МҰҢДЫ ҚЫЗ Жиырмасыншы, отызыншы жылдардың нәубеті Аққыздың өскен ортасына, енген әулетіне айрықша тауқымет тарттырады. Кеше ғана руына пана, ұясына тірек болған әкесі Ахмет кәмпескенің қыл тұзағына ілігеді. Өлке толы елдің, өріс толы малдың тоз-тозы шығып талауға түседі. Елінің өз қуанышындай еркін де ерке өскен Аққыздың өткен өмірі көрген түстей болып, аз уақыт ішінде бай-құлақтың тұқымы ретінде алапестей аласталады. Көзбен мүсіркеп, көңілмен аялаған ағайын-туғаны, тай-құлындай тебісіп өскен дос-жараны шыбын жандарын сауғалап, Аққызды алыстан айналып өтетін болады. Кеше ғана әзілі жарасып, сый-құрметі келіскен, күйшілік өнерден қызық, қуаныш тапқан Рысбектің Әбдиі, Айдостың Сембегі сияқты жалын жүрек өнерпаздарды тек қана күй тартақаны үшін атып кетеді. Ауыл-елді қаршадай кезінде-ақ буынсыз күйшілігімен тәнті еткен Әбікен Хасенов қос бірдей ұстаз ағалардың тек қана күй тартқаны үшін атылғанын көрген соң, беті ауған жаққа қашып кетуге мәжбүр болады. Осыдан кейін домбыраны жастанып ұйықтайтын Аққыз домбыра көрсе жанын қояр жер таппай, үрейге берілетін болады. Бірақ, көңілдегі мұңның, көкіректегі шердің жалғыз ғана дәруіндей болған домбыра сұңқылдап шақырғандай, сыбырлап жұбатқандай бөлек бiр сарын жанын жаңғыртып, мазасын алады. Аққыздың әбден төзімі таусылып, жүйкесі жұқарады. Домбырамен жылап көрісіп, жалғыз ғана жан сырласына мұңын шаққысы келеді, сырын ақтарып, көкірегін кернеген шерін ортайтуға ынтығады.Бір күні Аққыз өзінше айла тауып, тезек теру үшін ала қапты иығына салып, бел асады. Жай аспайды, ала қаптың ішіне қалақтай қоңыр домбырасын салып ала кетеді. Содан, ауылдан ұзап шығып, иесіз даланың елеусіздеу бір сайына жеткенде қоңыр домбырасын қолына алып, мұңдасымен аңсап көріскендей күй кешеді. Жанының жаңғырығындай, жүрегінің шеріндей мұңды сарын он саусағын алып қашып, ағыл–тегіл мұңды сыр төгіледі. “Көңіл кірі айтса кетеді” дегендей тартқан сайын тынысы кеңіп, шерткен сайын шері ортаяды. Көрген қорлығы мен шеккен азабын домбыра шанағы айнытпай айтып, аялап жұбатқандай болады. Әлден уақытта ғана Аққыз өзінің жан бұлқынысын жаңа сарынмен, тың толғаммен сыртқа шығарып отырғанын сезеді. Сезеді де, жаңа сарынның бас–аяғын қоғамдай қайырып, жинақтай көмкеріп, толғай түйіндейді. Жанын жұбатып, жүрегін әлдилеген күйді ұмытып қалмас үшін әлденеше рет қайталап, зердесіне қондырып алады. Кейін «Мұңды қыз» деген атпен талай домбырашыға ден қойдырған осынау күй осылайша дүниеге келген. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 135 | |
Всего комментариев: 0 | |