты жаңа тарихта Амангелді батырдың ұлтшылдығын жасырып, большевиктігін асырып келді.

Сүгір Амангелді Имановтың замандасы әрі тілеуқоры болған адам. Торғай көтерілісі мен Созақ көтерілісінің кезеңдері бөлек болса да саяси науқаны бір, әуелі Амангелді батырдың көтерілісі қыр халқын дүр сілкіндірді, Торғайдан кейін іргелес Ырғыз, Арқа, Жетісу, Қаратаудың күнгейі мен теріскейі бірінен соң бірі бас көтерді. Осы мезетте Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ далада көптеген ірі көтерілістер болды. Өкінішке орай «Сүгір мен Амангелді кездесіпті, батырлығына арнап күй арнапты» дегендейін жазбаша не ауызша дерек қалмаған, бірақ Торғай даласы, Терісаққан өзені, Ұлытау мен Кішітау Сүгірдің көші-қонмен, күйшілік, серілік-салтанатпен талай аралаған жерлері екенін ескеруіміз керек. Сондықтан Сүгірдің Амангелді батырмен қарулас болмаса да үзеңгілес болуы әбден мүмкін, оған арнайы күй арнауының да қисыны жоқ емес.

Осы күй туралы кейбір зерттеулерде Амангелді батырға арналғанына күмәнмен қараушылық да бар екенін жасыруға болмас, оның себептері мынадай. Сүгір бұл күйді 1930 жылдардағы Созақ көтерілісінің басшысы Сұлтанбекке арнады деген ескек пікір Қаратау елінде басымырақ айтылады, ал Сарыарқадағы ауызша деректер Сүгірдің Алаш әскерін күйге қосқанын айтады, осы туындыдан соған ылайық күй-ұранның ырғағы шыға алатыны тағы рас. Алайда дереккөздерді саралай-салыстыра келгенде туындының Амангелді Имановқа шығарылғаны айдан айқын көріне береді. Себебі 1916 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында Шоңның Оспаны бастаған атышулы «Қарағаш көтерілісі» болды. Бұл жер Сүгірдің де отаны екенін ескере отырайық. Оның соңын ала «Ұлытау көтерілісі» бұрқ ете қалды. Ұлытауда 7000 адам қолына қару алып ақпатшаның «июнь жарлығына» қарсы шықты. Осы бас көтерудің соңы Атбасарға, одан Ұлытауға, соңы Қаратауға дейін ұласты. Сібірден келген атқыштар полкымен арада сұрапыл соғыс болғаны тарихтан белгілі.

Осы жылдары Сүгірдің өмірі Сарыарқада өткен. Атасу, Жетіқоңыр, Ұлытау, Кішітау жерлеріндегі патша армиясымен арыстанша алысқан талай ерлерді көрген, араласқан. Ендеше Ұлытаумен, Терісаққанмен іргелес қонған Торғайдағы көтерілістен Сүгірдің бейхабар болуы қисынға келмейді, яғни, ол Амангелдінің атына қанық болған, мүмкін көрген де болар. Амангелді Имановты сол сұрапыл жылдардан кейін Алаш елі түгел таныды. Сүгірдің ұлт батырына күй арнауының бір себебінің ұшығы осы. Сүгірдің шәкірті әрі мұрагері - Ергентай Борсабаев бұл күйді «Амангелді батыр» деп атап тартты және күйтабаққа жаздырды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (11/04/2022)
Просмотров: 125 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: