БАЛБЫРАУЫН Бірде Құрманғазы жолшыбайлап бір ауылға келіп түседі. Жалғыз өзі жүр. Ертіп алған нөкерлері жоқ. Бөтен келген адамды көрсе де ешкім үйіне шақырмайды. Бір кезде ауыл шетінде тұрған жұпыны үйге көзі түседі. Есік алдында ақсақал отыр екен. Жанына барып: - Ассалаумағалейкүм ақсақал. Мал-жан аман ба? - Уағәлейкімәссәлім. Аманбыз. Қай баласың? - Бұл ауылдан емеспін. Жолшыбай жүрген жанбыз. - Жөн-жөн. Үйге кір, құдайы қонақсың ғой. Құрманғазы үйге кірді. Төрде домбыра ілулі тұр. Сұраса үй иесі азын-аулақ домбыра тартатын өнері бар екен. Рұқсат сұрап, домбыраны қолына ала күйді тарта жөнелді. Бірінен соң бірі өрт лаулаған күйлер кетіп жатыр. Ен далада қашқан Ақсақ киік, түрмеден қашып келе жатып, бір Қызыл қайыңның бауырынан пана тапқан күйлер, бір кезде Қайран шешем, Аман бол шешем, аман бол деп домбыра боздай жөнелді. Бір қараса бағана ғана бос тұрған үйге біршама адам жиналып қалыпты. Кедей ауылдасы қысылмасын деп көрші-қолаң өзімен бірге анау-мынауын әкеліп жатыр. Ақсақал да көңілі көтеріңкі. Осы кезде Құрманғазы жаңа бір күйге басады. Бұрын естілмеген әуен. Көңілді ырғақ. - Ееее шырағым, күйбің тіршіліктің сәнін келтірдің. Рахмет. Өзіңді алғаш көрсек те, бағана тартқан күйлерің құлағымызда бар. Қызылқұрт елінде Құрманғазы күйші бар деп естуші едік. Сол елге барып келген өнерпаздар осы күйлеріңді көп тартып жүр. Енді өзіңді көргенімізге қуаныштымыз. Мына соңғы күйің ерекше екен. Бұрын тыңдамап едік, – деді ауыл үлкені. - Ия, ақсақал, Құрманғазы болсақ болармыз, - деп сөз жалғады күйші. – Ал мына күй расымен де көп тартылмай жүрген еді. Өздеріңізді көріп, қонақжайлықтарыңызға риза болдым. Осы күй сіздерге арнауым болсын. Күй атын өздеріңіз қойыңыздар, - деді Құрманғазы. - Рахмет. Күйің жарқырап, балбырап тұр. Егер қаласаң – «Балбырауын» болсын, - деді ақсақал. Құрманғазы ақырын ғана басын изеп, күйдің сағасын жалғастыра жөнелді. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 149 | |
Всего комментариев: 0 | |