БАЛАЛЫҚ ШАҚ ҚазКСР халық әртісі Манарбек Ержанов (1901 – 1966) былай деп баяндайды: — Көктемгі егіс кезі. Қолдан суарылу арқылы ғана өсетін Тоқырауынның атақты ақ бидайынан мол өнім алу үшін жан таласқан жұрт. Жоғарыдан құлай ағып Балқаш көліне құятын тасқынды су арнасынан жұрт жабыла арық қазатын. Бір күні, қаз-қатар қазылған көп арықтардың бірінің екі арқан бойындай жері құлап су ақбастай болып мүлдем бітеліп қалыпты, соны аршып, қалпына келтіру үшін тоғанбасы Темірбек дейтін кісінің шақыртуы бойынша көп адам көмекке барып, аз уақыттың ішінде-ақ арықты ойдағыдай жақсы тазарттық та түске жақын ауылға қайттық. Тапсырмасы орындалып, көңілі судай тасыған Темірбек жұмысшыларға тамақ дайындатып, тамаша бір ойын сауық жасатбақшы болды да білетіндерге ән айттырып, күй тарттыра бастады, ең алдымен өзінің домбырашы әйелі Күлсімге кезек берді. — Мына бір күйді Жетісудың атақты домбырашысы Нұралы қожаның шәкірті — Кенже қожадан осы жаққа бір келгенінде үйреніп қалып едім деп, бір күйді бастауын дұрыс бастаса да, аяқтауында аздап мүдіріп қалғандай болды. Осы кезде бізді бастап апарған бригада бастығы орнынан ұшып тұра келіп: — Ендігі кезек біздің жас домбырашы Манарбекке берілсін, деді де, маған домбыра әкеліп ұсынды. Асқан домбырашылық өнерім болмағанмен үлкеннің тілін сыйлайтын әдетпен ауылдас Күсембай қарттан үйренген біраз күйлерді орындап, өз білгенімді ортаға салдым. — Е, бәсе, күйді осылайша тарту керек қой, жақсы білмейтін күйдің қадырын кетіріп, босқа әуре болғанша деп, біздің бригададан барған жігіттер ду ете түсті. Міне, осындай көтерме сөздерге көңілім көтеріліп, желіге күй шертіп отырғанымда жаңағы айтылған Темірбектің темірдей қатты қайың таяғы тас төбеме тақ ете қалғанын бірақ білдім. Бұрыннан да жаралы бастан аққан жылы қан жылжи ағып, лезде-ақ қойын-қонышымды толтырып жіберіпті де, аздан соң басым зеңіп құлап тақалыппын. — Бұл не деген сұмдық. Сорлының тіл алып, домбыра тартқаннан баоқа жазығы бар ма еді. Мұның домбырашылық өнері озықтығына намыстанғанша өз әйелің өзінің әлін білмей әлектенуіне неге тиым салмайсың деп, ауылдас жігіттердің Темірбекке айтқан ашулы сөздері еміс-еміс қана естіледі. Ертеңінде есімді жиып, жан-жағыма қарасам өзіміздің қоңыр лашығымызда жатыр екенмін. Ол кезде мен сияқты жәрдемсіз жалшының жазықсыз жәбірленгені кімнің жанына батсын. Мейманасы асқан мырзасымақ Темірбектің жауыздық қылмысы «Жабулы қазан жабулы» дегендей сол бетімен қозғаусыз қала берді,— деп қынжылады Манарбек — өзінің өткен өмірден көрген осындай қиыншылығын айтқанда. ---------------------------------- Манарбек Ержанов бірыңғай әндік шығармалардың ғана авторы емес, ол бірсыпыра көркем күйлердің де авторы. Соңғы жылдар ішінде шығарған «Орталық», «Өрнек», «Жорға», «Би күйі», «Жетісу», «Жеңген солдат» сықылды күйлерінен басқа да бұрынғы өзінің жас өмірінен алып жазған «Балалық шақ», «Шалқар көл», «Теңіз кұстары», «Аққу» атты күйлерінің әрқайсысының арнау лы тарихы барлығы байқалады. Манарбектің «Аққу» дейтін күйінде өзінің балалық өмірін өткізген Балқаш көліндегі аққудың таң сәріде саңқылдаған тамаша әсем үнін, су сабалай ұшып, жайлап қана қанат жая қонуын домбыраның қос ішегін ілмелей тартып, қатарлана тағылған тіл пернелерін жоғары-төмен термелей басумен-ақ түсіндіре біледі. Ал, «Балалық шақ» күйінде жасындағы өз басынан кешірген көңілсіз, жалшылық өмірдің өкінішті сыры сипатталады. Қорыта айтқанда, Манарбек өзінің композиторлық өнерімен қырық-елудей ән мен күй шығарды. Олардың ішінде «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» сияқты қазақ операларында пайдаланылғаны да бар. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 141 | |
Всего комментариев: 0 | |